“Абылай хан резиденциясы” музей кешенінде “Абай оқулары” өтті. “Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін” атты байқауды резиденция ұжымы мен Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясы бірлесе отырып ұйымдастырған.
Данышпанның өлеңдері мен қара сөздерін оқушыларға кеңінен насихаттауды көздеген сында талапкерлер екі аталым бойынша бақтарын сынады. Бірінші аталым қара сөздерін жатқа айту болса, екіншісі ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқу.
– Абай Құнанбайұлы – Ұлы дала тарихына өшпес із қалдырған дара тұлға. Оның шығармашылығында ұлттың бар болмыс-бітімі, тұрмыс-тіршілігі, көзқарасы мен дүниетанымы, діні мен тілі, өткір тілі мен қайсар рухы – бәрі де айқын көрініс тапқан. Ақынның мол мұрасы талай ғасыр өтсе де маңызын жоймақ емес. Кемеңгердің шығармаларын насихаттау жолдары мен тәсілдері жылдан-жылға түрленіп, кемелдене түсуде. Ал өскелең ұрпақтың зердесін ашып, ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетіміздің тұнық нәрін саналарына сіңдіру – біздің парызымыз, – дейді музей қызметкері Назгүл Бейсембина.
“Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы” аталымында данышпанның қара сөздерін нақышына келтіріп оқыған Нұрмұхаммед Баратбай 1-орынды иеленсе, “Өлмейтұғын артына із қалдырған”, яғни Абай қара сөздерін жатқа оқуда Нұрай Қанағат жеңімпаз атанды.