Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Тахтаброд ауылында аралас жекпе-жек түрлерімен айналысуға арналған спорт клубы ашылды.
“Тахтаброд” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 300 шаршы метр аумақты алып жатқан нысанның бір бөлігін қалпына келтіруге 17 млн. теңге бағыттап, қысқа мерзімнің ішінде коммуналдық жүйелерін ретке келтірді. Жуынатын және жаттықтырушылар бөлмелерін салып, балалар мен ата-аналарды үлкен қуанышқа бөледі.
Негізгі залда тренажерлар жұмыс істейді. Келушілер алаңсыз жаттығу үшін басқа да қажетті спорттық жабдықтар қойылған.
Серіктестік директорының міндетін атқарушы Аят Айғановтың сөзіне қарағанда, компанияның бас директоры Аян Зейнуллин тұрғындардың саламатты өмір салтын ұстануын әркез басты назарда ұстайды.
Бүгінде спорт клубына шаруашылық қамқорлыққа алған Новоствеловка, Литвиновка, Рухловка ауылдарының да балалары қатынап, күрестің қыр-сырына үйренеді. Олар үшін арнайы автобус бөлінген.
Жас балғындарды Андрей Байер жаттықтырады. Оның бокстан спорт шебері, кикбоксингтен Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы, әлемнің екі мәрте күміс жүлдегері деген атақтары бар.