Облыстық прокуратура жұмыспен қамту мәселесімен айналысатын жергілікті атқарушы органды тексеріп, қорытындысын шығарды.
Прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, тексерістің қорытындысы ведомствоаралық кеңестің отырысында жария етілген. Оның барысында көптеген былықтың беті ашылды. Мәселен, қысқамерзімді оқыту, жұмысқа орналастыру қағаз жүзінде ұйымдастырылған. Бизнес бастамаларды қолдауға бөлінген мақсатты гранттар игерілмеген. Ал жұмыспен қамту орталықтары өз ісіне салғырт қараған бағдарлама қатысушыларына қатысты шағымданбапты.
“Тексеру нәтижелері бойынша жұмыспен қамту орталықтарының басшыларын қатаң тәртіптік жауапкершілікке тарту және мемлекеттік бюджетке 38 млн. теңгені қайтару туралы мәселе көтерілді. Заң бұзушылықтарды жою туралы қадағалау актілері енгізілді”, – делінген баспасөз хабарламасында.
Облыс прокурорлары өңір тұрғындарының әлеуметтік құқықтарын қорғау мәселесін тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.