Математиканың өте күрделі ғылым екені ерте заманда-ақ дәлелденген. Оған кез келгеннің тісі бата бермейді. Дәл осы күндері де жергілікті жерлерде математиканың мың сан құпиясын шешуге құлшына кірісіп жатқандар аздау. Теңдеулер сырын ашу, ғылыми тұжырым жасау, озық бағдарламаларды шәкірттеріне талмай үйрету, меңгерту шыдамдылықты, табандылықты, терең білімді қажет етеді. Қиындығы мен қызығы алма-кезек келетін тынымсыз өмір ағысында саналы ғұмырын құпия қалтарысы мол пәнге арнағандардың бірі – математика пәнінің жоғары санатты мұғалімі Батжан Ищанова.
Ол Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтын тәмамдаған соң, осы салада талмай еңбек етіп келеді. Жалпы педагогикалық өтілі қырық жылға жуық. Бүгінгі таңда Тайынша қаласындағы №1 орта мектептің білікті математигі саналады. Ұлағатты ұстаздың қажырлы қызметі еленіп, әртүрлі дәрежедегі Құрмет грамоталарымен, дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ адал еңбегі мен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі және қоғамдық өмірге белсенді араласқаны үшін облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Батжан Мағзұмқызы өзіне де, оқушыларға да талап қоя біледі. Сабақ берумен ғана шектеліп қоймай, “Сапалы білім беру – тәуелсіз Қазақстанның тұрақты дамуы” тақырыбын індете зерттеп, ғылыми-әдістемелік конференцияларда, алқалы жиындарда баяндама жасады. Бірнеше мақала жариялап, үш әдістемелік құрал бастырып шығарды. Оқыту процесіне қатысты кез келген мәселеге шығармашылық ізденіспен қарау – қанына сіңген әдеті. Ізденімпаз жанның шәкірттері Ресей мен Қазақстанның беделді жоғары оқу орындарын аяқтап, жемісті еңбек етіп жүр. Олардың арасында математика пәні бойынша халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері де баршылық.
“Математика – тасқа түскен таңбадай нақтылықты, дәлдікті сүйетін ғылым. Оның отымен кіріп, күлімен шығып жүрген шәкірттеріммен мақтанамын, олардың жетістіктерін естігенде шаршағанымды лезде ұмытып кетемін. Ұстаз мерейі деген – осы”, – дейді Батжан Мағзұмқызы.
Гүл НҰРАЛИНА,
журналист.
Тайынша қаласы.