Өткен жылы жазда Жамбыл ауданында жидек теріп жүрген әйелді аң екен деп абайсызда атып өлтірген азаматқа қатысты сот аяқталды. Күдікті ретінде қамауға алынған аңшы Сергей Лосеня үш жылға сотталды.
Өткен жылы маусымның 11-і күні Сергей Лосеня ауыл арасындағы жолмен Бауман стансасына бармақ болады. Орманның бауырында жидек теріп жүрген әйелді елік екен деп ойлап, қолындағы мылтығымен атады. Әйел иығынан жараланып, кейін сол жарақатынан қайтыс болды. Осы оқиғаға қатысы бар деген күдікпен учаскелік инспектор да қамауға алынғанды.
Аталған қылмыстық іс сотта қаралып, кінәлі деп танылған Сергей Лосеня жауапқа тартылды. Мамлют аудандық соты аталған оқиғаны абайсызда адам өлтіру және атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, алып жүру баптары бойынша қарады.
Ер адам оптикалық көздеуіші бар аңшылық қаруды және 5,6 мм калибрлі патрондарды заңсыз сатып алып, үйінде сақтап келген. Сотталушының кінәсін куәгерлер де растады, жиналған материалдар арқылы да толық дәлелденді.
Прокурор ер адамды 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Сот үкім шығарарда айыпталушының ісіне шын өкінетінін ескерді. Судья қылмыс абайсызда жасалғанын ескере отырып, Сергей Лосеняны 3 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ сотталған ер адам зардап шеккен тарапқа 3 млн. теңге көлемінде моральдық шығынның орнын толтыруы қажет. Соттың үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.