Иван Шухов атындағы қалалық кітапханада шығармашылық диалог ұйымдастырылды. Бұл шараға студенттер мен өнер саласының өкілдері қатысты. Басты мақсаты – қазақтың ұлттық салт-дәстүрін жастар арасында насихаттау.
Қос тарап ұлттық аспаптар жайында әңгімелесіп, көне киім үлгілері туралы ойларымен бөлісті. Николай Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының қоюшы-режиссері Тимур Кәрімжанов балаларға актерлік өнер жайлы әңгімеледі. Студенттер өнерпазбен бірге ортаға шығып, көрсеткен іс-қимылдарын қайталады.
“Томирис” балалар сән театрының өкілдері “Ұлы дала” атты киім топтамасын көрсетті. Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі – дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының оқытушысы Ханымгүл Базарова өзімен бірге көне шертер аспабын ала келген екен. Ол ұл-қыздарға осы аспаптың шығу тарихы жайлы баяндап берді. Шәкірті Жанар Қасенова халық күйі “Ақсақ аюды” орындады.
– Шертер аспабын балалардың көбі біле қоймайды. Себебі, бұл – көненің көзі. Бұл аспапқа арналған шығармалар аз. Сондықтан қазіргі композиторлар өз үлестерін қосып, жаңа туындылар шығаруда, – деді Ханымгүл Базарова.
Кітапхана қызметкерлері мұндай диалог алаңын алдағы уақытта жиі өткізіп тұратындарын жеткізді. Шара соңында жастар өнерге деген қызығушылықтарын білдіріп, өздерін мазалаған сұрақтарын қойды.