«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қолдаусыз қалмайды

Бектұрған Лақадыл

 turgan_bek84@mail.ru

“AMANAT” партиясының мүшелері аудан тұрғындарымен кездесу барысында ондағы халықтың өтініштеріне құлақ асып, ұсыныстарын орындауға тырысады. “Кедергісіз келешек” партиялық жобасы аясында өткізілген кезекті кездесуде мүгедек адамдарға арналған әлеуметтік жәрдемақылардың көлемін арттыру және қызмет көрсетуді жақсарту мәселесі қозғалды.

Мамлют ауданының тұрғыны Суфия Саитова мүгедектігі барларға түрлі қызметтерді ресімдеуді жеңілдету бойынша заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды.

– Біз санаторлық-курорттық емдеуді ресімдеуді жеңілдетуді сұраймыз. Қағазбастылықтан арылатын кез келді, көп құжат жинау әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға қиын. Жұмыс барысын оңтайлы жолмен жеңілдетіп, құжаттар тізімін қысқартуға болатын шығар? – деді ол.

Көпбалалы ана Сағынгүл Жетібаеваның да тілегі осындай. Ол партияның Жамбыл аудандық филиалына әлеуметтік жәрдемақы көлемін ұлғайту туралы өтінішін айта келіпті. Өзінің айтуынша, ай сайын 23 мың теңге алады. Қоғамдық көлікте жүру, кинотеатрға немесе театрға, мұражайға және басқа да оқу және ойын-сауық мекемелеріне балаларын апару кезінде жеңілдіктер жасалғанын қалайды.

Кездесулерде партиялықтар сайлауалды бағдарламаны әзірлеу кезінде барлық өтініштер мен ұсыныстар қаралып, ескерілетініне сендірді. Қазір сайлауға байланысты партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері халыққа көмек көрсету және кеңес беру жұмыстарын уақытша тоқтатты. Дегенмен алдағы уақытта тұрғындардың ұсыныс-пікірлері бойынша жұмыс жалғасады.

2022 жылы бірінші топтағылар үшін мүгедектігі бойынша жәрдемақы мөлшері – 71787 теңгені (1,92 айлық есептік көрсеткіш), екінші топ – 57206 теңгені (1,53), үшінші топ 38885 теңгені (1,04) құраған. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері айлық есептік көрсеткіш шамасының өзгеруіне байланысты 8,5 пайызға артты. Енді бірінші топтағылар – 77889, екінші топтағылар – 62068, үшінші топтағылар 42190 теңге көлемінде жәрдемақы алады.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp