Диас Аяған
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің агротехнология факультеті ірі агрокомпаниялармен серіктестік орнатуды жалғастырып келеді. Жуырда аталмыш оқу орнында ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғауға арналған препараттарды шығаратын “Август-Қазақстан” серіктестігінің мамандары болып, жоғары курс студенттеріне арнап дәріс оқып, зерттеу жұмыстары байқауын өткізді.
Үш күнге созылған шара барысында компания мамандары білім алушыларға 10 сағат дәріс оқып, дәнді, майлы дақылдарды зиянкестерден қорғау жолдарын түсіндірді. “Август-Қазақстан” өкілдері агроөнеркәсіпті дамытуда мұндай байланыстардың берері мол екенін айтады. Іс-шаралардың соңғы күні “Өсімдіктерді қорғаудағы заманауи әдістер” тақырыбында студенттік жұмыстар байқауы өтті. Оның нәтижесінде үздік деп танылған 7 қатысушы бағалы сыйлықтармен марапатталып, Ресейдің Қазан қаласында білімдерін жетілдіруге жолдама алды. Байқау жеңімпазы Шұғайып Қапаров сарапшылар назарына “Солтүстік Қазақстан зиянкестері және олармен күресу шаралары” тақырыбында өз жұмысын ұсынған.
– Мен бұл сайысқа ұзақ дайындалдым. Өз жұмысымды қорғау барысында барлық қойылған сұрақтарға толық жауап бердім. Еңбегім ақталып, жеңімпаз болғаныма қуаныштымын. Бас жүлдемен қатар заманауи ноутбукқа да ие болдым, – дейді студент.
Алда “Август-Қазақстан” өкілдері байланысты нығайтып, білім ордасының бір аудиториясын толық жабдықтап бермек.