«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Дала жайлы болса, қалаға кіріп несі бар

Бектұрған Лақадыл

 turgan_bek84@mail.ru

Өңірімізде соңғы кезде даланың еркесі – еліктердің саны артқаны жайлы көп айтылып жүр. Шынымен де, тасжолдың бойымен кетіп бара жатқан адамға топ-топ болып жайылып жүрген ашатұяқтыларды байқау қиын емес. Далада қар қалыңдап, шөп тауып жеу қиындаған соң, түз тағылары елді мекендерге кіре бастаған. Тіпті Петропавл қаласының көшелерінде жүргенін көргендер бар.

Қорықшылар қалаға кіріп кеткен еліктердің біреуін табиғи тіршілік ету ортасына жіберсе, үшеуін ботани­ка­лық баққа табыстаған. Сондай-ақ қа­ла көшелеріне кіріп кетпеуі үшін ор­ман шаруашылықтары мен аң­шы­лық шаруашылығы субъектілері­нің қорықшылары қаланың айнала­сын­дағы аумақты қарда жүретін тех­ни­ка­мен шарлайды. Топ еліктер көз­ге ша­лынған жағдайда оларды ор­ман ал­қаптарына қарай қайырып тастайды.

Мамлют ауданының тұрғыны Ма­нарбек Мұстафин еліктердің қарасы өткен жылға қарағанда биыл көбей­генін айтады. Ол мұны көрші елдің ормандарынан ауып келген деп топ­шылайды. Елік – жыртқыш аң емес, олардың көбейгенінен келер залал жоқ сияқты көрінеті рас. Дегенмен кейбір тұрғындардың өз малына дайындаған шөбін жеп кететін жайт­тар да жиілеген. Мұндай жағдай Мамлют ауданының Петерфельд ауылында да болған екен.

Бұдан бөлек, жол жағалай жа­йылған жайбайы аң жүйткіп келе жат­қан көлікке көп соғылады. Әсіресе қар жауып тұрғанда немесе боран­ды күндері оларды алыстан аңғару қиын. Соңы қайғылы аяқталып та жа­тыр. Бұдан бөлек, айыппұл арқа­лауың да мүмкін. Облыстық поли­ция департаменті баспасөз қызме­тінің маманы Нұрбек Баекин елік соқ­қан жүргізушіге айыппұлды жануар­лар дүниесі мен балық ресурстары бөлімінің мамандары белгілейтінін айтады. Сондықтан полиция қыз­мет­кер­лері апат болған жағдайда бірден аталған бөлімге хабарла­са­ды. Олар өлген еліктің жасына, жы­нысына қарай айыппұл тағайындай­ды. Айыпты болған жүргізуші өз кө­лігінің бүлінгенімен қоймай, айып­пұлды да төлеуге міндетті.

Оқыс оқиға көбінде түнде бола­тындықтан, елік соққанын айтып еш­кім жар салмайтыны анық. Тіпті аң­ды соқпай айналып өтем деген­дер кейде қарсы келе жатқан өзге көлік­терге не жол белгілері мен ағаш­тар­ға соғылатын жағдайлар да жоқ емес.

Мамлют ауданы, Белое ауылы тұрғындарының айтуынша, елік­тердің саны былтырғыға қарағанда әлдеқайда көп.

– Еліктер ауыл маңында мал сияқты еркін жайылып жүреді. Біз оған мән бермейміз. Облыс орта­лы­ғына дейінгі жол жиегінде кейде өлі денелерін көзім шалады. Әсіре­се қараша-желтоқсан айларында жиі­­леп кетті. Бұрындары мұндай бол­­майтын. Бұл шынымен де олардың санының көптігін аңғартады. Дөп ба­сып айта алмаймын, естуім­ше, Ре­сей жақтан ауып келген сияқ­ты. Бір ерекшелігі, адамнан не кө­ліктен үрік­пейді, түнде көліктің жа­ры­ғына қа­рай қарсы жүреді. Сол үшін де “темір тұлпар” тізгіндеушілер жыл­дамдық­ты асырмағаны дұрыс, – дейді Сейт­бек есімді ауыл тұр­ғыны.

Бұрын еліктер ауылға жақын жа­йылмайтын, тіпті елді мекенге кі­ріп, малдың шөбіне түсіпті деген бол­ма­ған екен. Белое орта мекте­бінің ди­ректоры Елена Хоменко да бұл жағ­дайды растап отыр. “Иә, ра­сын­да да біз­дің ауылдың маңында елік көп. Олар кей тұрғындардың қора­ла­рына дейін кіріп кетеді”, – дейді ол.

Азық іздеп ашыққан аңға ауыл­дың жүйрік төбеттері шауып, жа­ралап тастаған жағдай да кездесті. Иттер талап, бір аяғы сынған елікті қала тұрғындары ботаникалық бақ­қа өткізген болатын.

Газетіміздің өткен сандарының бірінде елік пен маралдың көптігіне жергілікті шаруашылық иелерінің шағымданғанын жазған едік. Қойдай өрген қоңыр аңның адамға зияны жоқ болғанымен, жайлымдық жер мен егістікті таптап кететіні бар. Біз­ге бұл туралы облыстық жануарлар дүниесі мен балық ресурстары бөлімінің басшысы Михаил Никитин айтып берді.

– Өңіріміздегі кейбір шаруашы­лық иелері еліктердің санының көбеюіне шағымданғаны рас. Олар­дың сөзінше, жабайы жануарлар көк­темде және жазда егінді таптап кетеді екен. Маңдай терімен еккен дақылдарынан табиғи апатсыз зиян көргісі келмеген олар ашатұяқты­ларды ату ережелерін жеңілдетуді талап етіп отыр, – дейді ол.

Бөлім мамандарының байқа­уын­ша, қараша айынан бастап өңірі­мізге және Қостанай облысының ау­мағына Ресейдің шекаралас аймақ­тарынан еліктер ауа бастапты. Оған Түмен облысындағы қолайсыз ауа-райы себеп болған сыңайлы. 2022 жылы қарашада ондағы қар аралас жаңбырдан кейін аяз қаһарына мініп, соның салдарынан жердің бе­тін­де мұз қабығы пайда болыпты. Бұ­дан бөлек, күздегі дала өртінің және жер­лерді жаппай жыртудың кесірі­нен де жабайы аңдардың жайылы­мы тары­лып, аязда жайлы мекен іздеп бері қарай өткен сыңайлы.

Біздің облыста сібір елігі көп, олар­дың саны 2022 жылғы есеп бойынша 18858-ге жеткен. Биыл ар­найы квотамен солардың 2027-сін атуға рұқсат берген. Облыстық жа­нуарлар дүниесі мен балық ресурс­тары бөлімінің басшысы жабайы жануарды басқа жаққа айдау мүмкін еместігін айтады. Ол үшін арнай ау­мақ және қомақты қаржы керек. Ал ату жағына келетін болсақ, Қа­зақ­стан Республикасының аумағында қолданылатын аң аулау ережелері­не сәйкес, жануарлар дүниесін пай­далануға рұқсат және аңшылық ша­руашылығы субъектісінен жолдама алғандар әр жылдың 15 шілдесі мен 31 желтоқсаны аралығында ата алады.

Аңшылық шаруашылықтары­ның аумағында мекендейтін жа­нуар­лар 1 ақпаннан 31 наурызға де­йін есепке алынды. Осы есептің нә­тижесі бойынша орман шаруашы­лы­ғы және жануарлар дүниесі ко­ми­теті лимит бекітеді. Ресейден ауған еліктердің есебінен олардың попу­ляциясының көбеюін ескере оты­рып, 2024 жылы аң аулау квотасы­ның мөлшері артуы да мүмкін. Ал заңсыз елік аулағандарға қомақты айыппұл жүктеледі. Бүгінгі таңда об­лыстық орман шаруашылықта­ры­ның қорықшылары рұқсатсыз аң ұстаумен айналысатын адамдарды тексеруде.

Облыс бойынша табиғат қорғау­шы­лар жабайы жануарларға қысқы азық үшін биыл 12 мың центнер шөп, 8 мың центнер жем, 160 цент­нер тұз және 600 мың бума шөп да­йындаға­нын да айта кеткен жөн. “Ар­қа жай­лы болса, арқар ауып несі бар” де­мекші, жабайы еліктердің дала жайлы болса, қалаға кіріп несі бар?

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp