«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Саяси бәсекеге жол ашық

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметке кірісісімен саяси реформаларды батыл әрі жедел жүргізудің іргелі міндеттерін бірден қолға алды. “Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы” демократиялық тұрғыдан мүлде жаңа заң қабылданды, “Саяси партиялар туралы”, “Сайлау туралы”, “Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы” заңдарға өзгерістер енгізілді. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындауға, ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын, сайлау тізіміндегі әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота белгілеу туралы норманы енгізуге, өкілетті орган ретінде мәслихаттардың беделін көтеруге, саяси үдерістің ашықтығы мен бәсекелестігін қамтамасыз етуге баса назар аударылды.

Саяси саладағы жаңғыртулар, мемлекеттік биліктің барлық дерлік институттарын реформалау 2022 жылғы қанды қаңтар оқиғасынан кейін жеделдей түскені сөзсіз. Бір қолда ғана болған басқару жүйесінің орнына еліміздің саяси өмірі мен әкімшілік-аумақтық құрылымына зор өзгерістер әкелетін басымдықтар айқындалды. Іле-шала Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде бастама көтеріліп, бүкілхалықтық референдумға Ата Заңымыздың үштен біріне жуығы редакцияланып, халқымыздың басым бөлігінің қолдауымен жаңа нұсқасы қабылданып, Қазақстан тарихындағы үшінші референдум еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі ең айтулы оқиғалардың біріне айналды. Еліміз басқарудың суперпрезиденттік формасынан ықпалды парламенті бар президенттік формаға көшті. Қазақстандықтар тікелей Конституциялық сотқа жүгіне алатын болды. Сенаттағы президенттік квота қысқарды, Мәжілісте Қазақстан халқы Ассамблеясынан депутаттар болмайды. Адам құқықтары туралы уәкілдің мәртебесі мен құзыреті бекітілді.

Еліміз егемендік алған алғашқы жылдары елімізде сайлаудың мажоритарлық жүйесі болғаны белгілі. 1999 және 2004 жылдардағы сайлаулар дәл осындай жүйемен өткен. Сол кезде Мәжіліске беделді де білімді азаматтар сайланып, көпшілік оларға үлкен сенім артқан. 2007 жылдан бастап Мәжіліс депутаттары тек пропорционалды әдіспен, яғни партиялық тізіммен ғана сайланып келеді. 19 наурызға белгіленген сайлаудың басты ерекшелігі – аралас сайлау жүйесінің қолданылуы. 2004 жылдан кейін алғаш рет Мәжіліске депутаттардың 30 пайызы бірмандатты округтер арқылы сайланады. Конституциядағы жаңа өзгерістерге байланысты Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау екі жолмен жүзеге асады.

Ықпалды Парламентке қол жеткізудің бірден-бір жолы мажоритарлық жүйе болып табылады. Мұнда көп дауыс алған үміткер жеңіске жетеді. Мемлекет басшысы бір сөзінде сайлауды керек қылмайтын адамдар қатарының көбейіп бара жатқанын, өйткені өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтінін, депутаттарды аса тани бермейтінін сынға алған болатын. Халықтың аралас сайлау жүйесін қолдауы сондықтан. Бұл механизм бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Оған қоса, облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарында пропорционалды және мажоритарлық жүйенің үлесі 50/50 болады. Ал аудандық және қалалық мәслихаттар толығымен мажоритарлық әдіспен жүзеге асырылады. Осылайша жергілікті сайлаушылар нақты өзі ұсынған үміткерге дауыс береді. Аралас сайлауға қатысу 2023 жылдан қолданысқа енгізіліп, Парламент Мәжілісіне 98 депутаттың 29-ы (30 пайызы) мажоритарлық, 69-ы (70) партиялық тізіммен сайланады. Императивтік мандатқа көшу де – соны жаңалықтың бірі. Егер депутат өкілеттік мерзім ішінде сайлаушылардың аманатын ақтай алмаса, оны кері шақырып алуға құқылы. Ондай жағдайда мандаттан айрылуы да ықтимал. Осындай демократия дәстүрлері нығайтылса, депутаттың жұртшылық алдындағы дербес жауапкершілігі күшейеді, белсенділігі артады.

Бүгінде Парламент Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттығына кандидаттарды тіркеу аяқталып, нағыз саяси дода басталып кетті. Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындыларын жариялады. Парламент Мәжілісіне 7 саяси партияның партиялық тізімдері бойынша 281 кандидат, ал бірмандатты сайлау округтері арқылы 435 кандидат тіркелді. Орта есеппен алғанда, бір мандатқа 15 адам таласады. Ең жоғары бәсеке Астана қаласының №1 және №2 округтерінде тіркелді, сәйкесінше 41 және 42 кандидат. Ең төмен көрсеткіш – Түркістан облысының №25 округінде, үміткерлер саны – 5.

Республика бойынша мәслихаттардағы бір орынға орта есеппен 3 кандидаттан келеді. Мәслихаттардың депутаттығына партиялық тізімі бойынша – 1447 кандидат, бірмандатты сайлау округтері бойынша 10288 кандидат тіркелді. Олар 3081 мандат үшін күреседі. Үміткерлердің 80 пайызы – ерлер, 20 пайызы – әйелдер. Орташа жасы 50-ден төмен. Ең жасы 20-дан асқан, ең егдесі – 72-де, 10 ұлттың өкілі бар.

Облыстық аумақтық сайлау ко­миссиясының интернет-парақшасында жарияланған ақпаратқа қараған­да, Парламент Мәжілісіне үміткер ретінде облысымыздан 13 адам тір­келген. Облыстық мәслихатқа 6 сая­си ұйым ұсынған партиялық тізімге 65 адам енді, одан бөлек, облыстық мәслихаттың 15 округіне – 53, қала­лық мәслихаттың 18 округіне – 53, аудандық мәслихаттардың 145 округі­не 450 кандидат енгізілген.

Аумақтық сайлау комиссиялары ұсынған деректер негізінде кандидатты ұсынғаннан кейін тіркеу кезеңі аяқталғанға дейін 45 үміткер канди­датурасын өз қалауымен алып тас­тау жөнінде өтініш жазып, қанағат­тандырылды. 125 кандидаттың тір­кеу туралы арызы кері қайтарылды. Оның ішінде бір үміткер Конституция мен “Сайлау туралы” конституция­лық заңның Қазақстан Республика­сының аумағында кейінгі 10 жыл кө­лемінде тұру қажеттігі жөніндегі та­лапқа сай келмеген. Бас прокурату­ра­ның ұсынысы бойынша 4 кандидат есептен шығарылмаған және өтел­ме­ген соттылықтың болуына байланысты, 5 кандидат сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін немесе сыбай­лас жемқорлық бойынша заң бұз­ғаны үшін кінәлі деп танығандықтан, тіркеуден бас тартылған. Кандидат­тардың көпшілігі құжаттардың толық пакетін ұсынбаған.

Елімізде партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдегенін де айта кеткен жөн. Саяси ұйым ашу үшін жиналатын қолдардың саны 4 есеге дейін азайып, 5 мыңға түсті. Саяси ұйымның өңірдегі өкілдер санына қатысты талаптар да өзгерді. Бұрынғыдай 600 емес, 200 өкіл жет­кілікті. Бастамашыл топтың ең төмен­гі саны – 700. Құрылтай съезін өт­кізуге ғана емес, филиалдар құруға да жеткілікті уақыт беріледі. Заң нормаларының қолжетімділігі түрлі көз­қарас пен пікірлер әрқилығының то­ғысуына жол ашып, елімізде тіркел­ген барлық 7 саяси партия сайлауға қатысуға жіберілді. Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін партиялық тізім­ге енгізілген адамдардың Консти­туция мен “Қазақстан Республика­сындағы сайлау туралы” заңның талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізілді.

“Amanat” партиясының атынан Мә­жіліс сайлауына 90 адам түспек. Оның 29-ы – әйелдер, жастар, ерек­ше қажеттіліктері бар адамдар. Кан­дидаттар құрамының 75 пайызы жаңарған. “Respublika” партиясы Мәжі­ліс сайлауына 29 үміткер ұсынғанмен, 6 адам тізімге енбеді. Тіркелгені – 23. “Ақ жол” демократиялық партиясы 52 адамнан тұратын партия­лық тізімді ұсынды. “Ауыл” халықтық-демократиялық партиясынан – 25, “Жалпыұлттық социал-демократиялық” партиясынан – 19, “Қазақстан ха­лық партиясынан” – 52, “Байтақ” жа­сылдар партиясынан 18 адам тір­келді. Партиялық тізім бойынша сай­лауға қатысуға мүмкіндік алған 281 үміткер болашақта ие болатын Пар­ламент Мәжілісі депутатының 69 ман­даты үшін саяси бәсекеге көрігін қыз­дыратын болады. Дәл қазір қайсы­сының бағы жанып, көбірек дауыс алатынын дөп басып айту қиын.

Парламент Мәжілісі депутатта­рының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 5 және одан да көп пайыз дауысын алған саяси партиялар сайлау жар­насын төлемейді. Олар – “Amanat”, “Ақ жол”, “Ауыл” партиялары.

Жеребе қорытындысына сай саяси партиялардың атаулары сай­лау бюллетенінде келесі тәртіппен орналасты: “Amanat”, “Ауыл” халық­тық-демократиялық, “Respublika”, “Қазақстан халық партиясы”, “Байтақ” жасылдар партиясы, “Ақ жол”, “Жалпыұлттық социал-демокра­тиялық” партиялары.

Сайлау алдындағы үгіт кезеңі 18 ақпан сағат 18:00-де басталып, 18 наурызда сағат 00:00-де аяқталады. Үгіт-насихат жұмыстарында да жаңа­лықтар бар. БАҚ-тағы үгіт-насихаттан бөлек, сайлау алдындағы іс-шараларды жүргізуді, үгіт материал­дарын шығаруды онлайн-платформалар (“Facebook”, “Instagram”, “Te­legram”, “YouTube”) арқылы да жүзе­ге асыратыны белгілі. Үгіт-насихатқа қатысатын онлайн-платформаларды қолданушылар сайлау комиссия­ларына төлем мөлшері мен үгіт ма­териалдарын орналастыру шартта­ры туралы мәліметтерді үгіт басталардан 5 күн бұрын ұсынатыны белгі­лі. Орталық сайлау комиссиясына 465 БАҚ және 40 онлайн-платформа пайдаланушы, аумақтық сайлау ко­миссияларына 2115 БАҚ пен 55 он­лайн-платформа пайдаланушы тө­лем мөлшері, баспасөз бетіндегі орны, эфир уақытын ұсыну шартта­ры мен тәртібі туралы мәліметтер бер­ген. Олармен кандидаттар мен саяси партиялар келісім жасасып, үгіт материалдарын орналастыра алады.

Онлайн-платформаны пайдаланушылар уәкілетті органдар ретінде есепке алынбайды және азаматтық пікір білдіруге шектеу қойылмайды. Мәселен, кез келген азамат өзінің жеке пікірін жарияласа, қаржыны та­лап етпейтін сайлау алдындағы үгіт жүргізудің конституциялық құқығы сақталады. Орталық сайлау комис­сиясы Бас прокуратураның ұсыны­сымен үгіт-насихат талаптарын бұз­ған 4 кандидатты жауапкершілікке тартуға рұқсат берген. Заң бұзуға байланысты 5 факт анықталған, яғни кандидаттар тіркеу аяқталмастан бұрын үгіт шараларын бастап кеткен. Оның ішінде 1 кандидатқа әкімшілік жаза кесілді. Тіркелмей жатып үгіт-насихат жұмысын бастап кеткендер Астана, Тараз және Қарағандыдағы бірмандатты сайлау округтерінде орын алған. Әкімшілік кодекстің 122- бабы бойынша мемлекеттік орган­дардың лауазым иелеріне, әскери қызметшілерге, арнаулы және құқық органдарының қызметкерлеріне, судьяларға, сайлау комиссиялары мен діни бірлестіктердің мүшелеріне сайлау алдында үгіт жүргізіп, үгіт материалдарын таратуға тыйым са­лынған. 113-бапта әкімшілік жазаға деректемелері жоқ, анонимді үгіт-насихат материалдарын таратуға байланысты заңсыз әрекеттер көр­сетілген, 114-бапта үгіт материалдарын қасақана бүлдіргені үшін жауап­кер­шілік қарастырылған.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp