«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мақсат – тұғыры берік мемлекет құру

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат депутаттарының алдында сөз сөйлеп, еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтты. Таяуда Парламенттің жоғарғы палатасына баламалы негізде депутаттар сайланғанын, сондай-ақ өз Жарлығымен бірнеше сенатордың тағайындалғанын атап өтті.

Президенттің пайымдауынша, осымен Сенаттың құрамын жаңғырту үдерісі аяқталды. Депутаттар арасында əр аймақтың, соның ішінде жаңадан құрылған облыстардың өкілдері бар. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сəйкес, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелеріне арнайы квота берілді. Осылайша, Сенат түрлі санаттағы қоғам өкілдерін барынша қамтыды.

– Бұл палата мемлекеттік басқару саласында айрықша рөл атқарады. Оған Конституцияға сəйкес маңызды міндеттер жүктелген. Заң шығару қызметін сапалы атқару үшін барлық жағдай жасалған. Палата өз жұмысын абыроймен атқарып келе жатыр. Сенаторлар ауқымды реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысты. Осы орайда баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жаңа депутаттар Сенаттың қызметіне тың серпін береді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы елімізде “Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет” қағидаты орныға түскенін айтып, бұл реформалар билік институттары жүйесінің тепетеңдігін қалыптастыратынын айтты. Сондай-ақ елдегі саяси үдеріске азаматтардың қатысуына жол ашады, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыра түседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев басты мақсатымыздың бірі – қоғамда өркениетті саяси дəстүрді орнықтыру екенін еске салып, ол үшін жоғары саяси жауапкершілік мəдениетін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Ал жақында ғана басталған Мəжіліс пен мəслихаттарға сайлау науқаны негізгі мемлекеттік институттарды кешенді түрде жаңғыртудың соңғы сатысы екенін жеткізді.

– Барлық əлеуметтік топтың мүддесін қорғау тұрғысынан алғанда Мəжіліс пен мəслихаттардың аралас моделін қалыптастыруға көшудің мəні зор. Бұл өзгеріс өкілді билік тармақтарының барлық деңгейіне айтарлықтай ықпал етеді. Кейінгі жылдары жүргізілген саяси өзгерістер, сайлау заңнамасын мақсатты түрде либералдандыру Қазақстанда партия құру ісіне тың серпін берді. Ұзақ уақыттан бері елімізде алғаш рет жаңа партиялар ресми түрде тіркелді. Аталған деректі аралық қорытынды ретінде атап өтуге болады. Бұл – алға қарай жасалған маңызды қадам. Саяси жүйені орнықты дамыту ісінде партиялар маңызды рөл атқарады. Осы орайда елімізге жауапкершілігі жоғары партиялар қажет. Олар халықтың мүддесін тиімді қорғай білуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент саясаткерлердің жаңа буынын қалыптастырып, оларды елге таныту аса маңызды іс екенін айтты. Оның пікірінше, еліміздегі партиялардың көпшілігінде мемлекетшілдік ұстаным бар жəне алдағы сайлауда партиялардың бəріне бірдей мүмкіндік беріледі.

– Əкімдер қандай да бір саяси ұйымға жетекшілік ете алмайды. Ата Заңға енгізілген өзгеріске сəйкес Президент барлық саяси күштен тысқары тұруға тиіс. Мəжіліс пен мəслихат сайлауы жаңа əрі əділ ереже бойынша өтеді. Алдағы сайлауды Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы деуге болады. Қоғамның түрлі өкілдерінің мүддесін партиялар арқылы қорғау мүмкіндігі артады. Мұның бəрі саяси жүйенің орнықты жəне тиімді болуын қамтамасыз етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент “Əртүрлі көзқарас, біртұтас ұлт” қағидаты мызғымайтынын атап өтіп, сынның негізсіз болмауға тиіс екенін жəне оның нақты фактілерге сүйенуі қажеттігін айтты.

– Елімізде саяси радикализм мен экстремизмнің кез келген түріне орын жоқ. Демократия – ең алдымен, өз сөзің мен ісіңе жауапкершілікпен қарау. Бəріміз бір шаңырақ астында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан əрбір азамат, кез келген қоғам қайраткері, барша саяси күш ел болашағы үшін өзінің тікелей жауапкершілігін сезінуі қажет. Барлық отандасыма айтарым: əлемде бұрын-соңды болмаған күрделі геосаяси ахуал кезінде еліміздің тыныштығы мен ырыс-берекесін сақтау тек өзімізге, бірлігіміз бен ынтымағымызға байланысты. Тəуелсіздігімізді сақтау жəне нығайту аса маңызды екенін тағы да еске саламын. Бұл – халқымыздың басты құндылығы. Біз конструктивті реформа бағытымен алға қарай нық қадам басып, мемлекеттілігімізді нығайтып, қоғамды біріктіру үшін қолдан келгеннің бəрін жасауымыз керек. Саяси жауапкершіліктің биік мəдениеті мен азаматтарымыздың шынайы патриотизмі мұның кепілі бола алады. Əрқайсысымыз өзара тілеулестік қағидатынан айнымауымыз керек. Сонда ғана тең мүмкіндіктер мен дамуды ту еткен Əділетті Қазақстанды құрамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сайлаудың елді бөлетін емес, біріктіретін науқан болуы керек екенін атап өтіп, үміткерлерді қоғамға іріткі салатын əрекеттен аулақ болуға шақырды.

– Аңдамай айтылған артық сөз немесе ойланбай жасалған оқыс қадам бүкіл елдің болашағына кесірін тигізуі мүмкін. Əрбір отандасымыз осыны дұрыс түсінуге тиіс. Плюрализм мемлекетті эволюциялық жолмен дамытуға мүмкіндік береді. Бізде саяси көзқарасы əртүрлі партиялар бар. Кандидаттардың түрлі мəселе бойынша ұстанымдарының бірдей болмауы да заңды құбылыс. Бірақ көзқарастары мүлде қабыспайтын ымырасыз қарсыластардың өзіне ортақ құндылықтар бар. Ол – біздің қасиетті Отанымыз жəне қастерлі тəуелсіздігіміз. Мен бұл туралы “Тəуелсіздік бəрінен қымбат” атты мақаламда айттым. Өйткені тəуелсіздік үшін күрес күнделікті еңбекпен жəне елдік саясатпен тығыз байланысып жатыр. Болашақтың алдында бəріміз бірдей жауап береміз. Кейінгі ұрпақ кімнің саяси ұстанымы қандай болғанына мəн береді. Аға буынның оларға қандай мемлекетті мирас еткеніне қарап, бүгінгі күнін бағалайтын болады. Сондықтан біз ортақ мақсат жолында бірігуіміз керек. Кез келген саяси мүддеге қарағанда, мемлекетшілдік қасиет əлдеқайда биік тұруға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, қоғамға, ең алдымен, əрбір сөзіне жəне ісіне жауапкершілікпен қарайтын саясаткерлер қажет. Сонда азаматтардың елдік саясатқа деген сенімі артады. Ал сенім – аса маңызды құндылық. Қасым-Жомарт Тоқаев қиындықтың бəрін ел бірлігінің арқасында жеңіп келе жатқанымызға тоқталып, бір-бірімізге қамқор, жанашыр болып, жақсылыққа ұмтылуға шақырды.

– Қоғамдық келісімді сақтау мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес. Бұл – еліміздің əрбір азаматының перзенттік парызы. Біз не істесек те, ел мүддесі үшін жасаймыз. Мақсатымыз – Қазақстанды тұғыры берік, экономикасы қуатты, рухы асқақ, бірлігі бекем мемлекет ретінде ұрпаққа табыстау. Осы тарихи міндетті бəріміз бірге абыроймен атқарып шығамыз деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Парламент Сенатының төрағасы лауазымына Мəулен Əшімбаевтың кандидатурасын ұсынды.

– Өздеріңіз білесіздер, менің Жарлығыммен Мəулен Сағатханұлы Əшімбаев Сенат депутаты болып тағайындалды. Конституцияың 58-бабының 1-тармағына сəйкес Сенат төрағасы лауазымына Мəулен Сағатханұлы Əшімбаевтың кандидатурасын ұсынамын. Ол бұған дейін осы міндетті абыроймен атқарды. Заң шығару жұмысын жақсы біледі. Мемлекеттік қызметтегі тəжірибесі мол. Сондықтан оны Сенат төрағалығына лайық деп санаймын. Сенаттың қызметі табысты болсын, – деді Президент.

Жасырын дауыс беру нəтижесінде Мəулен Əшімбаев Парламент Сенатының төрағасы болып сайланды.

(“Egemen Qazaqstan”,

27 қаңтар 2023 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp