Ұстаз деген ұлы есім мен үшін ерекше қастерлі. Мектеп қабырғасынан “бала бағбаны” болуды армандадым. Пәнаралық, аудандық, облыстық, республикалық олимпиадаларға қатыса жүріп, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін үздік тамамдадым. Білімімді одан әрі қарай тереңдету үшін филология бойынша магистратурада оқып жүрмін. 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап Бостандық орта мектебіне қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып орналастым. Еңбек жолымды ауылдан бастағаныма еш өкінбеймін. Мұнда білікті, тәжірибелі ұстаздар жетерлік.
Мұғалімдер қауымына түрлі дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, өмірге икемді, жан-жақты жеке тұлға тәрбиелеу міндеті жүктеліп отыр. Есепсіз ақпараттар тасқыны толассыз ағылған жаhандану дәуірінде заманауи ұстаздық қызметке жүктелетін талап пен талғам тіпті есепсіз. Сондықтан да мен өз ісімді жоспарлағанда, ең алдымен, “ХХІ ғасырдың ұстазы қандай болуы керек?” – деген сұраққа жауап табуға тырысамын да, жаңашыл мұғалім ретінде қалыптасудың іргетасы тынымсыз ізденістерден басталатынын іштей пайымдаймын. Кәсіптік шеберлікпен қоса заманауи ақпараттық технологияларды толық игерсек қана бүгінгі қоғамымызды байытатын, дамытатын және жаңартатын мол мүмкіндіктерге жол ашылатыны, орасан ресурстарға ие болатынымыз даусыз.
Заманауи ұстаздың шәкіртіне ғылыми негізделген мәліметтерді ғана ұсынып қоюы жеткіліксіз. Шәкіртін әлемдік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығару, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеу кез келген ұстаздың ұстанымы болуы тиіс. Өйткені өмір сүріп жатқан ортамыз өзара кірігу үрдістерінің тоғысқан нүктесі болғандықтан, білімге деген сұраныс пайдалы инвестиция саласына айналып, еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси даму тұрақтылығын қамтамасыз етудің бәсекелестік факторына негізделмесе, алға қойған асқаралы мақсаттарымызды еңсеру қиын. ХХІ ғасыр ұлттық бәсеке, ақпараттық сайыс, инновациялық технологиялар, күрделі экономикалық реформалар сияқты көріністерімен, қуаттылығымен ерекшеленеді. Сол кезеңге сай интеллектуалды, дені сау, ой-өрісі жоғары дамыған, халықаралық деңгейге сәйкес білімі бар азамат тәрбиелеу міндеті үдесінен көріну – бәріміздің борышымыз. Ұстаз – барлық білім беру жүйесінің негізі, жаны және жүрегі дер едім. Оның басты миссиясы – рухани бай, ізденімпаз, адамгершілігі мол жаңа буын қалыптастыру. Сондықтан қазіргі заман педагогы үшін ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш қасиеттер бұлжымас өмір бөлшегіне айналса, құба-құп. Бұл қадам шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңа формацияның жаңашыл ұстазына ұласып жатса, қандай ғанибет!
Ағылшынның ұлы ағартушысы Уильям Уордтың ұстаздар қауымына қарата айтқан: “Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады”, – деген әркімге ой салатын ғибратты сөзі бар. Жаһандану заманында өркениет көшінен қалмайтын, бойында бәсекеге қабілеттілік ынтасы зор, барынша жаңа технологиялармен қаруланған білімді де білікті ұстаз өз кәсібінің майталманы болары сөзсіз. Білім беру саласында қабылданып жатқан стратегиялық қағидаттар осындай ұлы мақсаттарға жетелейді.
Қазіргі таңда оқушылардың тілге, көркем шығарманы оқуға деген қызығушылығын жоққа шығармаймын. Бірақ біз күткендегідей талаптан төмен екені жасырын емес. Бүгінгі оқушылар барлық мәліметті ғаламтордан алады. Ал ата-ана болса, ұстаздарға сенім артуға дағдыланған. Қадағалау жоқ жерде баланың жауапкершілігі төмендейтінін, көп уақытын мұғаліммен емес, ата-анасымен өткізетінін сезінбейтін тәрізді. Мысалы, 4, 5 және 6-сыныптарда қазақ тілі аптасына небәрі 3 сағат, жоғары сыныптарда 1 сағат қана оқытылады. Сабақ уақытында оқушылардың оқулықпен ғана шектеліп қалатын кездері аз кездеспейді. Соның салдарынан ойларын еркін, жатық жеткізе алмай қиналады. Бірде 5-сыныптың балаларына әдебиет сабағынан қалың дәптер бастаттым да қазақ тілінің сөздерін кім көп білетінін жаздырдым. Сонда балалардың жазған сөздері 200-250-ден аспады. Ата-ана үйде қазақша сөйлейтін болса, басқаша болар еді. Кей мектептерде қоңыраудың орнына қазақтың күмбірлеген күйлері ойналып жүр. Үлгі алатын бастаманың кең қолдау тапқаны дұрыс. Осыған облыстық, аудандық деңгейдегі тиісті орындар назар аударар деген үміттемін. Балалар қазақтың күйлерін біліп қана қоймай, ұлттық аспабымыз домбыраны үйренуге ұмтылады, шабыттары оянады, мәдени құндылықтарымызды бойларына дарытады.
Қазақ балалары көбіне тұйық, бұйығы, жасқаншақ деген сөздерді жиі естіп қаламыз. Оған өзім де талай куә болдым. Мәселен, өлең немесе ән айтып келе жатқан кезде бір сөзін ұмытып қалса, ары қарай айтпайды немесе басқа бір сөзбен алмастырып, толықтырып, ойын жеткізе алмайды. Үйдегі тәрбие ме, әлде ұлттық менталитеміз бе, ақ-қарасын газет оқырмандары өздері таразылай жатар. Осындай қылықтарды көргенде еріксіз “қап, әттеген-ай” деп қаласың.
Мені толғандырып жүрген бір мәселе, мектеп оқулықтарындағы олқылықтар. Бұл жөнінде аз айтылып жүрген жоқ. Тағы да қайталағанды, еске салғанды жөн көрдім. Қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы жайлы сөз қозғағым келеді. Өйткені біріншіден, өзім осы екі пәннен сабақ беретіндіктен, көзге көрініп тұрған кемшіліктерге төзбей кетесің. Қазақ тілі оқулығында суреттер тым көп, ал грамматикалық тақырыптар өте аз. ҰБТ-да қазақ тілі пәні бойынша грамматикалық сұрақтар жиі беріледі. Сонда мектеп мұғалімі нені үйретеді деген наразылықтар естіліп қалады. Бұл, ең алдымен, қазақ тілі оқулығының жүйелі түрде құрастырылмауынан жіберілген ағаттықтар. Тіл сабағы екен, грамматикалық тақырыптарға барынша басымдық берілгені абзал.
Әдебиет оқулығы жайлы бірер сөз. Ақын-жазушыларымыздың ғұмырнамасын, еңбек жолын, шығармашылығын үзіп-жұлып бере салатын әдеттен арылу керек. Оқып отырып, қарадай қарның ашады. Мұғалім әзер түсінсе, оқушы не ұғады? Шығарманың толық нұсқасы жазылған аудиодискінің қоса берілуін қалаймыз.
Ажар БАЛАҒАНОВА,
Бостандық орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Мамлют ауданы.