“Күншығыста ақ алтын бір сызық бар,
Мен келемін, Мен Пайғамбар – Күн ұлы”, – деп жырлап, жер-дүниені дауылпаз үнімен дүбірлеткен қазақтың ардақты перзенті, ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығын мерекелеу аясында еліміздің әр түкіпірінде түрлі мәдени шаралар бастау алды. Сондай жиындардың бір шоғыры туған жері – Қызылжарда ұйымдастырылмақ. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы республикалық мүшәйра өткізуді жоспарлап отыр.
“Мен өлмеймін, менікі де өлмейді…” деген атаумен ұйымдастырылатын жыр додасына 20-50 жас аралығындағы талапкерлер қатыса алады. Олар байқауды ұйымдастыру алқасына лақап атпен Мағжан Жұмабаевтың ақындық, қайраткерлік тұлғасын паш ететін бір, еркін тақырыптағы бір туындысын ұсынулары қажет. Жүзден жүйрік деп танылған тоғыз ақынның туындысына ақшалай жүлделер тағайындалып, олар Қызылжарда оқырмандармен жүздесетін болады.
– Мағжан ақынның поэзиясында ұлан-байтақ даламыздың тарихы, қазақтың саф таза салтанатты тілі жарқын көрініс тапқан. Өкініштісі сол, бар ғұмырын халқының азаттығына, бақытты өміріне арнаған ақынның шығармалары көп жылдар бойы туған ұлтымен қауыша алмай, тасада бұғып жатты. Қазіргі ұрпаққа осы олқылықтың орнын толтыру керек. Мағжанның жырлары қазақтың әр баласының көкірегіне түйме болып тағылуы қажет. Мүшәйраға еліміздің барлық өңірінен белгілі ақындар қатысады деп отырмыз. Олар Мағжанды жырлайды, Мағжанша ой толғайды. Ендеше, қазақтың төл поэзиясында ұлы ақын жерлесімізге арналған туындылар көбейеді деген сөз. Біздің көздегеніміз де осы, – дейді мүшәйраны ұйымдастырушылардың бірі, облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының бөлім меңгерушісі Жарқын Жұпархан.
Жыр додасына келіп түскен шығармаларды есімдері елімізге белгілі қаламгерлер саралап-сұрыптайтын болады. Бәйгеге қатысушыларға Мағжан Жұмабаев атындағы арнайы сыйлық беру жағы да қарастырылуда.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.