Өңіріміздің “Жедел жәрдем” қызметкерлері алғаш рет сүйекішілік тамырлық қолжетімділік процедурасын қолданды.
Облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының директоры Юрий Белоногтың айтуынша, аталмыш әдісті облыс фельдшерлеріне Қазақстан-Канада жедел медициналық жәрдемінің халықаралық жаттықтырушылары үйреткен.
– Көбінде емдеудің түпкі нәтижесі тамырлық қолжетімділіктің болуына байланысты болады. Науқастардың бір бөлігінде тамырлық қолжетімділікті қамтамасыз ету анатомиялық ерекшеліктері, ауру немесе жарақат сипатының салдарынан проблемаға айналуы мүмкін. Магистральдық тамырларды катетерлендірудің баламасы сүйекішілік қолжетімділік болып табылады, – деп түсіндірді Юрий Белоног.
Жақында фельдшерлер Рүстем Байманов пен Кристина Виль перифериялық қан айналымы жоқ 72 жастағы науқасқа көмектескен. Дәрігерлер сүйекішілік қолжетімділікті қолдану арқылы гемодинамиканы тұрақтандырып, науқасты ауруханаға жеткізген. Бірнеше күннен кейін бұл әдіс 48 жастағы азаматтың да өмірін сақтап қалуға көмектескенін айта кеткен жөн. Дәрігер Дильмурат Шавдунов пен фельдшер Батырхан Әлжановтан құралған бригада қолтық асты аймағының кең жыртылған жарасында жаппай веноздық қан кетуді тоқтатқан. Науқасқа сүйекішілік қолжетімділіктің көмегімен инфузияны алмастыратын терапияның қажетті көлемі жүргізіліп, гемодинамика көрсеткіштері тұрақтандырылды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.