«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Айсұлу ШАЙКЕНОВА: “ШЕТЕЛДЕ АЛҒАН ТӘЖІРИБЕМДІ ЖАС ЖУРНАЛИСТЕР САНАСЫНА СІҢІРГІМ КЕЛЕДІ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті журналистика кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Айсұлу Шайкенова “Болашақ” Халықаралық бағдарламасыменен АҚШ-тың Нью-Йорк киноакадемиясында 8 айлық тағылымдамадан өтіп келді. Шетелде білімін жетілдіріп, мол тәжірибе алған ұстаз бүгін көрген-білгенін студенттеріне үйретуде. Үнемі ізденіс үстінде жүретін, мақсат пен еңбекті ұштастыра білген білікті маманды әңгімеге тартқан едік.

– Айсұлу Жақсылыққызы, сіз журналистика саласына қалай келдіңіз?

– Мен Ақмола облысының тумасымын. Зеренді ауданындағы Ортағаш деген ауылда апайымның бауырында өстім. Сол жерде 6-сыныпқа дейін білім алып, кейін отбасылық жағдайға байланысты қалаға қоныс аудардық. Мұғалім мамандығын таңдауыма ұстазым әсер етті. Зүбайра Сәдуақасқызы маған орыс тілінен сабақ берген еді. Аса қамқорлықпен, мейірімділікпен мені баулыды, білгенін үйретті. Жақсы көрген адамыңа ұқсап бағуға тырысатының ертеден белгілі ғой. Сол кісінің қасында жүріп, 7-8 сыныптарда орыс тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиадаларға қатысатындай деңгейге жеттім.

Мектепті бітіргеннен кейін Қарағанды мемлекеттік университетіне орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түстім. Ол кезде диктантты 5-ке, сауатты жазсам да, орысшам шалағайлау еді. Емтихандарды қазақша тапсырдым. Бір орынға 20-25 абитуриент таласады, дені – кілең мықтылар. Сондықтан, әрине, қазақ тілінде ғана сөйлеп жүрген маған орыс тобының ортасына түсу жеңілге соқпады. Сол жерде оқып жүргенде Темірғали Оразғалиұлы Есембеков деген ұстазым болды, сол кісінің тілді жоғары деңгейде меңгеруіме көп көмегі тиді. Ол кісі менің рухани әкем сияқты, үнемі хабарласып тұрамын.

Менің жанымнан үнемі жақсы адамдар табылды. Үлкендер қолдап-қолпаштап жүрді. Бірінші сыныпқа барғанда өзіме “мен күнде бес алуым керек” деп талап қойыппын. Бір күні бес деген баға ала алмай қалған мен мектептен кетпей, кеш қарайғанға дейін партада отырыппын. Үйіме еден жуатын әйел апарып тастапты. Менің өмірлік ұстанымым: “Қай салада жұмыс істеме, міндетті түрде нәтижелі еңбек ет!”.

– Сіздің ұстаздық жолыңыз университетте басталды ғой.

– Иә, мен 10 жылдай студенттермен жұмыс істедім. Содан кейін жергілікті телеарналардың бірінен шақырту алып, диктор қызметін атқардым. Бұл менің журналистика саласымен жете танысуыма мүмкіндік берді. Бұл – үнемі ізденіс үстінде жүретін, өмірмен біте қайнасып жататын ерекше мамандық. Кейін университетке қайта оралып, ғалым-хатшы болып қызмет атқарып жүргенде, журналистика кафедрасы ашылатынын естіп, мен еш ойланбастан меңгерушілікке өз кандидатурамды ұсындым. Сол кездегі ректор мені қолдады, оған журналистикадағы азын-аулақ тәжірибем де себеп болған шығар. Жаңа қызметте бірқатар қиындық болды. Өйткені бұл мамандықтан айтарлықтай хабарым жоқ еді. Оны жан-жақты меңгеріп алу үшін көп оқыдым, жетекші мамандардың түрлі тренингтеріне қатыстым. Кейін медиасауаттылыққа байланысты оқу құралын жазуға грант жеңіп алуым, осы саланы зерттеп, саралауыма өте көп пайдасын тигізді. Қазір облыстарға шығып тренингтер өткізіп жүрмін. Одан кейін де жобаларға қатысып, гранттар жеңіп алдым. Мұның берері көп, адам соның нәтижесінде ізденеді, білім деңгейін көтереді. Қазір дата-журналистикамен айналысып, медиа-этиканы да қолға алдым.

– Сіз “Болашақ” бағдарламасымен АҚШ-та білім алдыңыз? Сол туралы кеңірек әңгімелеп беріңізші?

– Былтыр медиа және цифрлық медиасауаттылық бойынша 8 айлық тағылымдамадан өттім. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 500 ғалымды әлемнің үздік жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өткізуді тапсырған болатын. Сол мүмкіндік маған да бұйырды. Ғылыми-педагогикалық бағытта қызмет етіп жүрген БАҚ өкілінің бірі ретінде “Болашақ” бағдарламасына құжат тапсырып, сынақтан сүрінбей өтіп, стипендиат атандым. Іріктеу талабы өте жоғары болды. Бірінші кезекте қазақ тілінен тест тапсырдым. Одан әрі “Болашақ” бағдарламасының бірнеше кезеңнен тұратын сынақтарына қатыстым. Кезең-кезеңмен ұйымдастырылған сынға бар күш-жігерімді салып дайындалғаным рас. Бұл талпынысыма 2015 жылы Нидерланды мемлекетіне тағылымдамадан өту үшін “Болашақ” бағдарламасына қатысқаным көмегін тигізді.

Шетелде кадр даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешіміне сәйкес таңдалған 196 адамның арасынан өзімнің аты-жөнімді оқығанда қуанышымда шек болған жоқ, алға қойған мақсатымның бірі орындалды. “Болашақтың” арқасында, дәм тартып, Америкаға аттандым. Біз білім алған “Нью-Йорк фильм академиясының” бас ғимараты Нью-Йорк қаласының “жүрегі” Манхэттен ауданында орналасқан. Академия 1992 жылы “Оскар” сыйлығының иегері, танымал кино, театр және телевизия продюсері Джерри Шерлоктың ұйытқы болуымен актерлік шеберлік және кино мектебі ретінде жеке коммерциялық жоғары оқу орны болып ашылған. Онда фильм түсіру, сценарий жазу, кинематография, монтаж, документалды фильм, продюсерлік, 3D анимация және визуалды эффект, фотография, теле-радио журналистика, ойын дизайны сияқты мамандықтар оқытылады. Біз “Broadcast Journalism”, яғни теле-радио журналистика бойынша білім алдық. Мақсатымыз – қазіргі білім беру жүйесіндегі жаңа технологияларды, жаңа әдіс-тәсілдерді үйрену болды. Монтаждың қыр-сырын меңгеріп, өзіміз түсірген фильмдерімізді өзіміз монтаждап машықтандық. NYFA-ны бітірген танымал қазақ қыз-жігіттері бүгінде абыройлы еңбек етіп жүр. Олардың қатарында кинорежиссер, мобилограф Қыран Талапбек, режиссер, продюсер, сценарист Асқар Бейсембин, кинорежиссер, сценарист Фархат Шәріпов, режиссер, клипмейкер Айсұлтан Сейітов, актрисалар – Әсел Сағатова мен Әлия Әнуарбек және т.б. бар.

– Біз деп отырғаныңыз, “Болашақ” бағдарламасы бойынша таңдалған журналистер болар. Олардың кім екендігін айтып өтсеңіз.

– Шынымды айтсам, шетелге сапардан бөлек, еліміздің белді журналистерімен, осы саланың майталмандарымен танысудың да мүмкіндігі туды. Бұл жолы “Нью-Йорк фильм академиясына” Қазақстаннан сегіз оқытушы бардық. Олар – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінен, белгілі журналист Жаңылхан Асылбекова, PhD докторы Айкерім Әлімжанова, аға оқытушылар Нұрлайым Данаева, Дәурен Мұхамеджанов, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінен PhD доктор Эльмира Ибраева, аға оқытушы Анель Шалқарбек, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының оқытушысы Мәдина Бакеева. Шетелде бір үйдің баласындай бірге жүрдік. Тобымызда Сауд Арабиясынан, Грекия және Ресейден келген студенттер де болды. Жобалық жұмыстар белгіленіп, әр-қайсысымыз өз идеямызды жетілдіріп, шығармашылықпен жұмыс істедік.

– Америкалықтардың білім мен біліктілікті арттыру талаптары көңіліңізден шықты ма?

– Бізде теория жағына көп көңіл бөлу қалыптасып қалғаны рас, оларда тәжірибелік талаптар басты назарда. Техникалық базасына қарап тамсануға болады. Әр студент қалаған уақытында түсірілімге қажетті бейнекамераларды, жарық құралдарын ала алады. Бір үлкен зал толы жабдық. Тапсырма жанры бойынша нысанды таңдай аласың. Аудиториядан тыс түсірілім алаңдарында сабақ өтуге мүмкіндік бар. Біз телеарналардың архив базасында тарихи видеолар мәтіндеріне талдау жүргіздік. “The New York Times” газетінің редакциясында репортаж дайындадық. Жалпы жобалық тапсырмаларды уақытынан кешіктірмей, талаптарға сай жүйеге жүктеп отыру керек. Сондай-ақ жобаны қабылдау уақытында барлық пән оқытушылары, кафедра меңгерушісі, факультет деканы қатысады. Барлығы өз ойын айтады, жобаны жетілдіру жолдарын ұсынады, одан бөлек, қателіктермен жұмыс күні бар. Дедлайн, дисциплина, тайм-менеджментке қатты бағынады. Әр профессордың өз ассистенті болады. Олар ұйымдастыру, қосымша түсіндіру, әр студентке жеке көңіл бөлумен айналысады. Сабақта жасап үлгермеген жобаларды кітапхана базасындағы компьютерлік сыныптарда жалғастыруға мүмкіндік қарастырылған. Ол кешкі сағат 22.00-ге дейін жұмыс істейді. Сабақтан тыс шеберлік сағаттары да өткізіледі. Шаралардың көбі онлайн болды. Американдықтардың уақытты үнемдеу, бағалауға аса мән беретіндігін байқадым. Бәрі жұмысбасты, келісілген уақытта кешікпей келеді, артық уақытын сізге арнамайды.

– Іссапар барысында қандай қиындықтарға тап болдыңыз? Шетелге кетуіңізге отбасыңыз қалай қарады?

– Әр сапардың, әр істің өз қиындығы, ауыртпалығы бар. Бұл шешімге саналы түрде, ойланып келгеннен кейін, көнесің. Есесіне әр қиындықтың артында жақсы нәтиже болмақ. Нью-Йоркке келген бойда бір апта уақыттық-климаттық бейімделуді бастан өткердік. Осы аралықта Академия бізге онлайн түрде АҚШ-та жүріп-тұру ережелерінен бастап, оқу орны жайлы, оның тарихы, бірегей оқыту жүйесі, ішкі талап-ережелері туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Америка – адамдардың өмір сүруіне барлық жағдай жасалған ел екендігі белгілі. Адамдардың бір-біріне жылы қарым-қатынасы бізді таңғалдырғаны рас. Туристер өте көп, соған қарамастан Нью-Йорк тұрғындары әрқашан көмек көрсетуге дайын тұрады.

Нью-Йорк киноакадемиясында PBC, ABC, CBS, Discovery, HBO телеарналарында ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан, телерадио журналистика факультетінің құрметті төрағасы, АҚШ-та телевизия саласының үздіктеріне берілетін “Эмми” халықаралық сыйлығының иегері, деректі фильмдер режиссері, продюсер, сценарист Билл Енрейнхоферден дәріс алған өзімді өмірде жолы болған адам деп санаймын. Ал 89 жастағы ғалым, деректі фильмдер продюсері, сценарист Роберт Ферарро өз кәсібіңді шынайы жақсы көрсең, жасыңа жас қосылып тәжірибеңмен бөлісуге мүмкіндігің болатынына көзімізді жеткізді. Сөзі түзу, салмақты, әр ақпаратты терең оймен жеткізуі, басынан өткерген тәжірибесін өзі қызмет атқарған мекемеге апарып таныстыруы – біз үшін “өз ісінің маманы болған құрметті тұлға” ретінде есте қалды.

Жалпы естелік болып қалған сәттер өте көп. БҰҰ-ның кеңсесінде болып, “Семей полигонының жабылғанына 30 жыл” толуына ашылған көрмені тамашаладық, Нью-Йорктегі Қазақстан консулдығының бас елшілігімен кездестік, музейлер, саябақтардың алуан түрі, қаланың қайталанбас сәулеті мен ерекшелігі, кез келген ортаның тұнып тұрған шежіресі – өмірімізге ұмытылмас әсер қалдырды.

Отбасым маған шетелге барып, білім алып келуіме еш қарсылық білдірген жоқ. Ең алдымен, жұбайым бұл жаңалықты қуана қабылдады. Ел көріп, жер көріп келетініме қуанды. Шетелде жүріп отбасымды, балаларымды, немере-жиендерімді сағынғаным рас, бірақ сегіз ай сегіз аптадай өте шықты.

– Бұл тәжірибе сізге не берді? Алған біліміңіздің қазіргі жұмысыңызда пайдасы бар ма?

– Бір жыл ішінде бізге телевизиялық жаңалықтар жасаудың тәсілдерін бастапқы процесінен бастап, соңғы сатысына дейін үйретті. Қазіргі заманда телевизия маманы әмбебап болуы қажеттігін әрбір дәріс сайын ұқтық. Талаптың жас-кәріге, ұл-қызға қарамайтынын мойындадық. Бойымыздағы жауапкершілік, ұқыптылықты еселей отырып, тапсырмаларды мұқият орындадық. Мысалы, бейне камераны корпустан алып шығып, түсірілім жасайтын жерге барып, құрастырып, оны бабына келтіріп түсіру. Түсірілім аяқталған соң, уақытында әкеліп тапсыру. Жарық шамдарын да дәл солай құрастырып-жинау процестерін әрқайсысымызға жеке-жеке үйретті. Жаңалықтарға тақырып табу, оған сценарий жазу. Өзің оператор, өзің тілшісің. Түсірілген видеоларды өзің монтаждап, эфирге дайындайсың. Дайын сюжетті “NYFA News” жаңалықтарына телевизияның продюсері, редактор, дыбыс режиссері, монтажер сынды мамандар сынға ала отырып өткізеді. Тынымсыз еңбек маған үлкен бір мектеп болды.

Сол “үлкен” мектептен алған білімімді қазір болашақ журналистерді даярлауда қолданып жатырмын. Университет басшылығы тарапынан қолдау бар. Қазір тобымның студенттері дәрістердің көбін өздері дайындап, оқиды. Маңызды жерлерін аудиторияда бірге талдаймыз. Практикалық және өзіндік жұмыстарды олар өндірісте орындайды. Дайындаған дүниелерін жоба ретінде қорғайды, яғни тәжірибе жинауға басымдық беріп жатырмыз.

Адам көргенін, білгенін жүзеге асыру үшін оған уақыт керек. Былтыр қыркүйек айында шетелден келдім, қызығы, маған өз ортама да қайтадан бейімделуге тура келді.

– Шетел мен біздің жоғары білім беру жүйесінде қандай өзгешеліктер бар?

– Оқу бағдарламасы біржылдық, яғни екі семестрге жоспарланды. Сабақты өту процесінде тәртіпке бағынасың, жобаны берілген уақыттан (deadline) кешіктірмей өткізу өте маңызды. Себебі бір жоба біте салысымен, келесі жобаның тапсырмасын жүктеп жібереді. Сондықтан әр тапсырманы өз уақытынан кешіктірмеуге тырысасың. Жобаның уақыты аяқталған соң, оқытушылар құрамы оны қарап, өз бағаларын береді, артық-кемін көрсетіп, түзету жолдарын айтады. Бұл процеске барлық оқытушылармен қоса, факультет деканы да арнайы уақыт тауып, оффлайн-онлайн форматта қатысатыны бізді сүйсінтті.

Қатемен жұмыс күні деп арнайы бір күн уақыт бөлетіні де жақсы үрдіс. Американдықтардың менталитеті біздікінен мүлде бөлек. Оқытушылар сабақ уақытынан бір минут артық отырмайды. “Уақыт – ақша” түсінігін мұндағылар берік ұстанатындығын сонда сезіндік. Сексеннің сеңгірінен асқан қарт ұстазымызды сабақты жанын беріп түсіндіріп, шабытыңды оятып жіберетіні үшін құрметтеп кеттік.

Бұл елде оқытушы құрамның ғылыми дәрежесі аса маңызды емес. Бастысы, коммерциялық жеке оқу орны болғандықтан, “сұранысқа – ұсыныс” принципімен жұмыс істейді. Біздегідей кәсіби мықты маман болсаң да ғылыми дәрежең болмаса, оқытушы бола алмайсың деген түсінік жоқ. Ең бастысы, оқытушы білгенін үйретіп, алдына келген студенттің талғамы мен талабынан шықса болғаны. Мұнда барлық оқытушыны бірдей “профессор” деп атау қалыптасқан.

– Алға қойған жоспарыңызбен бөліссеңіз…

– Ең басты жоспарым – білген-үйренгенімді шәкірттерімнің, жас журналистердің бойына сіңіру. Журналистика саласы бойынша күнде енгізіліп жататын жаңашылдықтарды қалт жібермей, оларды да студенттеріме үйреткім келеді. Ғылым жолында әрі қарай даму мен үшін әлі де өзекті. Өзімнің таңдаған тақырыбым бар, ол да әрі қарай жалғасын табады. Осыдан бірнеше жыл бұрын ұстаздық жолды таңдадым, өкінбеймін, әрі қарай сол ұстаздықпен еліме еңбегімді сіңіре берсем деймін.

Әңгімелескен

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp