«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Балаларға балта ала жүгірген

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы №4 орта мектепте жантүршігерлік оқиға орын алды. Аталмыш білім ордасының тоғызыншы сынып оқу­шы­сы сабаққа балта мен пышақ ала келіп, үш баланы жарақаттады.

Оқыс оқиға 13 ақпан күні таңғы сағат 7:50-де орын алды. №4 орта мектептің тоғызыншы сынып оқушысы сөмкесіне тығып, өзімен бірге ас үйде қолданылатын балта мен пышақты ала келген. Бірден дәретханаға кіріп, бетперде киіп, қаруланып алып, дәлізге шыққан. Жолында кездескен үш баланы жарақаттаған. Оның екеуі ұл, біреуі қыз бала. Оқиға орнына дереу полиция мен “Жедел жәрдем” шақыртылып, екі бала об­лыстық балалар ауруханасына жат­қызылды.

Облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының мәліметінше, зардап шеккен оныншы сынып оқушысы үйіне жіберілсе, екеуіне ота жасалды.

“Таңғы сағат 8:26-да облыстық көпбейінді балалар ауруханасының қабылдау бөлмесіне “Жедел жәрдем” қызметі үш баланы жеткізді. Жа­рақат алған екі оқушыға ота жасалды. Олардың жағдайы бірқалыпты, әзірге жансақтау бөлімшесі дәрігерлерінің қарауында”, – делінген об­лыстық денсаулық сақтау басқармасы таратқан хабарламада.

Оқиғаға қатысты қалалық прокуратура қызметкерлері түсініктеме берді. Мамандардың сөзінше, құқық органдары “Адам өлтіруге оқталу” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

– Ақпанның 13-і күні кәмелетке толмаған баланы полиция қызметкерлері ұстады. Осы дерекке қатыс­ты “Адам өлтіруге оқталу” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Алдын ала мәлімет бойынша, кәмелет жасына толмаған “Д” психиатриялық есепте тұр. Жасөспірім­нің және мектеп әкімшілігінің әреке­тіне сотқа дейінгі тергеу барысында құқықтық баға берілетін болады. Қалған мән-жай анықталып жатыр, – деді Петропавл қаласының прокуроры Арман Нұртазин.

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақ­шасында оқыс оқиғаның мән-жайын толық анықтау үшін арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді. Оған облыстық білім басқармасы­ның, облыстық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің және ювеналды полицияның өкілдері кірді. Тексеріс жұмыстарының қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp