«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӨРЕДЕ ОТАНДЫҚ ӨНІМДЕР ТҰРУЫ КЕРЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров Петропавлдағы бірқатар қайта өңдеу кәсіпорындарын аралады. Өңір басшысы бизнес өкілдерінің түйткілді мәселелеріне ден қойып, өндіріс орындарының жұмысымен танысты.

Облыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын бірнеше кәсіпорын бар. Соның бірі – еліміз тәуелсіздік алған жылдары іске қосылған “Сұлтан” диірмен-макарон кешені. Өңір басшысы кәсіпорында болып, өндіріс ошағының тыныс-тіршілігімен танысты. Бүгіндері мұнда тұтынушылардың сұранысына сай 100 тоннаға дейін макарон өнімі шығарылады. Қажет болған жағдайда бұл көрсеткішті 200 тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндігі бар. Облыс әкімінің сөзінше, бізде макарон өнімдері тұрғындар тұтынатын көлемнен 17 есе артық өндіріледі, сол себепті бір бөлігі сыртқа сатылады. Тауардың бағасы да ақырындап өсіп келеді, облыс әкімі бұған жол бермеу керек екенін ескертті.

– Өткен бір апта ішінде макарон өнімдері 30 теңгеге қымбаттады. Ал бидай мен ұн бағасы, керісінше, арзандаған. Бұл жерде не себепті қымбаттады деген сұрақ туындайды. Бағаны тұрақтандыру үшін төмен бағамен тікелей сатуларыңыз қажет, – деді Айдарбек Сапаров.

Естеріңізге салсақ, жуырда өткен аппараттық кеңесте әкім әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыстың сылбыр атқарылып жатқанын сынаған. Кейбір сауда орындарында қарақұмықтың бағасы 450-500 теңгеге дейін жеткен. Облыс әкімі тұрақтандыру қорына қарақұмықты өндірушіден бір килограмын 300 теңгеден сатып алуға болатынын айтты. Өңір басшысы орынбасарларына және кәсіпкерлік басқармасының басшылығына жағдайды бақылауға алып, мәселені шешуді тапсырды.

Облыс әкімі Петропавлдағы ірі сүт өңдеу кәсіпорындарының бірі – “Eurasian Milk” ЖШС-ға барды. Кәсіпорынды жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталған соң, тәулігіне 180 тоннаға дейін сүт өңдеуге болады. Қазіргі күні серіктестік күніне 70-100 тоннаға дейін сүт қабылдайды. Өткен жылы мұнда ірімшік өндіру желісі іске қосылған. Оның жылдық қуаттылығы 2,5 мың тоннадан асады.

– Цехтың өзі тәулігіне 120-дан 150 тоннаға дейін сүтті өңдей алады. Бір килограмм ірімшікке шамамен 9,5 литр сүт кетеді, – дейді “Eurasian Milk” ЖШС-ның бас директоры Андрей Грищенко.

“Зенченко және К” командиттік серіктестігінің өнімдері Қазақстанда ғана емес, көрші елде де үлкен сұранысқа ие. Кәсіпорында жылына 45 мың тоннаға жуық сүт өңделеді. Қазір тағы бір цехтың құрылысы жүріп жатыр. Ол пайдалануға берілгенде 300 тоннаға жуық шикізатты қайта өңдеуге мүмкіндік туады.

– Күзге дейін құрылыс жұмыстарын толығымен аяқтауды жоспарлап отырмыз. Мұнымен қоса сағатына 10 тонна сүт өңдейтін неміс қондырғысын орнатпақ ойымыз бар. ­Өңіріміздің және Астана қаласының тұрғындары күніне 60 тонна сүт тұтынады, – дейді кәсіпорын жоспарларымен бөліскен сүт өңдеу кәсіпорнының директоры Виктор Сухов. Өңір басшысы облыста тауарлы-сүт фермалары санының артуымен сүт өңдейтін кәсіпорындарға жеткізілетін шикізат көлемі артатынын алға тартты.

Айдарбек Сапаров “КазМясоПродукт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, ет өңдеу кешенінің жұмысымен танысты. Мұнда піскен, жартылай сүрленген шұжық өнімдері және жылқы, сиыр және шошқа етінен түрлі тағамдар шығарылады. Өндіріс ошағының қуаттылығы айына 90 тоннаны құрайды. Кәсіпорында 100-ден аса адам еңбек етсе де, маман тапшылығы мәселесі өзектілігін жоймай отыр. Облыс әкімі бұл мәселені шешу жолдары қарастырылып жатқанын айтты.

Өнім шығаратын кәсіпорындар үшін түйткілді мәселенің бірі – жергілікті сауда орындарының импорттық тауарларға басымдық беруі. Ал Солтүстік Қазақстанда шығарылған өнім тасада қалып қояды екен. Айдарбек Сапаров бұл мәселені де назарға алды.

– Сауда орындарының жетекшілерін шақырып, осы мәселе бойынша кеңес өткізу керек. Кәсіпкерлер отандық тауар өндірушілерді қолдауы тиіс. Бұл жұмысты бақылауға алыңыздар. Сөрелерде бірінші кезекте біздің жергілікті өнім, одан кейін басқалары тұруы қажет, – деген Айдарбек Сапаров бұл істі бақылауды облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшылығына тапсырды.

Майгүл СЕЙІЛБЕК,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp