Ізгі қоғамға апарар бес бағыт

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қызылжар” орталық мешітінде өңіріміздегі барлық имамдардың басын қосқан жиын өтті. Шарада өткен жылы облысымыздағы имандылық ордаларында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алда жүзеге асырылар міндеттер талқыланды.

Өткен жылы еліміздегі ғибадат орындары “Ислам және ізгі қоғам” деп аталатын бастаманы басты бағдарға алып, оның аясында көптеген жоспарлы жұмыстарды тындырды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының “Дін мен дәстүр”, “Ізгі қоғам”, “Ихсан және насихат”, “Діни оқу-ағарту” “Жат діни ағымдардан сақтандыру” бағыттары аясында кездесулер, “дөңгелек үстел” отырыстары, байқаулар өткізілді. Былтыр демеушілердің қолдауымен облыстық Құран жарысы ұйымдастырылды. Оған қасиетті кітаптың аяттары мен сүрелерін жатқа білетін жүзге жуық өрен қатысты.

“Алланың ақ жо­лы адалдыққа, адамдыққа жетелейді. Жат ағымдарға ұрынбай жақсы жаққа қарай өзге­ру­ді ислам діні бірінші кезекке қойған. Әр ұлт­тың адамы өз салт-дәстүрін, мәдениетін да­мытуға ешқандай тосқауыл қоймайды. Өйткені тіл, дін, мәдениет бір-бірімен тығыз байланысқан. Ал діннің орталығы мешіт десек, мешіт руханияттың барлық озығын жинап, тозығының кемшілігін көрсетіп отырады. Діннің шын мәніндегі бағытын білген жамағат ешуақытта адаспайды. Ислам дінінің қазақ даласына келгеніне де он екі ғасырдан асты. Біздің елімізде бұл дінге деген құрмет артып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жұмыс істеп жатуы сөзіме мысал бола алады. Министрлік қасиетті дініміздің отанымызда сауатты жүргізілуін, адал ниеттің орындалуын, кейбір теріс пиғылдардың іс-әрекетіне заңдық тұрғыдан тосқауыл қоюды қамтамасыз етуде”, – деді “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Хамзат Әділбеков.

Биыл дін өкілдері қазақтың салт-дәстүрі, ислам құндылықтары, балалар әдебиетін дамытуға үлес қосатын бірнеше кітапты шығаруды жоспарлап отыр. Одан өзге орталық мешіт жанынан медиа-орталық ашылмақ. Онда есімі елімізге белгілі ғалымдар, уағызшылар, исламтанушылар мейман болып, тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап беріп, қоғамдағы өзекті тақырыпты қаузайтын бейнероликтер түсіреді. Имандылық ордалары жанынан мәйітханалар салу мәселесі де қарастырылуда. Жастарды ізгілікке үндейтін Құран жаттау үйірмелерінің жұмысы да бір жолға қойылмақ.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жоғарыда аталған бес бағыт бойынша әр облыстағы мешіттерге тапсырмалар бөліп берген. Оның аясында биыл өңірімізде ауқымды деңгейде конферениця өтпек. Конференция жұмысына бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы шақырылады.

Шара барысында “Уағызшының тұлғалық сипаты” тақырыбында семинар ұйымдастырылып, имамдардың уағыз айту әдебі турасында да сөз қозғалды.

Гүлсезім ОСПАНОВА,

“Қызылжар” орталық мешітінің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp