Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметке кірісісімен саяси реформаларды батыл әрі жедел жүргізудің іргелі міндеттерін бірден қолға алды. “Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы” демократиялық тұрғыдан мүлде жаңа заң қабылданды, “Саяси партиялар туралы”, “Сайлау туралы”, “Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы” заңдарға өзгерістер енгізілді. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындауға, ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын, сайлау тізіміндегі әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота белгілеу туралы норманы енгізуге, өкілетті орган ретінде мәслихаттардың беделін көтеруге, саяси үдерістің ашықтығы мен бәсекелестігін қамтамасыз етуге баса назар аударылды.
Саяси саладағы жаңғыртулар, мемлекеттік биліктің барлық дерлік институттарын реформалау 2022 жылғы қанды қаңтар оқиғасынан кейін жеделдей түскені сөзсіз. Бір қолда ғана болған басқару жүйесінің орнына еліміздің саяси өмірі мен әкімшілік-аумақтық құрылымына зор өзгерістер әкелетін басымдықтар айқындалды. Іле-шала Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде бастама көтеріліп, бүкілхалықтық референдумға Ата Заңымыздың үштен біріне жуығы редакцияланып, халқымыздың басым бөлігінің қолдауымен жаңа нұсқасы қабылданып, Қазақстан тарихындағы үшінші референдум еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі ең айтулы оқиғалардың біріне айналды. Еліміз басқарудың суперпрезиденттік формасынан ықпалды парламенті бар президенттік формаға көшті. Қазақстандықтар тікелей Конституциялық сотқа жүгіне алатын болды. Сенаттағы президенттік квота қысқарды, Мәжілісте Қазақстан халқы Ассамблеясынан депутаттар болмайды. Адам құқықтары туралы уәкілдің мәртебесі мен құзыреті бекітілді.
Еліміз егемендік алған алғашқы жылдары елімізде сайлаудың мажоритарлық жүйесі болғаны белгілі. 1999 және 2004 жылдардағы сайлаулар дәл осындай жүйемен өткен. Сол кезде Мәжіліске беделді де білімді азаматтар сайланып, көпшілік оларға үлкен сенім артқан. 2007 жылдан бастап Мәжіліс депутаттары тек пропорционалды әдіспен, яғни партиялық тізіммен ғана сайланып келеді. 19 наурызға белгіленген сайлаудың басты ерекшелігі – аралас сайлау жүйесінің қолданылуы. 2004 жылдан кейін алғаш рет Мәжіліске депутаттардың 30 пайызы бірмандатты округтер арқылы сайланады. Конституциядағы жаңа өзгерістерге байланысты Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау екі жолмен жүзеге асады.
Ықпалды Парламентке қол жеткізудің бірден-бір жолы мажоритарлық жүйе болып табылады. Мұнда көп дауыс алған үміткер жеңіске жетеді. Мемлекет басшысы бір сөзінде сайлауды керек қылмайтын адамдар қатарының көбейіп бара жатқанын, өйткені өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтінін, депутаттарды аса тани бермейтінін сынға алған болатын. Халықтың аралас сайлау жүйесін қолдауы сондықтан. Бұл механизм бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Оған қоса, облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарында пропорционалды және мажоритарлық жүйенің үлесі 50/50 болады. Ал аудандық және қалалық мәслихаттар толығымен мажоритарлық әдіспен жүзеге асырылады. Осылайша жергілікті сайлаушылар нақты өзі ұсынған үміткерге дауыс береді. Аралас сайлауға қатысу 2023 жылдан қолданысқа енгізіліп, Парламент Мәжілісіне 98 депутаттың 29-ы (30 пайызы) мажоритарлық, 69-ы (70) партиялық тізіммен сайланады. Императивтік мандатқа көшу де – соны жаңалықтың бірі. Егер депутат өкілеттік мерзім ішінде сайлаушылардың аманатын ақтай алмаса, оны кері шақырып алуға құқылы. Ондай жағдайда мандаттан айрылуы да ықтимал. Осындай демократия дәстүрлері нығайтылса, депутаттың жұртшылық алдындағы дербес жауапкершілігі күшейеді, белсенділігі артады.
Бүгінде Парламент Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттығына кандидаттарды тіркеу аяқталып, нағыз саяси дода басталып кетті. Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындыларын жариялады. Парламент Мәжілісіне 7 саяси партияның партиялық тізімдері бойынша 281 кандидат, ал бірмандатты сайлау округтері арқылы 435 кандидат тіркелді. Орта есеппен алғанда, бір мандатқа 15 адам таласады. Ең жоғары бәсеке Астана қаласының №1 және №2 округтерінде тіркелді, сәйкесінше 41 және 42 кандидат. Ең төмен көрсеткіш – Түркістан облысының №25 округінде, үміткерлер саны – 5.
Республика бойынша мәслихаттардағы бір орынға орта есеппен 3 кандидаттан келеді. Мәслихаттардың депутаттығына партиялық тізімі бойынша – 1447 кандидат, бірмандатты сайлау округтері бойынша 10288 кандидат тіркелді. Олар 3081 мандат үшін күреседі. Үміткерлердің 80 пайызы – ерлер, 20 пайызы – әйелдер. Орташа жасы 50-ден төмен. Ең жасы 20-дан асқан, ең егдесі – 72-де, 10 ұлттың өкілі бар.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының интернет-парақшасында жарияланған ақпаратқа қарағанда, Парламент Мәжілісіне үміткер ретінде облысымыздан 13 адам тіркелген. Облыстық мәслихатқа 6 саяси ұйым ұсынған партиялық тізімге 65 адам енді, одан бөлек, облыстық мәслихаттың 15 округіне – 53, қалалық мәслихаттың 18 округіне – 53, аудандық мәслихаттардың 145 округіне 450 кандидат енгізілген.
Аумақтық сайлау комиссиялары ұсынған деректер негізінде кандидатты ұсынғаннан кейін тіркеу кезеңі аяқталғанға дейін 45 үміткер кандидатурасын өз қалауымен алып тастау жөнінде өтініш жазып, қанағаттандырылды. 125 кандидаттың тіркеу туралы арызы кері қайтарылды. Оның ішінде бір үміткер Конституция мен “Сайлау туралы” конституциялық заңның Қазақстан Республикасының аумағында кейінгі 10 жыл көлемінде тұру қажеттігі жөніндегі талапқа сай келмеген. Бас прокуратураның ұсынысы бойынша 4 кандидат есептен шығарылмаған және өтелмеген соттылықтың болуына байланысты, 5 кандидат сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін немесе сыбайлас жемқорлық бойынша заң бұзғаны үшін кінәлі деп танығандықтан, тіркеуден бас тартылған. Кандидаттардың көпшілігі құжаттардың толық пакетін ұсынбаған.
Елімізде партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдегенін де айта кеткен жөн. Саяси ұйым ашу үшін жиналатын қолдардың саны 4 есеге дейін азайып, 5 мыңға түсті. Саяси ұйымның өңірдегі өкілдер санына қатысты талаптар да өзгерді. Бұрынғыдай 600 емес, 200 өкіл жеткілікті. Бастамашыл топтың ең төменгі саны – 700. Құрылтай съезін өткізуге ғана емес, филиалдар құруға да жеткілікті уақыт беріледі. Заң нормаларының қолжетімділігі түрлі көзқарас пен пікірлер әрқилығының тоғысуына жол ашып, елімізде тіркелген барлық 7 саяси партия сайлауға қатысуға жіберілді. Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін партиялық тізімге енгізілген адамдардың Конституция мен “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” заңның талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізілді.
“Amanat” партиясының атынан Мәжіліс сайлауына 90 адам түспек. Оның 29-ы – әйелдер, жастар, ерекше қажеттіліктері бар адамдар. Кандидаттар құрамының 75 пайызы жаңарған. “Respublika” партиясы Мәжіліс сайлауына 29 үміткер ұсынғанмен, 6 адам тізімге енбеді. Тіркелгені – 23. “Ақ жол” демократиялық партиясы 52 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынды. “Ауыл” халықтық-демократиялық партиясынан – 25, “Жалпыұлттық социал-демократиялық” партиясынан – 19, “Қазақстан халық партиясынан” – 52, “Байтақ” жасылдар партиясынан 18 адам тіркелді. Партиялық тізім бойынша сайлауға қатысуға мүмкіндік алған 281 үміткер болашақта ие болатын Парламент Мәжілісі депутатының 69 мандаты үшін саяси бәсекеге көрігін қыздыратын болады. Дәл қазір қайсысының бағы жанып, көбірек дауыс алатынын дөп басып айту қиын.
Парламент Мәжілісі депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 5 және одан да көп пайыз дауысын алған саяси партиялар сайлау жарнасын төлемейді. Олар – “Amanat”, “Ақ жол”, “Ауыл” партиялары.
Жеребе қорытындысына сай саяси партиялардың атаулары сайлау бюллетенінде келесі тәртіппен орналасты: “Amanat”, “Ауыл” халықтық-демократиялық, “Respublika”, “Қазақстан халық партиясы”, “Байтақ” жасылдар партиясы, “Ақ жол”, “Жалпыұлттық социал-демократиялық” партиялары.
Сайлау алдындағы үгіт кезеңі 18 ақпан сағат 18:00-де басталып, 18 наурызда сағат 00:00-де аяқталады. Үгіт-насихат жұмыстарында да жаңалықтар бар. БАҚ-тағы үгіт-насихаттан бөлек, сайлау алдындағы іс-шараларды жүргізуді, үгіт материалдарын шығаруды онлайн-платформалар (“Facebook”, “Instagram”, “Telegram”, “YouTube”) арқылы да жүзеге асыратыны белгілі. Үгіт-насихатқа қатысатын онлайн-платформаларды қолданушылар сайлау комиссияларына төлем мөлшері мен үгіт материалдарын орналастыру шарттары туралы мәліметтерді үгіт басталардан 5 күн бұрын ұсынатыны белгілі. Орталық сайлау комиссиясына 465 БАҚ және 40 онлайн-платформа пайдаланушы, аумақтық сайлау комиссияларына 2115 БАҚ пен 55 онлайн-платформа пайдаланушы төлем мөлшері, баспасөз бетіндегі орны, эфир уақытын ұсыну шарттары мен тәртібі туралы мәліметтер берген. Олармен кандидаттар мен саяси партиялар келісім жасасып, үгіт материалдарын орналастыра алады.
Онлайн-платформаны пайдаланушылар уәкілетті органдар ретінде есепке алынбайды және азаматтық пікір білдіруге шектеу қойылмайды. Мәселен, кез келген азамат өзінің жеке пікірін жарияласа, қаржыны талап етпейтін сайлау алдындағы үгіт жүргізудің конституциялық құқығы сақталады. Орталық сайлау комиссиясы Бас прокуратураның ұсынысымен үгіт-насихат талаптарын бұзған 4 кандидатты жауапкершілікке тартуға рұқсат берген. Заң бұзуға байланысты 5 факт анықталған, яғни кандидаттар тіркеу аяқталмастан бұрын үгіт шараларын бастап кеткен. Оның ішінде 1 кандидатқа әкімшілік жаза кесілді. Тіркелмей жатып үгіт-насихат жұмысын бастап кеткендер Астана, Тараз және Қарағандыдағы бірмандатты сайлау округтерінде орын алған. Әкімшілік кодекстің 122- бабы бойынша мемлекеттік органдардың лауазым иелеріне, әскери қызметшілерге, арнаулы және құқық органдарының қызметкерлеріне, судьяларға, сайлау комиссиялары мен діни бірлестіктердің мүшелеріне сайлау алдында үгіт жүргізіп, үгіт материалдарын таратуға тыйым салынған. 113-бапта әкімшілік жазаға деректемелері жоқ, анонимді үгіт-насихат материалдарын таратуға байланысты заңсыз әрекеттер көрсетілген, 114-бапта үгіт материалдарын қасақана бүлдіргені үшін жауапкершілік қарастырылған.