Облыс орталығындағы сауда үйлерінің бірінде “Жастарға кеңес” кеңсесі ашылды. Кеңседе 19 бен 35 жас аралығындағы азаматтар өздерін толғандырған сауалдарға жауап алу үшін кәсіби мамандардың көмегіне жүгіне алады. Жыл басынан бері кеңсе мамандарының көмегін 50-ге жуық тұрғын алыпты. Олар баспана, жұмыспен қамту және мемлекеттік бағдарламаларға қатысты сауалдар қойған.
Кеңседе қабылдау өткізетіндердің қатарында кәсіби заңгерлер мен мемлекеттік мекемелер мен жастар ұйымдарының өкілдері бар. Аталған жоба “Жастар рухы” жастар қанатының ұйытқы болуымен жүзеге асып отыр. 2020 жылы “Жастарға кеңес” деген атпен іске қосылған бағдарламаға биыл өзгерістер еніп, осындай кеңселер ашылуда.
Болашақта жеке кәсіп ашуды көздеп отырған Галина Бабушкина мемлекеттен қандай бағдарламалар бойынша жеңілдетілген несие алуға болатынын білгісі келіпті.
– Жуырда кеңседе “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының өкілімен кездестім. Қазір қандай кәсіп түрлері сұранысқа ие, жеңілдетілген несие мен қайтарымсыз грантты алудың жолдары қандай деген сияқты сауалдарға жауап алдым, – дейді ол.
Аталмыш кеңсеге кез келген жас келіп, қолдау таба алады. Ондағы мобильдік топ тек облыс орталығымен ғана шектеліп қалмай ауылдарға барып, елді мекен тұрғындарының да сұрақтарына жауап бермек.
Сержан НҰРДОЛҚЫНҰЛЫ,
М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.