«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Білім бәйгесі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңі өтуде. Білім бәйгесіне 9-11-сыныптарда оқитын 504 оқушы қатысып жатыр.

Облыстық олимпиада екі бағытта 15 пән бойынша өтеді деп жоспарланған. Білім сайысы ақпанның 13-і мен 18-і күндері аралығында Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған гимназия-интернаты, “Лорд” дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты, №8 жалпы орта білім беретін мектеп-эстетикалық тәрбие кешені мен М.Айтқожин атындағы №1 орта мектебінде ұйымдастырылады.

Білім бәйгесіне қала мен аудандық кезеңдерде жеңімпаз және жүлдегер атанған оқушылар қатысып жатыр. Екі турдан сүрінбей өткендер республикалық сайыста өңір намысын қорғауға мүмкіндік алады.

– 504 оқушының 223-і жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша білімдерін сынамақ. Ал қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша 281 оқушы қатысады. Академиялық адалдық пен ашықтықты сақтау мақсатында олимпиада электрондық форматта, “Еl umiti цифрлық онлайн платформасы” ақпараттық жүйесінде веб-камерадан фотофиксациямен және минут сайын прокторинг сервисін пайдалана отырып өткізіледі. Әр тур аяқталғаннан кейін қатысушылардың сканерленген жұмыстары шифрланып, қазылар алқасының мүшелеріне тексеруге тапсырылады, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.

Әрбір тур аяқталғаннан кейін қатысушылардың жеке деректерін көрсетпей, олардың жұмыстарының сканерленген көшірмелері, тапсырмалар бойынша дұрыс жауаптар және турлардың нәтижелері бар хаттамалар “Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы” КММ-нің ресми сайтында жарияланады.

– Академиялық адалдықты сақтау және олимпиаданы өткізудің ашықтығын бақылау үшін жергілікті жерлерде біздің орталықтың әдіскерлері мен Солтүстік Қазақстан облысы бойынша “Әділдік жолы” республикалық қоғамдық бірлестігінің қызметкері қатысады. Іс-шара онлайн режімде көрсетіледі, барлық бейнебақылау сілтемелері облыстық білім басқармасының сайтында қолжетімді, – дейді Нәзір Жәшібеков.

Әсел ОРАЗБАЕВА,

облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp