Облыс құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері Борки кентіндегі шаңғы жолында кездесті. Мұнда “Динамо” дене шынықтыру-спорт қоғамының дәстүрлі спартакиадасы басталды.
Жыл сайын өткізілетін спартакиаданың бірінші түрі – шаңғы жарысында полицей әйелдер арасында Мамлют аудандық полиция бөлімінің қызметкері Юлия Волошина үшінші болып мәреге жетті, ал облыстық полиция департаменті аппаратының қызметкері Татьяна Долбышева жеңімпаз атанды. Татьяна – халықаралық жарыстардың қатысушысы, конькимен жүгірумен, шаңғы спортымен және жеңіл атлетикамен айналысады.
Ерлер арасында Петропавл қалалық полиция басқармасының мамандары мәре сызығын бірінші болып кесті. Ұлттық ұлан академиясының және 6637 әскери бөлімінің ұжымдары жүлдегерлер қатарынан көрінді.
– Спортпен шұғылдану – тәртіп сақшыларының міндеті. Жарысқа облыстың күш құрылымдарының 16 дене шынықтыру ұжымы қатысты. “Динамо” дене шынықтыру-спорт қоғамының спартакиадасы спорттың жеті түрін қамтиды. Волейболдан жарыс наурыз айының басында өтетін болады, – дейді облыстық полиция департаменті арнайы және жұмылдыру дайындығы басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Орал Хамзин.
Әсет ҚАНАФИН.