Бұл оқиға 10 ақпан күні болды. Сағат 18.00 шамаларында “Алматы-Петропавл” бағытында жүретін жүрдек пойзыбен кезекті іссапардан келе жатқан №6637 әскери бөлімінің офицері Ерсін Жантурин вагондардың бірінен қыздың көмекке шақырған даусын естиді. Дауыс шыққан купеге жақындаса, есігін әлдебіреу ішінен жауып алғанын байқайды. Бар күшімен есікті жұлқып ашып, ішке кірсе екі адам ғана екен. Қорыққан қыз бұрышқа тығылып қалғанын көреді, ер адамның жаман ойы барын бірден аңғарады. Бойжеткеннің сөзінше, ол қызды зорламақ болған.
– Вагон-ресторанда тамақтанып, өз купеме бара жатқанда әйел адамның даусы естілді. Есікті ашқаным сол, бейтаныс ер адамның жас қызға төніп тұрғанын көрдім. Елемей өтіп кеткенде не болар еді? Сондықтан шалт қимылдап, бірден қолын қайырдым, – дейді майор Ерсін Жантурин.
Тексеру барысында бойжеткеннің жігітті мүлдем танымайтыны, ер адамның жәбірленушіні зорламақшы ниеті болғаны анықталды. Осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 121-бабы 1-тармағына сай қарсы жақтың дәрменсіз күйін пайдаланып, жәбірленушіге немесе басқа адамдарға жасалған сексуалдық сипаттағы және өзге де әрекеттері үшін қылмыстық іс қозғалғанын айта кеткен жөн.
Бахыт СӘДУАҚАСОВ,
№6637 әскери бөлімінің мемлекеттік тіл жөніндегі аға көмекшісі.