Қызылжар ауданының тұрғыны бір қорап темекінің ақшасын төлемей кеткені үшін жазаланды.
Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ол демалу үшін Петропавлдағы досының үйіне келген. Қонақ спирттік ішімдік ішкеннен кейін жақын маңдағы дүкенге барады. Сатушыдан бір қорап темекі сұрап алғаннан кейін ақысын төлемей қашып кетіпті. Кейін ол бұл қылмысқа мас болғандықтан барғанын айтып, ақталмақ болды.
Ер адамға ауырлығы орташа санатқа жататын және Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 191-бабының 1-бөлігі бойынша “Тонау”, яғни бөтеннің мүлкін ашық ұрлау ретінде сараланатын қылмыс жасады деген айып тағылды.
Бір қорап темекіні қолды еткен Қызылжар ауданы тұрғынының ісі сотта қаралды. Сот үкімімен ол енді 300 сағат қоғамдық жұмыстарға жегіледі және пробация бөлімінің есебіне алынды. Ауылдық округ әкімдігінің маманы белгілеген жұмыс жоспарына сәйкес сотталған адам ауыл аумағын абаттандыру және қыста қар күреу жұмыстарымен айналысатын болады.
Қызылжар ауданының пробация қызметі сотталған адамның жеке басын, оның бейімділігін, қылмысқа ықпал етуі мүмкін тұрғын үй және отбасылық проблемаларын зерделеу мақсатында есепке алынған адаммен оны түзетуге бағытталған әңгіме жүргізді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.