«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЗСУ ҚҰБЫРЫ БИЫЛ ТАРТЫЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров жеке қабылдау өткізді. Ауыл тұрғындары көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

Осы жолы өңір басшысының жеке қабылдауына ауыл тұрғындары жазылыпты. Айыртау ауданындағы Шалқар елді мекенінің тұрғыны Ермек Жарахметовтің айтуынша, жыл өткен сайын шалғайда жатқан курорттық аймақтың жағдайы түзеліп, күннен-күнге көркейіп келеді. Десе де онда тұратын ағайын таза ауызсуға зәру.

– Тіршілік нәрін ауыл тұрғындары көрші елді мекеннен тасуға мәжбүр. Мұнара тұрғызып, су тарату құбырларын орнату бойынша жобалық-сметалық құжат та дайын. Алайда әлі күнге дейін бұл жоба жүзеге асырылмай отыр, – деді Ермек Жарахметов.

Мәселені мұқият тыңдаған өңір басшысы бұл сұрақ биыл “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында шешілетінін айтты.

– Биыл ауылға су тарту мәселесі “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында шешіледі. Бұл мақсатқа 598,7 млн. теңге бөлінді. Қазіргі уақытта тиісті конкурс өткізуге құжаттар тапсырылды. Мердігер анықталған соң келісімшарт жасалады, уақытты созбау керек. Қар ерісімен су тарату желісінің құрылысы басталады, – деді облыс әкімі Айдарбек Сапаров.

Қызылжар ауданындағы Рассвет ауылының тұрғыны Виктория Гвоздева елді мекенге кіреберіс жолдың сапасыздығына шағымданды. Бұл сұраққа облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхмет жауап берді.

– Рассвет ауылына кіреберіс жол салу жөніндегі жобалық-сметалық құжат дайын. Жақында жаңа шарттармен байқау өткізіледі. Істі толығымен күз айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жолдың ұзындығы 1,5 шақырым, – деді Мақсат Баяхмет.

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров ауылдықтардың мәселесінің шешілуін бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp