«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮНГІ ӘУЕ РЕЙСТЕРІ АШЫЛУЫ МҮМКІН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров Петропавлдағы бірқатар нысандарды аралады. Өңір басшысы алдымен “Есіл су” республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысып, кейін темір жол және автовокзал мен халықаралық әуежайға барды.

“Есіл су” кәсіпорны облыс аудандары мен Қостанайдың 248 елді мекенінде тұратын 203 мың тұрғынды сапалы тіршілік көзімен қамтып отыр. Жылда бұл жұмыстарды атқаруға 3,2 млрд. теңге бөлінеді, оның 290 млн.-нан астамы облыс бюджетіне тиесілі. Кәсіпорын соңғы уақытта 4 өндірістік учаскеде болған ірі апатты жойып, жөндеу және су желілерін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Бір жылдың өзінде топтық су құбырлары 1355 рет істен шыққан.

“Есіл су” кәсіпорнының қарамағындағы су желілерінің жалпы ұзындығы 3173 шақырымды құрайды. Бүгінгі күні оның 2126 шақырымында күрделі жөндеу және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Кәсіпорын басшысы Қанат Асқаровтың сөзінше, биыл тұрғындарға 5 млн. текше метр көлемінде сапалы ауызсу жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін 4,5 млрд. теңге субсидия қажет екен. Өңір басшысы бұл мәселе жақын уақытта өз шешімін табатынын жеткізді.

“Қызылжар су” серіктестігіне тиесілі су құбыры желілерінің ұзындығы 344,4 шақырымды құраса, 58 пайызының тозығы жеткен. Салдарынан өткен жылы Петропавлда 113 апат орын алып, облыс орталығының бірнеше шағынауданы тіршілік нәрінсіз қалды. Қаладағы кәріз желілерінің 257-і шақырымы аталмыш кәсіпорынның меншігінде, оның 62 пайызы ескірген. Соңғы жылдары серіктестік өз қаражаты мен жергілікті бюджет есебінен ұзындығы 162,6 шақырым болатын құбырларды жөндеген.

– Серіктестігімізге тағы 100 млн. теңге бөлінеді. Бірақ бұл қаражат тозығы жеткен кәріздік құбырларды жаңалау үшін жетпейді. Су тарату желілерін толығымен жөндеуге 300-400 млн. теңге керек, – деді “Қызылжар су” ЖШС-ның бас директоры Жеңіс Сұлтанов. Облыс әкімі қала басшысына бұл мәселені бақылауға алуды тапсырды.

– Облыс, Үкімет және қала қосылып, жолын табуымыз керек. Сол үшін кездесу ұйымдастырамыз. Қосымша қаржы қарастырайық. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, жыл сайын құбырлардың тозу деңгейін 15 пайызға дейін азайта алсақ жақсы болар еді, – деді облыс әкімі Айдарбек Сапаров.

Өңір басшысы өткен жылдың шілде айында сенімгерлік басқаруға берілген Петропавл халықаралық әуежайына барды. Осыдан 6 жыл бұрын күрделі жөндеу жүргізілген. Ол кезде бұл мақсатқа ел қазынасынан 7 млрд. теңге бөлінген еді. Ұшып-қону жолағы мен жолаушылар терминалы жаңартылған.

– Енді 40-қа жуық кемшілікті жоюымыз керек. Олар жанармай құю және түнгі рейстерге байланысты. Сәуір айына дейін бәрі реттеледі деп күтудеміз. Басты мақсатымыз – әуежайдың жұмысын тоқтатпау. Жалпы бұл шектеулерді алып тастау үшін ұшу-қону жолағындағы жарық белгілері қондырғыларын қалпына келтіру керек. Біз жаңа шамдар сатып алдық. Енді оны орнатпақшымыз, – деді инвестор Евгений Тюрморенко. Өңір басшысы Алматы мен Астанаға қатынайтын түнгі әуе рейстерін ашу мүмкіндігін қарастыру керек екенін айтты.

– Көктемде сертификат алса, одан кейін жергілікті әуежай түнде де ұшақтарды қабылдай алады. Осының арқасында рейстердің саны өседі. Инвесторлар әуежайды дамыту жоспарын дайындауда, – деді Айдарбек Сапаров.

2020 жылы темір жол вокзалына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілгені белгілі. “Ресей темір жолдары” компаниясына тиесілі нысанды жаңартуға 3 млрд. теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Жолаушыларға барынша ынғайлы болу үшін жаңа лифттер мен эскалаторлар орнатылды. Облыс әкімі соңғы рет осыдан 8 жыл бұрын жөндеу көрген автовокзалдың да жұмысымен танысты.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp