«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Шағымданушылар көп

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының колл-орталығына өткен жылы ел бойынша 759164 өтінім келіп түскен. 707,5 мың адам кеңес алса, 24 мыңы түрлі мазмұндағы шағым қалдырған. Талдау көрсеткендей, өтініштердің 93 пайызы бойынша бірден кеңес берілсе, 50 мыңнан астам өтінім егжей-тегжейлі қаралып, жауап қайтарылған.

Өткен жылы пациенттер қорға 24 мың шағым жіберген. Алдыңғы кезеңмен салыстырғанда олардың саны 35 пайызға артты (2021 жылы 17,7 мың шағым). Шағымдардың жартысына жуығы Алматы, Астана қалаларына және Қарағанды облысына тиесілі. Азаматтар көбінесе медициналық көмектің сапасыз көрсетілгенін айтып шағымданған. Екінші орында – медициналық көмек көрсетуден бас тарту тұр. Сондай-ақ медициналық көмекті ұзақ күту, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуден бас тарту, әдепті бұзу, медициналық ұйымның ақпараттық жүйелерінде көрсетілмеген қызметті көрсетілді деп көрсеткен жағдайлар бойынша шағымдар түсті.

Пациенттер өз емханаларында бейінді мамандар болмаған кезде басқа медициналық ұйымдарға жолдама ала алмағандарын немесе ақылы негіздегі тексерулер мен консультацияларға жіберілгендерін, сонымен қатар уақтылы ем ала алмай немесе сапасыз емделгендерін, бейінді дәрігерлердің консультацияларын ұзақ күткендерін, медицина қызметкерлерінің дөрекі әрекеті, сақтандыру мәртебесін заңсыз талап еткендерін және өз құқықтары бұзылғанын айтып көп шағымданады.

Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сарапшылары әрбір шағым бойынша жоспардан тыс мониторинг жүргізеді және оның қорытындысы бойынша ереже бұзушылықтар расталған жағдайда айыппұл салынады. Қор келіп түскен өтініш-шағымдарды талдау және мониторинг арқылы кері байланыс орнатады. Жыл қорытындысы бойынша 95,3 пайызына толыққанды жауап беріледі.

Медициналық қызметтерді көрсетуден бас тартқан жағдайда, медициналық қызметтердің сапасына көңілі толмаса, медициналық ұйымнан ресми жауап алу және тиісті шаралар қабылдау үшін міндетті түрде ресми өтінім қалдыру қажет. Әлеуметтік желілерде жазылған шағымдар процессуалдық шешім қабылдау үшін ресми өтінім болып табылмайды. Сонымен қатар “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” облыстық филиалында азаматтарды қабылдау кабинеті ұйымдастырылғаны жөнінде еске саламыз. Үстіміздегі жылғы 1-31 қаңтар аралығында облыс бойынша филиал мамандары 499 кеңес берді.

Лариса ГОРДЕЕВА,

“Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” облыстық филиалының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp