«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙҒАНЫМНЫҢ АСУЛАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өзіндік ерекшелігі мол мамандық тізгінін ұстап, үлкен жауапкершілік жүгін арқалайтын тергеушіден, бірінші кезекте, сауаттылық пен біліктілік, төзімділік пен қайсарлық қасиеттер талап етіледі. Өйткені кәнігі қылмыскерлерді құрықтап қана қоймай, бұлтартпайтын айғақтар арқылы кінәсін дәлелдеу ақиқаттың ақ жолынан ауытқымауды өмірлік мақсат еткен жандардың ғана қолынан келері анық. Осындай міндетті мойнына алған тергеушінің әр күні шытырман оқиғаларға толы болып, қым-қуыт іс-әрекеттерге жалғасып жатады. Кей кезде тергеушілік нәзік жандардың қолы емес деген пікірлерді естіп қаламыз. Мұндай тұжырымның қате екенін Ақжар аудандық полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінде аға тергеуші болып қызмет істейтін аға лейтенант Айғаным Сыздықова өзінің қажыр-қайратқа толы еңбегімен әлдеқашан дәлелдеген.

Айғаным 2016 жылы Бос­тандық орта мектебін тамамдағаннан кейін әке жолын жалғап, Ішкі істер ми­нистрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына оқуға түсіп, оқу грантының ие­гері атанады. Спорттық норматив­терді де мүдірместен тапсырады.

– Кішкентай кезде әкемнің қыз­меттік формасына қатты қызыға­тын­мын. Киіп алып, ойнайтынмын. Есейе келе азаматтардың құқығы мен бостандығының сақталуын қамтамасыз етіп, заңды тұрғыдан қорғауым керек деген шешімге келдім, – дейді Айғаным Темірбо­латқызы.

Ол 2020 жылы жоғары оқу ор­нын аяқ­тағаннан кейін аудандық полиция бөліміне тергеуші қызме­тіне қабыл­данады. Содан бері ака­демияда алған білімін тәжірибемен ұштасты­рып, кәсіби шеберлігін же­тіл­ді­ре түскен. Бойға қонған талмас талап пен қажырлы еңбектің ар­қасында өмірден өз орнын тапты. Тергеуші болу оңай емес екенін жан-тәнімен түсінгендіктен, қанша­ма қиындықты бастан өткерсе де, шыдауына тура келді. Ерекше сезімдерге бөлейтін сәттер де талай кездесті. Сонда да тағдыры қыл үстінде тұрған адам­ның өміріне «тергеу жүргізу» жа­уапкершілігін, із­де­німпаздық пен те­мірдей төзім­ділігін бір босаңсытқан емес.

Аудандық полиция бөлімінің бас­шысы Еркін Махметовтен по­гонды ару жөнінде сыр тартқан­мызда бүкпесіз ойын былай сабақтады:

– Айғаным Темірболатқызы ұқыптылығымен, талапшылдығымен өзгелерге үлгі. Өзіне жүктелген жұмысты күрделі, оңай деп жіктеп жатпайды. Әр істі ерекше ыждағатты­лықпен атқаруға әдеттенген.

Айғаным ұжымдағы әріптес­терінен көп нәрсе үйренгенін, өнеге тұтар тәлімгерлер жетіп артылаты­нын, алдағы өміріне бағыт-бағдар бергенін, солардың бірі Азамат Бектұрғанов есімді ағайы екенін ерекше жылылықпен еске алды.

Айғанымның алғаш әшкереле­ген қылмыстық ісі – ұрлық пен алаяқтыққа қатысты болған. Жан-жақты тергеп, кінәлілерді анықтаса да, қашан сот үкімі шыққанша қатты қобалжып, байыз таппаған. Осы жағ­дай есінде жақсы сақталып қалып­ты. Тәжірибенің жеткіліксіз­дігінен айыптыларға қатысты шешім қа­был­дау өте қиынға соққан. Небір психологиялық толқуды бастан кешірген. Тіпті алғашында нағыз кі­нәлілер осылар ма, әлде басқалар ма деген күмән болғанын да жасырмады.

Бүгінде Айғанымның өзі – жас­тарға жол көрсетуші, тергеу­шілік мамандықтың қыр-сырына үйрету­ші тәлімгер саналады.

Алмагүл МАНАПҚЫЗЫ.

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp