«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

АҚҚАЙЫҢҒА АРАША ТҮСЕР ЖАН БАР МА?

Бектұрған Лақадыл

 turgan_bek84@mail.ru

Мың бұралған аққайыңдар Солтүстік Қазақстан облысының ажарын ашып тұр десек, артық айтқандық емес. Өңірдегі орман алқаптарының тоқсан пайызында осы ағаш түрі өсетіні белгілі. Талай ақынға шабыт беріп, жырына арқау болған биші қайыңдар соңғы уақытта сиреп бара жатқаны табиғат жанашырларының ғана емес, осы қасиетті жердің байырғы тұрғындарының қабырғасына қатты батуда. Жоғары мінберлерден әрбір кесілген ағаштың орнына он көшеттен отыр­ғызылып жатқаны жайлы есеп берілгенімен жайқалып өскен орман байқалмайды. Не еккен ағаш­тары қурап қалады, не жалған есеп беріледі, бәлкім, миллиондап отырғызған көшеттері адам көзіне көрінбей өсе ме? Осы және оқырмандардың өзге де сұрақтарына “Tıkelei bailanys” айда­рының кезекті қонағы – облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Василий Алексеевич Лабанчуктен жауап алуға тырыстық.

Серік БЕКЖАНОВ,

Аққайың ауданының

тұрғыны:

– Бұрын Аққайың ауданын­дағы Аралағаш, Дайындық ауылдарының маңы ит тұмсығы өтпейтін орманымен ерекше еді. Қазір сол ағаштар жаппай оталу­да. Естуімізше, ондағы ағашты ке­сумен негізінен кәсіпкерлер айна­лысады. Олардың жұмысына сіз­дердің тараптарыңыздан қада­ғалау бола ма?

– Біз орман шаруашылығына қатысты мәселелердің бәріне жіті назар аударамыз. Ағаш кесумен ай­налысатын кәсіпкерлердің жұмы­сынан толықтай хабардармын. Бәрі де ісін заң жүзінде әрі құжат бо­йынша жүргізеді. Сұрағыңызға жауап берер болсам, 2020 жылы Аралағаш ауылының маңындағы 8,6 гектар алқаптағы су тиген ағаш­тарды кесіп, шамамен 743 текше метр отын даярлау үшін екі кесу алаңы белгіленіп, сол жерлерде жұ­мыс жүрді. Ешқандай заң бұзушылық болған емес. Отын Аралағаш ауылының тұрғындарына және “Қасенов” ЖК-ға өтініштері бойынша берілді.

Бұдан бөлек, Аралағаш ауылы­ның тұрғындарына арналып 204 текше метр отын дайындау үшін 1,5 гек­тар аумақтың ескі ағаштары бөлініп, кесу жұмыстары жүргізілді.

2021 жылы 0,1 гектар аумақта электр желілеріне ағымдағы жөн­деу жұмыстарын жүргізу үшін 1 тек­ше метр ағашты кесуге рұқсат бе­рілді.

2022 жылы “И.Бигелдинов” ЖК-ның өтініші бойынша 4,2 гектар ал­қаптағы сулы жерде тұрып шіри бас­таған ағаштардан 316 текше метр отын алу үшін екі кесу алаңы белгі­ленді. Ағаш тұрғындардан, жеке кә­сіпкерлерден келіп түскен өтініштер бойынша босатылады. Бүгінге дейін өтінішпен келгендердің бетін қай­тарған жағдай тіркелген жоқ. Ағаш­тарды кесу орман күзетінің қатаң бақылауымен жүзеге асады.

Жұматай МЕРГЕН,

Жамбыл ауданының

тұрғыны:

– Жамбыл ауданында мың бұралған қайыңдарды отқа жа­ғып, кәуап пісіруге арналған ар­найы көмір дайындайтын кәсіп­керлер бар. Ағашты түтінін будақ­татып құр босқа жағу – ысырап­шылдықтың көрінісі ғой. Қайың көмірін шығарумен қоса жылуды да тиімді пайдалану керек шығар. Мәселен, мектепті жылытса де­ген­дей. Қазір жылу далаға кетіп жатыр.

– Сіздің меңзеп отырғаныңыз Жамбыл ауданының Троицкий ауылдық округінің аумағында орна­ласқан “Лидер уголь” ЖШС. Аталған серіктестік қайың көмірін өндірумен айналысады. Өндіріс орнында жер­гілікті тұрғындардан құралған 15 адамдық бригада жұмыс істейді. Онда ешқандай ысырапшылдық кө­рініс тауып жатқан жоқ дегім келеді. Бір нәрсені анық түсініп алуымыз керек, серіктестік ағаш дайын­даумен айналыспайды, ағашты ши­кізат ретінде қолдана отырып, жаңа өнім шығарады. Қажет ағаш Мам­лют, Жамбыл, Есіл, Шал ақын аудандарының аумағынан әкелінеді.

Олар кез келген қайыңды кесіп, отқа жаға бермейді, санитарлық та­лапқа сай ескірген, қураған ағаштар құжат бойынша әкелінеді. Оның ішінде тұрмыстық қажетке жарам­сыз ағаштар көбірек пайдаланы­лады. Сырт көзге қайыңдарды шеті­нен отап, отқа салып жатқандай көрінгенімен, барлық жұмыс тәртіп бойынша атқарылып жатыр.

Негізі қайың көмірі – сұранысқа ие өнім. Қолдану өте ыңғайлы, сон­дықтан жазда демалатындарға тап­тырмас зат. Өйткені жанған кезде ол түтін шығармайды және ұшқын ұшпайды, жағымсыз иісі де жоқ. Өндіру барысында табиғи шикізат қана пайдаланылады, зиянды хи­миялық заттар немесе денсаулыққа қауіпті басқа қоспалар қосылмайды.

Ал енді сіз айтқан жанып жатқан ағаштардың жылуын тиімді пайда­лану жағын ойластыру қажет екен.

Саят ҚҰДАЙБЕРГЕН,

Мағжан Жұмабаев

ауданының тұрғыны:

– Қазір жеке шаруашылық ие­лері жер көлемін кеңейту мақса­тын­да егінді орманға тақап егетіні өтірік емес. Бұл қаншалықты заң­ды? Негізінде орман мен егістіктің аралығында межелі жер қалу керек қой? Орман мен егістік жер­дің арасы қанша болу керек? Оны кім қадағалайды?

– Мемлекеттiк орман қорының жер учаскелерiне меншiк құқығы Қа­зақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен белгiленедi және тұрақты жер пайдалану актiлерiмен куәландырылады. Біздің облыста қайың, көктерек егілген алқаптар көп. Олар негізінен егістік алқап­тардың арасында орналасқан. Ор­манға тақап жер жыртуға негіз жоқ. Қандай дақылды алсақ та ағашқа жақын егілсе өнімділік аз болады. Өйткені ағаш топырақтағы өсімдікке пайдалы элементтерді өзіне тартып алады. Бұдан бөлек, ағаштардың кө­леңкесі түсіп тұратын жерде өсімдік дұрыс өспейтіні тағы да белгілі. Ор­ман шаруашылығына қатысты нор­мативтік құжаттарда егістік пен ор­манның арақашықтығы белгілен­беген. Сондықтан әр шаруашылық иесі қажетіне қарай қашықтықты сақ­тайды. Бірақ олардың әрекетінен орманға қандай да бір зиян келіп жатқан жоқ.

Соған қарамастан табиғи ормандарды қорғау үшiн мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн айналдыра, ені 20 метр күзет аймақтары көр­сетілген. Олар Қазақстан Республи­касының Жер кодексіне сәйкес бө­лінеді. Буферлік аймақ шегінде мем­лекеттік орман қоры учаскелеріндегі зиян келтіретін кез келген қызметке тыйым салынады. Мемлекеттiк орман иеленушiлер өздерiне бе­кiтiлген аумақтарда орман заңнама­сын бұзудың алдын алу, дер кезiнде жолын кесу жөнiндегi жұмыстарды жүргiзедi және қолданыстағы заң­намаға сәйкес қажеттi шараларды қолданады.

Алмагүл МАНАПҚЫЗЫ,

Ақжар ауданының тұрғыны:

– Халық арасында “бір ағаш кессең, он ағаш ек” деген нақыл сөз бар. Жаңадан отырғызылған көшеттердің көбі көктемей жатып қурап қалады. Жылына миллион­дап көшет ектік деп есеп бересіз­дер. Бірақ егіліп жатқан көшеттің жайқалып өскені көрінбейді. Бүгінгі таңда қағаз жүзіндегі есеп емес, бүлінген орманның орнын толтыру үшін қандай нақты жұ­мыстар істеліп жатқаны маңызды. Өткен жылы өңіріміз бойынша қанша түп ағаш отырғызылды? Қаншасы жетіліп өсті?

– Мемлекеттік орман шаруа­шылығы кәсіпорындары Солтүстік Қазақстан облысында 2021-2025 жылдарға арналған орман өсіру көлемін ұлғайту жөніндегі бекітілген кешенді жоспарға сәйкес жұмыс жүргізуде.

Өткен 2022 жылы 1652 гектар ау­мақта ағаш отырғызу жұмыстары жүр­гізіліп, 6 миллион 813 мың көшет егілді. Отырғызылған көшеттер тұ­рақты бақылауда, әдетте ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілген­нен кейін орманшылар жас көшет­терді өз жауапкершілігіне алады. Мерзімді уақыт аралығында тексеріп, өсу барысынан мәлімет жинайды. Мәселен, күзде отырғызылған көшеттерді қысқа дайындаудың өзі үлкен жұмыс. Олардың қисайып не­месе жұлынып қалмауын, басқа да жағдайлардың алдын алу мақса­тында керек болса жіппен байлап, оның түзу өсіп, берік тамыр жаюына жағдай жасайды.

Ал көктем шығысымен оларға түгендеу жүргізіледі. Егер де егілген көшет қураған жағдайда, ары кетсе үш жыл ішінде, алқапқа қайтадан ағаш отырғызылады. Ағаш кесілген жерлер міндетті түрде тексеріледі, егер кесілгеннен кейін аумақ табиғи түрде қалпына келмесе, міндетті түрде егу шаралары тағайындалады. Осы жөнінде Мемлекет бас­шысының арнайы тапсырмасы бар.

Манарбек МҰСТАФИН,

Мамлют ауданының

тұрғыны:

– Ауыл тұрғындары қайыңды көмірге тамызық ететіні рас. Он­сыз болмайды. Қазір бір машина отыныңыз 50-55 мың теңгенің ай­наласында. Қаншама жүк көлік­тері орманнан отын артып шы­ғып жатады. Ұзын әрі түзу ағаштарды тиеп шығатындар да жоқ емес. Біреу тойып, біреу тоңып секіретіні белгілі. Отын кесумен айналысатындарға қандай құжат беріледі? Өңірімізде осындай жұмыспен айналысатын қанша кәсіпорын бар? Қадағалау жағы қалай?

– Халықты отынмен қамтама­сыз етумен 12 мемлекеттік орман ша­руашылығы және 15 ұзақмер­зімді орманды жалға алушы айналысады. Ағаш дайындауға рұқсат алу үшін тұтынушы мемлекеттік орман шаруашылығына өтініш береді, өтінішті мекеме басшысы қа­рап, шешім қабылдайды. Тиісті төлем “Қазпоштаның” бөлімшелері арқылы қабылданады. Ағаштың ақы­сын төлегеннен кейін тұтынушы мемлекеттік орман шаруашы­лы­ғына келеді. Мемлекеттік орман ша­руашылығының сату бағасы санитарлық кесінділер үшін 1 текше метріне 2000 теңге көлемінде деп белгіленген.

Ағаш орманшылардың белгілеп берген жерінде дайындалады. Бас­қарманың және мемлекеттік орман шаруашылығының құзыретіне дайын отынды өткізумен айналысатын машиналарды бақылау және қадағалау кірмейді. Ұзақмерзімді ор­ман пайдалануды жүзеге асыратын ор­ман пайдаланушылар отынды өздері белгілеген баға бойынша сатуды жүзеге асырады. Халықтың кө­зіне кез келген адам орманға кіріп, көлігіне отын артып кете беретін сияқты көрінуі мүмкін. Іс жүзінде олай емес, барлығы белгіленген тәртіп бойынша алады. Ағаш кесушілерден түскен ақша мемлекеттің қазынасына құйылады.

Манап ҚҰСАЙЫНОВ,

Есіл ауданының тұрғыны:

– Облыс орталығынан кез кел­ген бағытқа шықсаңыз жол бо­йындағы орман алқаптарының іші қураған, шіріген, құлаған ағаштарға толы екенін көреміз. Көзімізге шалынбағаны қанша­ма? Орман ішін тазалаудың бір жолы – оны отынға пайдалану. Халықтың қажеті үшін өсіп тұрған ағашты шапқанша, құлап жатқан­дарын неге тегін бермеске? Бұл туралы орман заңында не дейді?

– Табиғатта кей ағаш суды молынан қажет етсе, кейібіреулері құрғақтау алқапта өседі. Ал ұдайы шалшық суда тұра берген өсімдік шіриді. Сіздің көргеніңіз 2014-2017 жылдар аралығында суда қалып қойған ағаштар болуы мүмкін. Осы жылдарда өзен-көлдерде су деңгейі үш метрге дейін көтерілді. Ағаш діңі қажетті оттегімен толықтай қамта­масыз етілмегеннен кейін осындай жағдайға тап болары анық. Оның үстіне ылғал көп болғандықтан, ағаштарды кесу де мүмкін болмады.

Ылғалды ормандардағы ағаш ал­дымен жапырағынан айырылады. Кейін шіри бастайды. Мемлекеттік ор­ман шаруашылығы кәсіпорын­дарында ағаштарды су ішінде ке­суге арналған арнайы техникалар мен жабдықтар жоқ. Мүмкіндік бол­са, санитарлық-сауықтыру шара­ла­ры дер кезінде жүргізіледі.

Ал шіріген ағаштарды тұрғын­дарға алуға рұқсат беруге келетін болсақ, орман арасындағы бұтақ-шырпыларды және қураған ағаш­тар­ды алу үшін де төлем белгіле­неді, тегін беру заңмен қарасты­рылмаған. Сондықтан орманда шіріп жатқан ағаштарды да ешкім рұқсатсыз ала алмайды.

Әйгерім ЖҰМАТОВА,

Айыртау ауданының

тұрғыны:

– Жазда қайыңның жібек құр­ты қаптайтыны белгілі. Ол кейде бір алқаптағы ағаштардың жапы­рағын түгелдей жеп қояды. Қазір сол орман зиянкестерімен күрес қалай жүріп жатыр?

– Қазір орман шаруашылығына әртүрлі зиянкестер қауіп төндіруде. Жалпы зиянкестер дегеніміз – адам мен жануарларға түрлі ауру қоздыр­ғыштарын таратып, өсімдіктерді зақымдайтын ұсақ жәндіктер. Олар орманға да ауыр зиян келтіреді. Ауыл шаруашылығы зиянкестері егістік пен табиғи өсімдіктерді за­қым­дап, ауру таратады. Бұларға негізінен кенелер, көпаяқтылар, бауыраяқты ұлулар жатады. Тіпті кірпі, көр­тышқан, жертесерден бастап, түлкі, қоңыр аю сияқты аңдар да орманға зиян келтіреді. Зиянкестер ағаштың жапырағын, бұтағын, гүлін, жемісі мен тұқымын жеп, діңін тесіп, та­мырларынан шырынын сорады. За­қымданған ағаштар өсуін тоқтата­ды. Олар бірте-бірте қурап қалады. Зиянкестер отырғызылған екпелерге де зиянын тигізеді. Олардың өнімділігін төмендетеді және әлсіретеді.

Біздің өңірімізде сіз айтып отырған жібек құрты қазір жоқ. Керісінше, об­лыстың мемлекеттік орман қоры аумағындағы 3900 гектар жерінде сыған көбелегі пайда болды. Мұндай жағдай Ғабит Мүсірепов атындағы, Айыртау, Мағжан Жұмабаев ау­дандарында байқалды. Күзде мем­лекеттік орман шаруашылығы кәсіпорындарының мамандары олардың зақымдаған алқаптарын анықтады. Бұл зиянды жәндікпен күресу шаралары жүргізіліп жатыр. Алайда бұл іске қомақты қаражат жұмса­латындықтан, тиісті қаржы көздері іздестірілуде. Орманға төнген қауіптің алдын алу үшін біздің тарапымыздан жұмыстар істеліп жатыр.

Болат НЕГИМОВ,

Шал ақын ауданының

тұрғыны:

– Жол бойы кетіп бара жатып кейбір жерлерде қайыңдардың жапырақтан жұрдай сабағы ғана сидиып тұрғанын байқаймыз. Оларға не болған? Жалпы орман­да аурудың қандай түрлері көп?

– Оларға не болғанын сыртынан қарап айту қиын. Мәселенің мәніне анық көз жеткізу үшін ағашты тамырынан сабағына дейін зерттеу керек. Олардың қурау себептері әртүрлі болуы мүмкін. Оны анықтау үшін сабақты, жапырақты, тамырды зерттеу керек.

Замира ШӘУШЕКОВА,

Тимирязев ауданының

тұрғыны:

– Қала аумағына және аудан ортылықтарына жыл сайын шыр­ша отырғызады. Оның көбі бір жыл­ға жетпей қурап қалады. Жыл сайын осы шыршаларға қан­ша қаражат бөлінеді? Неге шырша қалаға жерсінбейді? Осыны зерттеген адам бар ма?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, әр өскіннің өзіндік ерекшелігі болуы мүмкін. Негізінен шырша тектес өсімдіктер тастақты жерге де көктей берді. Сондықтан оның себебін нақты айта алмаймын. Біз орман алқаптары мен ормандағы жасыл алқаптарды ғана қараймыз. Орман қорының бекітілген учаскелерінде орман өсіру жұмыстарымен айналысамыз. Ал қала мен елді мекендерде көшет отырғызу жұмыстары біздің өкілеттігімізге кірмейді.

Жарас КЕМЕЛ,

Петропавл қаласының

тұрғыны:

– Петропавлға оңтүстіктен кіре берістегі аққайыңдарды жал­ғыз күнде кесіп тастаған Ф.Абдуллаев деген азаматқа қандай шара қолдандыңыздар? Ағашы оталған алқап енді не болады?

– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 15 желтоқ­сан­дағы №1215 “Орман қоры жер­лерінің жекелеген учаскелерін елді мекендер жерлеріне ауыстыру ту­ралы” қаулысымен бұл учаске Пет­ропавл қаласының иелігіне берілді. Осы аумақта қайыңдарды заңсыз кесу мәселесімен прокуратура және полиция департаменті айналысты. Естіуімше, аталған іс бойынша тер­геу әлі жүріп жатыр.

Дайындаған

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

РЕДАКЦИЯДАН: Орман – жердің өкпесі. Улы газдарды жұтып, оттегін бөлетін ағаштар азайса, ауа да ластанатыны хақ. Ит тұмсығы өтпейтін ну ормандарымыз селдіреп бара жатқанын айтып, ауыл тұрғындары дабыл қағуда. Бірақ құлақ асқан жан жоқ. Осы күзде облыстың жүз шақты елді мекенін аралаған кезде аққайыңдар оңды-солды оталып жатқанын өз көзімізбен көрдік. Бұл жерде ағаш кесушілердің немесе аққайыңды жағып, қара көмір жасап жатқандардың ісі заңсыз деп айта алмаймыз. Себебі қолдарында рұқсат құжаттары бар. Қағаз жүзінде бәрі дұрыс, ал олардың қандай ағашты кесіп жатқанын қадағалап жүрген жан бар ма? Сол сияқты Орман кодексінің 85 бабында айтылған егіс алқабы мен орманның арасындағы міндетті 20 метр қауіпсіздік қашықтығын да сақтайтындар сирек. Көбі түбіне дейін жыртып тастайды. Оған да ешкім қой деп жатқан жоқ. Сондықтан сауал жолдаған оқырмандар орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Василий Лабанчуктің жауабына қанағаттана қоймайтыны анық. Болашақта бұл тақырыпқа қайта оралып, мұқият зерттейтін боламыз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp