Соңғы үш жылда коронавирустың кесірінен қаншама адам өмірден озды. Басымызға қиындық түскен сын сағатта дәрігерлердің жұмысы қаншалықты қиын екенін түсіндік. Жастардың бұл салаға көп келе бермейтіні де сондықтан болар. Өткенде оңтүстік өңірден келген екі жас маманмен сөйлесіп, біраз жайға қанықтым. Қаламыздағы №3 емханада Мұсаған есімді дәрігер жігітті жолықтырдым. Мақтарал ауданы, Қызылқұм елді мекенінде 1988 жылы туыпты. Бала кезінен дәрігер болуды армандаған екен. Қарағанды мемлекеттік медицина университетіне оқуға түсіп, 2012 жылы оқуын бітіргеннен кейін бірден теріскейге тартқан. Осында отбасын құрып, екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған жайы бар. “Ең бастысы, ем іздеп келгендер тез жазылып, аурудың азабын тартпаса екен, берген емімнен бөлек, әрқайсысына шын пейілмен жанашырлық танытамын. Емделушілерге де сол керек. Қажет еткен жанға күн-түн демей көмек көрсетуге дайынмын”, – дейді Мұсаған Мүсірәлиев.
№2 қалалық емханада терапевт дәрігері болып қызмет ететін Гүлнәз Өтеміс те – шырайлы Шымкенттің тумасы. Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина фаультетін бітірген. Сонда интернатурада тағы екі жыл білімін толықтырған. Бірден солтүстік өңірге баруға шешім қабылдапты. Туған өңірінен жырақта жүргеніне еш өкінбейді. “Мұндағы аға-әпке, әріптестерімнің ыстық ықыласының арқасында тез үйреніп кеттім”, – дейді ол. Жақында тұрмысқа шығып, жас отбасылардың қатарын толықтырды. “Береке” шағынауданының тұрғындары Гүлнәздің жұмыста елгезектігіне және кішіпейілдігіне риза. Олар: “Жас дәрігер келгелі ем-домды уақытында аламыз, нағыз адам жанының жанашыры”, – дейді.
Мұсаған мен Гүлнәз сынды мамандар, расымен де, өңірміз үшін ауадай қажет. Оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Денсаулық сақтау саласында дәрігерлер әлі де жетіспей жатқанын білемін. Сондықтан солтүстікті суық деп жүрексінбей, білікті мамандар көптеп келсе екен деймін.
Далабай ҚАБДУАЛИЕВ,
Петропавл қаласының тұрғыны.