«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Спорт кешені ашылды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Целинное ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолданысқа берілді. Әлеуметтік маңызға ие нысанды жергілікті “Целинное – 2004” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған. Шаруашылық басшысы спорттық нысанның құрылысына 30 млн. теңге жұмсағанын айта кеткен жөн.

Целинное ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуына жиналған тұрғындардың қарасы қалың болды. Көптен күткен қуанышты бөлісуге аудан әкімі Серік Мұхамедиев те келді. Ол ауылдықтарды жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтап, ғимаратты тұрғызуға атсалысқан кәсіпкердің еңбегін жоғары бағалады.

– Дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне жаңа жабдықтар сатып алуға 12 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Бұл ақшаға спорттық формалар да алынды. Енді ауыл жастары салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдана алады, – деді Серік Мұхамедиев.

“Целинное – 2004” серіктестігінің басшысы жаңа нысаннан бөлек, жергілікті мектеп оқушыларын түскі аспен тегін қамтып, үйлерді орталықтандырылған жылу және ауызсу жүйесіне қосқанын да атап өткен жөн.

– Бұл кешен, ең алдымен, ауыл жастары үшін ашылып отыр. Мұнда олар спортпен шұғылдана алады. Шаруашылық әлеуметтік салаға көп көңіл бөледі. Біз ауылды дамытып, оның өркендеуі үшін әлі де қызмет атқарамыз, – деді “Целинное – 2004” серіктестігінің басшысы Серік Ибраев.

Алдияр ЖЫЛҚАЙДАРОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp