Бүгінгі ұрпақтың ұлттық құндылықтарымыздан алыстап, мәдениетіміз бен әдебиетімізден шет қалып жатқаны жайлы жиі айтамыз. Бұл олқылық, ең алдымен, мектеп оқушыларының бойында байқалып жатады. Сондықтан да білім ордаларында балаларды өлең-сөзге баулитын үйірмелердің көп болғаны дұрыс. Оқушыларға арналған осындай орталықтардың бірі Қызылжар ауданындағы “Парасат” мектеп-лицейінде жұмыс істеп тұр.
Оқу жылының басында ашылған үйірмеде балғындар домбыраға, мәнерлеп оқуға, өлең жазуға үйренеді. Оларға жас ақын Қабдолла Бейісхан жетекшілік етеді. Өзі де бірқатар айтыстарда топ жарып, ел қошеметіне бөленіп жүрген ол қызылжарлық өрендердің де өлең әлеміне қадам басып, жырға жақын болып өскенін қалайды.
– Үйірмеге бүгінде жиырмаға жуық бала мүше. Олардың алды бірнеше айдың ішінде үлкен байқауларға қатысып жүлде алып жүр. Өткен жылы Республика күніне орай өткен мүшайрада жас ақындарымыз жоғары бағаға ие болып, үздіктер қатарынан көрінді. Шәкірттерімнің арасында Санжар, Айша, Арайлым сынды оқушыларымнан үлкен үміт күтемін. Егер жетекшісі дұрыс бағыт беріп, жанашыр болса, қандай оқушы болсын, қабілетін көрсетіп, биіктен көрінеді, – дейді үйірме жетекшісі.
Әдебиет үйірмесінің жас өрендері, шынымен де, үлкен додаларда топ жарып жүр. Мағжанның ондаған өлеңін жатқа айтатын оқушыларды көргенде жаның жадырайды. Алайда жетекшілері алғашында осындай топты жинау оңай болмағанын айтады. Қабдолла Бейісханның сөзінше, әлеуметтік желілерге құмар оқушылардың көбі сыныптан тыс шаралар мен үйірмелерге үйір бола қоймайды. Араларында күнделікті кітап оқып, жыр жаттайтындары сирек. Қабдолла осы сияқты кедергілерге қарамай, жас ұрпақты әдебиетке қызықтырудың тәсілін тауып, үйірме жұмысын жолға қойып отыр. Мұндағылар аптасына бірнеше рет жиналып, өлең оқып, белгілі ақындардың шығармашылығымен танысады, алдағы байқауларға дайындалады.
Қазір мектеп оқушыларының бос уақыттары аз. Күнделікті сабақ, одан тыс қосымша пәндік үйірмелер, мектепішілік шаралар шығармашылықпен айналысуға кедергі келтіріп жатады. Сонда да үйірмедегі 20 оқушы білім алумен қатар бойларындағы өнерлерін шыңдаудың да жолын тауып жүр.
– Біз ұрпағымыз елін шексіз сүйетін нағыз патриоттар болу керек деп жиі айтамыз. Алайда осы жолда қандай нақты қадамдар жасалуы керектігін көбі білмейді. Меніңше, мұның бәрі мектеп табалдырығынан, тарих, әдебиет сынды сабақтардан басталады. Әдебиетке құмартып өскен ұл-қыздар адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген, білімді, тәрбиелі болып жетіледі. Мен өз оқушыларымды байқауларда жүлде, марапаттар алу үшін емес, халқына адал қызмет ететін азамат болу үшін тәрбиелеймін, – дейді Қабдолла Бейісхан.
“Парасат” мектеп-лицейіндегі жеткіншектер алдағы уақытта Мағжан Жұмабаевтың мерейтойына орай өтетін шараларға белсенді дайындық үстінде. Жақында елімізге белгілі ақындармен кездесіп, ақыл-кеңестерін тыңдамақ. Үйірме жетекшісі осылайша жастар арасында әдеби орта қалыптастырып, олардың өнерлерін шыңдауды мақсат етіп отыр. Өлең әлеміне жаңа ғана келсе де, талабы таудай өрендерден қатарластары мен мұғалімдері де үлкен үміт күтеді.
Жандос БАҚЫТЖАН.
Қызылжар ауданы.