«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖАЙЛЫ МЕКТЕПКЕ” АРНАЛҒАН ЖИҺАЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысында 2023-2025 жылдар аралығында “Жай­лы мектеп” жобасы аясында төрт білім ордасы салынады. Ал оларға қа­жетті жиһазды жергілікті өндіріс ошақтары шығаруға құлшыныс та­нытып отыр.

Биыл ел көлемінде “Жайлы мек­теп” бағдарламасы іске қосылды. Тың жоба аясында алдағы үш жыл­дың ішінде республика бойынша 401 мектеп салу жоспарланып отыр. Бүгіндері жобаны жүзеге асыратын бірыңғай үйлестіруші де анықталды. Ол – “Samruk-Kazyna Construction” акционерлік қоғамы.

– Жобаны іске асыруға 2,6 трлн. теңге қаражат қарастырылған. Бар­лық бөлінетін қаражаттың үштен бір бөлігі отандық тауар өндірушілер шы­ғаратын жабдық пен жиһаз сатып алуға бағытталады. Ол үшін “Ата­мекен” ұлттық кәсіпкерлер палата­сы әрбір облыста мектептерді қа­жетті құрал-жабдықпен қамту мақ­сатында тауар өндірушілер тізімін бекітеді, – дейді облыстық кәсіп­кер­лер палатасының сарапшысы Мага­мед Дудаев.

Облыстық кәсіпкерлік және ту­ризм басқармасының мәліметіне сүйенсек, жергілікті нарықта білім беру мекемелеріне қажетті жиһаз түрлерін шығаратын кәсіпорындар жетерлік. Десе де мектеп, бала­бақша, колледждер мен жоғары оқу орындарының талаптарына сәйкес сертификатталған өнім жасайтын өндіріс ошақтары аз. Солардың қа­тарына тек “Регион 715” және “Фир­ма Леонтьев” жауапкершілігі шек­теулі серіктестіктерін ғана жатқызу­ға болады. Бизнес субъектілері “Жайлы мектеп” жобасына қатысуды жоспарлап отыр.

Мәселен, “Регион 715” серіктес­тігі жиһаз жасау ісімен 15 жылдан бері айналысады. Осы уақыт аралы­ғында компания білім беру меке­мелеріне қажетті жиһаздардың түр-түрін жасаған. Өткен жылы өндіріс ошағы 2 мыңнан астам “Stem” зертхана, физика, химия, биология са­бақтарына арналған пәндік кабинет­тер, жалпы білім беретін сыныптар, асханалар мен киім ауыстыру бөл­мелерін жабдықтады.

– Біз тек ағашпен ғана емес, ме­талмен де жұмыс істейміз. Өткен жылы компаниямыз бүкіл Қазақстан бойынша 2000-нан астам сыныпты жабдықтады. Биыл “Жайлы мектеп” ұлттық жобасына қатысуға ниетті­міз. Ұжымымызда 50 адам еңбек етеді. Жаңадан жұмысқа алынған ма­мандарды оқыта бастадық. Егер “Жайлы мектеп” жобасының қатысу­шысы атансақ, бір жылдың ішінде 3,5 мыңнан астам сыныпқа қа­жетті жиһазды жасап шығара ала­мыз, – дейді “Регион 715” ЖШС бас директорының орынбасары Алек­санд­ра Русина.

Кәсіпорын мектеп жиһазын шы­ғару ісінде мол тәжірибе жинақтап үлгерген. Сондай-ақ тұрақты қаржы­лық және шикізат базасы ірі көлем­де тапсырыс қабылдауға мүмкіндік бе­реді. Компания “Kazdidac” оқу жабдықтарын өндірушілер мен жет­кізушілер қауымдастығының мүшесі екенін айта кеткен жөн.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp