«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Шағынауданда шешімін күткен мәселе көп

Бектұрған Лақадыл

 turgan_bek84@mail.ru

Қаланың іргесіндегі “Солнеч­ный-2” шағынауданының тұрғында­ры­нан редакцияға хат жиі келеді. Га­зетіміздің өткен сандарының бірінде “Редакцияның хат қоржынынан” ай­да­­рымен Алма Махметова есімді зей­­неткердің шағымы жарияланған еді. Онда жаңа үйлер бой түзегенімен, азық-түлік дүкені, мектеп, ба­ла­­бақша сынды маңызды нысан­дар­дың әлі салына қоймағанын, өз баспанасынан шағындау дүкен ашу­ды көздеген тұрғындарға жауапты ме­кемелер келісім бермегенін ашы­на жазған болатын. Амалсыздан тұр­ғындар жы­рақтағы дүкендерге бол­маса қала орталы­ғындағы супер­мар­кеттерге баруға мәжбүр. Ал бұ­ған көбінің мүмкіндігі келе бермейтін көрінеді. Себебі әр­қайсысында жеке көлік жоқ, автобус та жиі қатынамай­ды. Жасы егде тарт­қан тұрғындар немесе сәбилі ана­лар алысқа ұзап шыға алмайты­ны бесенеден белгілі. Бұл айтылған мәселелердің ақ-қа­ра­сын ажырату мақсатымен ша­ғынауданға арнайы барып, өз көзі­мізбен көріп қайттық.

Петропавл қалалық әкімдігі ма­ман­дарының айтуынша, тұрғындар­ға ең қажетті деген мектеп пен бала­бақшаның іргетасы қазір қалана қояр түрі жоқ. Демек, қысы-жазы ба­ла­ларын қалаға таситын жас отба­сы­лардың мәселесі қашанға де­йін жалғасары белгісіз. Тұрғын­дар шағынауданға кіреберістегі жалғыз аялдаманың қары бір аптаға дейін тазаланбағанын, көшенің екінші ба­сын­дағы жарық шамдары жан­бай­тынын да айтып шағымданды.

“Солнечный-2” шағынауданын­дағы үйлердің бәрі жаңадан салынған. Ондағы баспаналар ауданына қа­рай екі санатқа бөлінеді екен. Бер­гі басындағылар шағындау, арғы жа­ғында шаршы метрі үлкенірек үйлер орналасқан. Шағынаудан тұрғыны Гүл­нәр Сайлауқызының сөзінше, сол арғы үйлердің алды тас қа­раңғы.

– Әсіресе қыста таң атпастан мек­теп пен балабақшаға қатынай­тын­дарға қиын. Автобус көшеге кір­мейді, шеттегі жалғыз аялдамаға тоқ­тайды. Тұрғындар қараңғыда ба­лаларын ертіп аялдамаға дейін жү­руге мәжбүр. Ал аялдаманың ма­ңын­дағы қар қыс басталғаннан бері тазаланбаған, ұйытқыған жел ұлпа қарды ішіне үйіп тастайды, желден ықтайын десең, кіру мүмкін емес. Жұрт боранды күні қатты қиналады. Көшелер де уақытында тазаланбай­ды. Тұрғындар аялдамаға жал­ғызаяқ жол салып алған, – дейді шағынаудан тұрғыны.

Біздің де алғаш аялдаған жері­міз сол қар басқан аялдама болды. Себебі 4“А” автобусы бізді шағынау­дан­ның іргесіне дейін апарды да “ары қарай өздерің жетіп алыңдар” дегендей кілт тоқтады. Автобустан бізбен бірге қаланың орталығын­дағы мектептерде оқитын оқушылар мен бірнеше ата-ана бірге түсті. Мек­теп жасындағы балалар сабақ­тан кештетіп қайтқанда қаңғыбас иттер­ден қорқатындарын айтты. Ашыққан иттер жалғыз келе жатқан балалар­ға айбар шегетін көрінеді. Біз сөзге тартқан ата-аналар болса, баспана салудан бұрын мектеп пен балабақ­ша тұрғызғанда мұндағы өмір қазір­гіндей сүреңсіз емес, қай­наған тір­ліктің базарына айналар еді деген ойларын жеткізді. “Шағын­ауданға қа­зақша атау неге беріл­меді? Орысша елді мекендердің атауын өзгерте алмай жатқанда бұл қисынға кел­мейді”, – деп қынжылды бір тұрғын.

Қаз-қатар тізілген қоңыр шатыр­лы баспаналар көрер көзге әдемі кө­рінеді екен. Шет жақта 6-7 жылқы жайылып жүргеніне қарағанда, мұн­да қора салып, мал ұстайтындар бар екенін болжауға болатындай. Бірақ жаңа үйлердің бірінен түтін шығып жатса, екіншісінің маңында адам ізі жоқ, есік алдындағы қар да күреусіз қалған. Соған қарағанда еш­кім тұрмайтын сияқты. Ал кейбірінің иелері қалада жұмыс істейді-ау деп топшыладық, себебі есігінде құлып тұрғанымен, маңайы тазаланған.

Жаңа салынған баспаналарды сырттан қызықтап біраз жүрдік те мұр­жасынан қара түтін будақтап жат­қан біреуіне кіруді ұйғардық. Мұн­­да зейнет жасындағы кісілер тұ­рады екен. Көшіп келгендеріне үш ай ғана болған. Сағынтай Изгутдин бұл үйді “Отбасы банк” арқылы алып­ты. 90 шаршы метрлік баспана 10 миллион теңгеге бағаланған екен. Бөлмелері кең, қабырғасы бе­рік болғанымен төбесі жұқа көрінеді. Үй иесінің ай­туынша, жаққан оттың жылуы сырт­қа кеткеннен кейін тө­бе­сін ағаш үгін­дісімен қалыңдатыпты. Тағы бір кем­шін тұсы – кәріз жүйесі жоқ. Септик тола бастағанда ар­найы техника ша­қыртып сорғызады. Отағасы жылу жүйесін өзі қайта қалпына келтірге­нін айтады. Әуелгі­де тұрған пештің орнына басқасын ор­натыпты. Бұл жылуды ұзақ ұстай­тын көрінеді. Зей­неткер шағынау­дан­ның кейбір мә­селелері әлі рет­теле қоймағанын, үс­тіміздегі жылы істелер деген үмітпен отырғанда­рын жеткізді.

– Бастапқы салынған үйлерде қоршау бар да, кейінгісінде жоқ, ай­на­ла ашық-шашық. Соған қараған­да ақша үнемдеген сияқты. Бір жа­ғы­нан құрылыс материалының қым­баттауы себеп болса керек. Енді ішкі жолдарды асфальттап, жиегіне арық қазып, жаяулар жүретін тро­туар салып берсе деген тілегіміз бар. Балалы отбасылар үшін бала­бақ­ша мен мектеп қажет, – дейді Сағынтай Атымтайұлы.

Жетпісті алқымдаған ақсақал үйде қол қусырып отырмай, өзі бұ­рыннан шұғылданып келген жұмы­сын жалғастырмақ ойы бар екенін айтты. Кезінде жылу-электр ор­­­та­лығында жұмыс істепті. Сон­дық­­­тан әр үйге керек – жылуды ұзақ уақыт сақтайтын пеш жасауды біледі.

Тұрғындардың айтуынша, көк­темде қар суы есіктің алдына дейін жайылады екен. Өйткені кей көше­лердің жиегіне арық қазылмаған. Қар басып жатса да жолға қиыршықтас төселгенін аңғару қиын емес. Біз­дің келетінімізді білгендей көз ал­дымызда арнайы техника көшенің қарын сырып өтті.

Қаланың іргесіндегі шағынаудан тұрғындарының замана игілігінен қағылып отырғанын аңғару қиын емес. Соған қарамастан тұрғындар белсенді. Жаңа жыл мерекесі қар­саңында тұрғындар өз қалталары­нан қаражат шығарып, орталық кө­ше­нің біріне балалар үшін шырша ор­натыпты. Аяз ата мен Ақшақар бо­лып киініп, бүлдіршіндерге мереке­лік көңіл күй сыйлаған көрінеді.

– Аққайың ауданынан мұнда кө­шіп келгеніме жарты жылдан асты. Қымбатшылық қысқан мынадай кезде бір жалақымен күн көру мүм­кін емес. Сондықтан өз қаражатыма қора салып алдым, 50 тұяқ қой бағып отырмын. Ал үйдің кем-кетік тұсын өзім жөндеп алдым, қазір жылы. Көше жарығының жоқтығы түнде жүретіндерге қиын, – дейді Алдияр есімді тұрғын.

Шағынаудан тұрғындарының ша­ғымын арқалап, Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бас­шысының орынбасары Айдын Ма­­кеновке жолықтық. Ол көше шам­дарын орнатуға жауапты емес еке­нін жеткізді. Мектеп, балабақша, дү­кен салу мәселесі жуырда шеші­ле қоймайтынын айтты. Ал автобус­тар­дың шағынауданның ішімен жүр­меуі­­не жолдың тарлығы мен ас­фальт төселмеуі басты себеп көрі­неді. Ай­туынша, қоғамдық көлік жа­ңа бол­ған­дықтан, жүргізушілер қиыр­шықтас дөңгелегін жара ма деп қауіптенеді.

– Біз қаланың айналасындағы шағынаудандардың көшесін қардан тазалап, автобустың іркіліссіз қаты­науын қамтамасыз етеміз. “Солнеч­ный-2”-нің жағдайынан толық хабар­дармыз. Қажетті қаражат бөлінген­нен кейін ондағы көшелерге ас­фальт төселеді. Біздің қазіргі негізгі жұмысымыз – “Отбасы банкпен” бірлесе отырып, үйлердің құжатын әзірлеу, – дейді Айдын Есләмұлы.

Бөлім басшысы орынбасары­ның сөзінше, ондағы үйлердің бар­лығында құжат бойынша қоршауы болуы тиіс екен, ауызсу үйге дейін кір­гізіліп, септик қазылып, электр сы­мы тартылып, жолы асфальт­талуы керек. Құрылыс жұмыстары әлі жал­ғасып жатқандықтан, кем тұстары әлі де түзеледі. Ал қыста кө­шелердегі қарды тазалау жұмыста­ры кесте бойынша атқа­рылады.

Қалалық әкімдіктің берген мәлі­метінде “Солнечный-2” кентінде 2094 жер учаскесі бөлініп, 56,9 ша­қырым көше жолына қиыршықтас төселгені көрсетілген. Қазір мұнда 200-ден астам бірқабатты үй бой көтерген. Бұл баспаналарды қала­лық әкімдікте жер теліміне кезекте тұрғандар алған. Мемлекеттік бағ­дар­лама 2017 жылдан бастап жү­зеге асырылған. Үйлердің ауданы 70-90 шаршы метр аралығында. Бас­пана тұрғызумен екі мердігер ком­пания – “Зерттеу СК” және “Құрылыс сервис СК” ЖШС-лары айна­лысып­ты. Біріншісі 72 үй салса, екіншісі 139 баспана тұрғызған.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp