«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАНУҒА ҒАНА ЖАРАЛҒАН ЖҮРЕК Қызылжарда Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған жыр мүшәйрасының қорытындысы шығарылды

Нұргүл Оқашева

 nurgul.okasheva@mail.ru

Биыл қазақтың ардақты перзенті, ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толады. Осыған орай өңірімізде көптеген рухани ша­ралар ұйымдастырылмақ. Оның не­гізгі бөлігі ақынның кіндік қаны тамған Қызылжар өлкесінде өтеді деп жоспарлануда. Ақан сері атындағы об­лыстық филармонияда “Мен өлмей­мін, менікі де өлмейді…” деген атау­мен өткен республикалық жыр мүшәйрасының қорытындысы шығары­лып, жүлдегерлер марапатталды.

Алаш ардақтысының мұң мен зарға, қайғы мен азапқа, айдау мен қуғынға толы қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыры кімнің болмасын жанын сыздатады, сай-сүйегін сыр­қыратады. Көзі тірісінде жазған мол шығармашылық мұрасының бірде-бір парағы ашылмаған ақынның өш­пес өнегелі туындыларымен ел-жұрты тәуелсіздік алғаннан кейін ғана толыққанды таныса алғаны бел­гілі. Ел деңгейінде өткізілген жыр бәй­гесі осы олқылықтың орнын толты­руды көздеді, Мағжан жаққан бір сәу­ленің әр жүрекке нұрын шашарына иландырды.

– Қасиетті Қызылжар топырағы­нан сайдың тасындай небір сайып­қырандар түлеп ұшқан. Солардың алғы шебінде аяулы ақын, бар ғұмы­рын халқының азаттығына арнаған асыл тұлға Мағжан Жұмабаевтың тұ­рары хақ. Дүниеден озғаннан кейін ғана халқының мейір-махаббатына бөленген ақтаңгердің 130 жылдық мерейтойына орай өңірімізде көпте­ген шаруалар тындырылмақ. Біз биылғы жылды “Мағжан жылы” деп атауды жөн көріп отырмыз. Қазақ жұртының жоғын іздеп, қиын-қыстау кезеңдерде еліне тұтқа бола білген атпал азаматымыздың шығармашы­лық мұрасын өз деңгейінде ұлықтау үшін алдағы уақытта халықаралық ақындар айтысын, оқушылар ара­сында мәнерлеп оқу сайыстарын ұйымдастырамыз, – деді облыс әкі­мінің орынбасары Сәтжан Аблалиев.

Жыр мүшәйрасына еліміздің түк­пір-түкпірінен жүзге жуық талапкер өздерінің шығармаларын ұсыныпты. Қазақстан Жазушылар одағының тө­рағасы, есімі елімізге белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет, жазушы-журна­лист, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Жарасбай Сүлейменов, ақын Дәу­лет­керей Кәпұлы, журналист Жақсы­бай Самрат, еңбек ардагері Құдай­берген Қалиев, “QYZYLJAR” телеарна­сының директоры Ерлан Тоқшы­лық бастаған қазылар алқасы тоғыз ақынды ақтық сынға өткізіп, оларды бөліп-жармай, барлығын Мағжан Жұ­мабаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты атағымен марапаттады. Жүлдегерлердің қатарында Танакөз Толқынқызы, Бағдат Мүбарак, Ба­уыржан Қарағызұлы, Абылай Мау­данов, Арайлым Мұратәлиева сын­ды есімдері елімізге танылып үлгерген ақындар да бар.

Мағжан ақынның ғұмырдария­сына көз жүгіртсек, көңіліміз құлази­ды. Ақын 1927-1929 жылы Бурабайда, одан соң Қызылжарда оқыту­шылық қызметтер атқарады. 1929 жылы “Жұмабайұлы “Алқа” атты жа­сырын ұйым құрғаны үшін” деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесіледі. 1936 жылы М.Горький мен Е.Пешкованың араласуымен бос­тандық алып, Қазақстанға қайтады. Петропавл қаласында мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ бе­ретін мұғалім болып жұмыс істейді. Көп ұзамай қалалық оқу ісінің мең­герушісі оны саяси себептерге бай­ланысты деген айыппен мұғалімдік қызметтен босатады. 1937 жылы наурызда Мағжан Бекенұлы Алматы қаласына келеді. Аударма ісімен айналысады. 1938 жылы қайтадан қа­мауға алынып, ату жазасына ке­сілді.

Ғұмырының он жылын түрмеде өткізген асыл тұлға елінің шынайы тәуелсіздігін аңсады, сол үшін басын бәйгеге тікті, қуғындалды. Ғалым Дан­тай Ысқақұлы бір еңбегінде айтып өткендей, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының орта шенінде басталған Мағжанды идеоло­гиялық жағынан талқандау науқа­ны ол өле-өлгенше бір сәтке де тоқ­таған жоқ. “Өйткені Мағжанның тағ­дыры бүкіл ұлттық әдебиеттің де тағ­дыры болатын. Бір жағы ақынның ті­лім-ділім, елім-жерім, анашым-алашым деп, аңыраған азаматтық бағы­ты кеудесінде ұлттық намысы бар азаматтарды азаттыққа үндегені, екінші жа­ғынан, қазақ әдебиетінің, отарлық езгідегі қазақ жұртының бо­лашақ тағдыры қыл үстінде тұрғаны қа­­зақ зиялыларының көпшілігін ой­лантып, алашшыл бағытқа іш бұрды. Бірақ та биліктің аты – билік. Билік бар мүмкіндігін пайдаланып, отар­шыл­дыққа қарсы ұлт-азаттық идея­ларды күшпен тал­қандауға бет бұр­ды. Кеңес өкі­меті қанша қудалаға­нымен де Мағ­­жан ақынның жүрегі­нен өлең болып құйылған ұлт-азат­тық идеяларды өшіре алмады. Кері­сінше, М.Жұмабаевты қуда­лаған сайын оның ақындық, аза­маттық болмысы биіктей түсті”.

Сахна төріне көтеріліп, жырла­рын оқыған ақын­дар­дың кестелі шу­мақтарынан Мағ­жанның өмірдеректері де жүректі қа­рып өтер тіркестер­мен өріліп жатты. Бұл туындыларды жиналған жұрт­шылық зор ықыласпен қабылдады.

Ақын Бауыржан Қарағызұлы өзінің Мағжан Жұмабаевқа арнаған “Еркіндік” деп аталатын өлеңінде:

“Жан бар ма жүрегінде қаңғымаған?

Табытын сүйретіп жүр әрбір адам.

Жаралған о дүниенің дауысынан,

Мағжан кім?

Мағжан емес – мәңгі ғалам!”, – деген жолдар кездесті. Осы шумақты оқып отырып Алаштың арысының шы­ғармашылығы туралы әсерлі сөз қалдырған жазушы Мұхтар Әуезов­тің мынадай пікірі ойға оралады. “Әдебиет әдебиет үшін деген таңба айқын болмай, нәр­лі әдебиет болуға жол жоқ. Сон­дықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келе­шекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жа­райтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқалардың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін”, – дейді қа­ламгер. Өлеңдері арқылы адамзатқа ортақ ой айта білген алдаспанның өзі де, сөзі де мәңгі ғалам емей немене?

“Жап-жарық күн де ауыпты көктен!

Жарлығы үстем жауықты көппен.

Қазақты сүю – атылып кету!

Қазақты сүю қауіпті неткен!

Кеше де – солай! Бүгін де сол күн!

Көктемей жатып, көгермей солдың!

Қазақты сүйсең – халық жауысың!

Қазақпен бірге өлердей сол мұң.

Арда бір туған Алашым бар-ды.

Асып бір туған ала шыңдарды.

Тағдырмен сенің таласың бар-ды!

Тағдырдан сенің аласың бар-ды.

Қазақты сүю – азапты сүю!

Қазақты сүю – тозақты сүю!

Өзіңді қию. Өзекті қию!

Кебінің қылып әз отты кию”.

Бұл – Төлеген Айбергенов атында­ғы сыйлықтың иегері, ақын Тана­көз Толқынқызының бәйгеге қосқан “Қазақты сүю” деп аталатын өлеңі. Өлеңнің алғашқы шумағынан соңғы нүктесіне дейінгі аралықта Мағжан­ның мұңы жатқандай. Жоқ. Мағжан­ның мұңы ғана емес. Отызыншы жылдары “мен қазақпын” деп батыл айтқандары үшін түгелдей дерлік қу­ғындалған ұлттық элитаның үні жа­сы­рынғандай. Тыңдап отырып қа­зақты сүюдің қандай қасіретті тағ­дырға айналғанын сезіндік, көз жа­сымызға ерік бердік.

Өлеңін:

“Батып бара жатқаны-ай мына күннің,

Өтіп бара жатқаны-ай мына түннің!

Көлденең көк аттыны көзге де ілмей,

…Жан сәулесі болар ма ем Ұлы ақынның!” – деп түйіндеген ақын Арайлым Мұраталиева Мағжан Жұмабаевтың “Сүй жан сәулемін” көңіл иіріміне оралтты.

Тоғыз ақын өздерінің жыр пай­ғамбарына арнап жазған туынды­ларын нақышына келтіріп оқып бол­ған соң, оларды марапаттау рәсіміне кезек берілді. “Баршаларыңыз мү­шәйраға қатысып, таңдаулы деп танылғандардың өлеңдерімен таныс болдыңыздар. Бүгін бәріміз нағыз жыр мерекесіне қатысқандай әсерге бөленіп отырмыз. Облыс басшы­лы­ғының өңірде биылғы жылды “Мағжан жылы” деп жариялауы да қуантады. Мағжан – өзі де, өлеңдері де қу­даланған қазақтың қайталанбас пер­зенті. Кеңес өкіметі қанша қудалаға­нымен де Мағжан ақынның жүрегі­нен өлең болып құйылған ұлт-азат­тық идея­ларды өшіре алмады. Кері­сінше, М.Жұмабаевты қуғынға ұшы­ратқан сайын оның ақындық, азамат­тық болмысы биіктей түсті. Бүгін біз соның куәсі болып отырмыз”, – деді Дәулеткерей Кәпұлы.

Бұл күні ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Аманжол Зағыпар:

“Із қалған от болып қаламнан,

Ызғардан ақ сәуле таралған!

Темір тор ішінде күрсінген,

Кісенде бұлқынды ақ арман!

Жан нұрын өлеңге ораған,

Тағдырын тексіздер талаған!

Ұлтының ұйқысы мазалап,

Аһ ұрған Арыс ұл абадан”, – деп жырға қосқан Алаш арысының мағы­налы өмірі, мол мұрасы әр жүректің төрінен орын алғанына бек сенім­діміз. Туған жері – Қызылжар жұртшы­лығының осындай мерейлі шара­ны қолға алып, еліміздің әр түкпі­рінен ақындарды жинап, жыр көрігін қыздырғаны үшін Мағжан ақын жатқан жерінде бір аунап, рухы шат болған шығар.

Шара барысында филармония әншілері Жанат Айтбаев, Дәмеш Құрманкина мен Еркебұлан Қарыпов Мағжан Жұмабаевтың сөзіне жазыл­ған әндерді орындап, тыңдарманның зор қошеметіне бөленді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp