Ауылдарды қосқаннан не ұтамыз?
Естуімше, Бике ауылдық округі өз мәртебесінен айырылмақшы. Ұзақ жылдардан бері Лениннің атын иемденіп келген ауыл-дың атауы екі жыл бұрын ғана Бике деп өзгертілгенінен халық хабардар. Бике ауылдық округіне Дачное мен Октябрь ауылдары қарайды, барлығы 400-ден астам тұрғын түтін түтетіп отыр. Ауылға кіреберістегі жол жайсыздау демесеңіз, мектеп, Мәдениет үйі, кітапхана, дүкен жұмыс істеп тұр. Бұл жер, әсіресе мал шаруашылығына қолайлы. Жер емген диқандар да пайдаға кенеліп отыр.
Бірнеше жыл бұрын оңтүстіктен дүнген отбасылары көшіп келді. Бірақ бұл теңізге тамған тамшымен тең. Себебі адам саны жылдан-жылға кеміп, даңғарадай мектепте оқитын балалар қатары сиреп кетті. Оқушылар санын қалай көбейтсек деген ой бәрін мазалайды. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасының басты мақса-ты да сол ауылдардың әлеуетін көтеру ғой. Әсіресе қаракөздеріміз шоғырланған ауылдардың тіршілігін жандандыруды ойластырып жатқан шақта ауылдарды бір-біріне қосқанның қаншалықты дұрыс екеніне көз жеткізе алмай отырмын. Оданда қолынан іс келетін тұрғындардың кәсіп ашуына, пайдалы іспен шұғылдануына қол ұшын бермейміз бе? Сонда жыр болған жол да жөнделіп, ауылдың кем тұсы толықтанып, адам саны да молаяр еді.
Досым ҚАСМАҚАСОВ,
Мамлют ауданының тұрғыны.
Зейнетке неге ерте шықпаймыз?
Темір жол саласында еңбек еткеніме көп жыл болды. Дегенмен зейнет дамалысына шығатын уақытқа дейін әлі біраз жыл бар екен. Өздеріңіз білетіндей, Петропавлдағы темір жол бекеті Ресейге қарайды. Күнделікті жұмысымыз сағатпен есептелетіндіктен нәпақамыз кейде аз, кейде көп. Ол жағына шағымым жоқ, әйтеуір, еңбекақымызды уақытында береді, бастысы жұмыс бар. Көңілге селкеу түсіретін тұсы – зейнет жасына қатысты мәселе. Мәселен, көрші елдегі темір жолшылар 55 жасында зейнетке шықса, қазақстандықтар 63 жасқа келгенше күтеді. Біз неге 55 жаста зейнет демалысына шыға алмаймыз? Темір жолда жұмыс істеу жеңіл деп айта алмаймын. Осы салаға қатысты органдар тиісті жауап жазар деген ойдамын.
Марат БЕКЕТАЕВ,
машинист.
Петропавл қаласы.
Бір шикілік бар
Қызылжар ауданы, Шаховское ауылына кіреберіс жолдың күрделі және орташа жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын қалғанда шу шықты. Екі жыл бұрын жобалық-сметалық құжаттамада 12,5 шақырым екені көрсетілген. Енді Қызылжар ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі жолдың ұзындығы 14 шақырым екенін айтады. Бір қызығы, жолдың көп бөлігіне – күрделі, қалғанына орташа жөндеу жүргізіліпті. Бәрі бірдей болуы керек еді. “ДорМостПроект” ЖШС жобалық-сметалық құжаттарды дайындаған кезде қайда қарап отырды? Облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қызметкерлері мемлекеттік ревизормен бірге жөнделіп жатқан жолға бармаған-ау сірә! Енді 75 миллион теңгені бюджетке қай-тару қажет болғанда ғана жол-дың ұзындығы өзекті бола қалғаны қалай? Олар жолдың 14 шақырым екенін бастапқыда неге айтпаған? Неге өлшеп, қателікті дер кезінде түзетпеді, неге ша-ғымданбады? Бұл жерде бір ши-кілік бар екені анық.
Айнагүл САБЫРҚЫЗЫ,
Петропавл қаласының тұрғыны.