Облыс орталығына Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының 20 студенті келді. Болашақ әртістер алдағы 4 ай бойы С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында тәжірибеден өтіп, дипломдық жұмыстарын қорғамақ.
– Қазір қазақ театрының ішкі тәртібі, шығармашылық жұмыстың барысымен, актерлермен, труппамен танысып жатырмыз. Дипломдық спектаклімізді алып келдік. Жазушы Мұхтар Әуезовтің “Қаракөз” және Шекспирдің “Ромео мен Джульетта” қойылымдарын сахналамақпыз, – дейді өнер академиясының студенті Рүстем Арменұлы.
Бұл топқа есімі елімізге белгілі актер, Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды жетекшілік етеді.
Білім ордасы дуалдық оқыту жүйесін енгізген. Бұл – қос тарап үшін де тиімді. Себебі жергілікті қазақ театрында кадр тапшылығы әлі де өзекті.
2000 жылдары Қазақ ұлттық өнер академиясының бітіруші түлектері Петропавлға келіп, дәл осылай тәжірибеден өткен. Актерлер ол кезде қара шаңырақтың ашылу салтанатына қатысыпты. 23 жыл бұрын да “Қарагөз” спектаклі сахналанған екен.
– Біздің болашақ актерлермен бірге жұмыс істеп, бір спектакль қою жоспарымызда бар. Алматыдан келген өнерлі жастарға Қызылжар өңірін, осы киелі топырақта түлеген тұлғаларды таныстыруды мақсат етіп отырмыз. Олар сахнаның сырына қанық актерлерден сабақ алады. Егер “Қызылжарда қаламыз, осында еңбек етеміз”, – десе қарсы емеспіз. Оларды қуана қабылдаймыз, есігіміз айқара ашық, – дейді С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі Дәурен Тойбазаров.
Студенттер арнайы жатын орындарымен қамтамасыз етілген және оларға жалақы төленеді. Шәкірттердің кураторы, актриса Баян Қажнабиеваның сөзінше, академияда оқудың жөні басқа, театрда кәсіби мамандармен бірге жұмыс жасаудың жауапкершілігі мүлдем бөлек.