«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҒЖАННЫҢ ҚИЛЫ ТАҒДЫРЫ

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Биыл мерейтойлары аталып өтілетін ақын-жазушылардың ең биік шоғырында қазақ өлеңін жаңа деңгейге көтерген қалам­гер, Алаштың ардақты перзенті Мағжан Жұмабаев тұрғаны ақи­қат дүние. Ақынның 130 жылдығына арналған шаралар легі оның туған жері Қызылжар өңірінде басталып кетті. Сондай жиын­дардың бірі Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әм­бебап кітапханада өтті.

“Біздің Мағжан” атты ауқымды көрменің ашылуына жырсүйер қа­уым мен жастар жиналды. Кітапха­наның кең залының бір қабырғасын алып жатқан көрмеге ақынның шы­ғармашылығы мен өмірінен сыр шертетін жыр жинақтары, зерттеу­лер мен энциклопедиялар қойыл­ған. Көрмедегі тарихи суреттер мен құжаттардың да алар орны ерекше. Олардың әрқайсысы туралы тың мағ­лұматтарға кітапхана қызметкері Қайыр­жан Мәлікова қанықтырды.

– Мағжан Жұмабаевтың өмірі ақи­қат пен аңызға толы. Бұл көрме арқылы оқырмандар мол дерек­тер­мен таныса алады. Ақын жайлы жа­зылған зерттеулерге де орын беріл­ген. Мұндағы әдебиеттерді төрт тіл­де оқуға болады. Кітапхана қо­рындағы Мағжанға қатысты кей кі­таптар өте құнды саналады, – дейді ол.

Сонымен қатар көрмеде ақынға қатысты құжаттардың көшірмелері, оның алғаш рет жарық көрген жыр жинағының көшірмесі, ол ақтал­ған­нан кейін алғаш жарық көрген кіта­бы, әдеби зерттеулер мен газет-журнал мақалалары қойылған екен. Жиналғандар Амангелді Жүсіпов таныстырған суретке ерекше назар салды.

– Бұл суретті маған ақынның жары Зылиха анамыз табыстаған бо­латын. Оны көзімнің қарашығындай сақтап келемін. Суретті Мағжанға қа­тысты шараларға апарып, жастарға ол жайында айтып жүрмін, – дейді Амангелді Жүсіпов.

Мерейтойға арнап рухани орын ұжымы мобильді кітапхана дайын­дапты. Осылайша жастар ақпарат­тық технологиялардың көмегімен Мағ­жан жырларынан сусындай алады. Бұдан бөлек, көрмеде ақынның өлеңдері оқылып, Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің шәкірттері өз өнерлерін көрсетті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp