«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛЫСТАҒЫ БАУЫРЛАРҒА КӨМЕК Түркияға теріскейден бес дәрігер аттанбақ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

6 ақпан күні Түркияның оңтүстік-шығысында жер сілкінді. Кахраманмараш провинциясында оның магнитудасы 7,4 балға дейін жеткен. Салдарынан ондаған қалада жүздеген үй мен ғимарат қирады. Бүгінде бауырлас елде зілзаладан қаза тапқандар саны 6 мыңға жетіп отыр. 35 мыңға жуық адам жарақат алды. Бұл туралы Түркияның төтенше жағдайлар қызметі хабарлады. Үйінді астында жатқандар қаншама?

Кезінде поэзия пайғамбары Мағжан Жұмабаев түркі халқының басындағы ауыр жағдай туралы:

“Бауырым, сен о жақта, мен бұ жақта,

Қайғыдан қан жұтамыз…” – деп “Алыстағы бауырыма” атты өлең арнап, өзі қаржы жинап жөнелткен екен. Мағжанның игі жолын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Қазақстан халқы да жалғастыруда. Мемлекет басшысы Үкіметке жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 млн. доллар бөлуді тапсырды.

Жойқын жер сілкінісіне байланысты Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған 12 ақпанға дейін ұлттық аза тұту күнін жариялады. Сондай-ақ зілзаладан зардап шеккен 10 провинцияда 3 айға дейін төтенше жағдай режімі енгізілді. “Біз Түркия тарихында ғана емес, әлемдегі ең үлкен апаттардың біріне ұшырап отырмыз. Зілзала болған аймақта жұмыс істеу үшін барлық мемлекеттік құрылымдар, қызметкерлер мен техникалар жұмылдырылды”, – деген Түркия Президенті Режеп Ердоған әлемдік қауымдастықтан көмек сұрады.

Алғашқылардың қатарында Қазақстан көмек қолын созды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркиядағы зілзала зардаптарын жоюға шұғыл көмек көрсету туралы тапсырмасына орай Солтүстік Қазақстан облысынан да медициналық мамандар аттанбақ. Біздің облыстан Түркияның зардап шеккен аймақтарына бес дәрігер ұшады. Олар жоғары санатты дәрігерлер: дәрігер-хирург – Руслан Абетов, дәрігер-реаниматолог – Сергей Ишин, ортопед-травматолог – Евгений Никонов, екінші санатты дәрігер-нейрохирург – Максим Задворный және жалпы практика дәрігері – Нияз Әбдірақымов.

Ал еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсету үшін Түркияға жетіп үлгергенін айта кеткен жөн. Құрамында 41 адам бар. Олар – республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары, медициналық қызметкерлер. Өздерімен бірге иісшіл иттерді де ала барған. Қажетті жабдықтармен жарақтандырылған мамандар іске кірісіп кетті.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp