Маржан менің ауылдасым. Балалалық шағым нағашы жұртта өткендіктен, оны сырттай жақсы танимын. Туыстығым жоқ. Менен төрт жас үлкендігі бар. Бірге ойын қуған жоқпыз. Адаммен таңдап араласатын.
Тұратын үйі төр көшеде. Отбасы ауылдың үлгілі шаңырақтарының бірі саналды. Әкесі кеңшардың басшылық қызметінде, бала тәрбиесімен үйде отырған анасы ауылдың қыз-келіншектері арасында аузы дуалы, сөзі уәлі жан болды. Бір сөзбен айтқанда, шыққан жері – текті орта.
Ауылдың сегізжылдық мектебін бітіріп, қалаға кеткен Маржанды көруден қалдым. Кейін біз отбасымызбен нағашы жұрттан қоныс аударып кеттік те, олармен қарым-қатынасымыз мүлде үзілді. Араға отыз жыл салып кездестік.
Қызылжарға көшіп келгеніме ай жарым ғана болған. Жаңа жылдың қарсаңы. Даланы іңір қараңғысы тұмшаласа да, көше абыр-сабыр. Жұмыстан қайтқандар, қаланың бас көшесін серуен еткендер, біраз адам жүр. Мен де жұмыстан шығып, үйге қарай беттеп келе жатыр едім.
– Гүлім, – деген бейтаныс дауыс шықты. Көше шамдарының жарығымен айналамды шола қарадым. Алды-артымда ешкім жоқ. Көзім сол жағымдағы артта қалып бара жатқан орындыққа түсті. Екінші қайтара шақырған кезде дауыстың сол жерден шыққанын ұқтым. Төрт-бес адым жер. Шақырған адам сол отырған қалпы, маған тесіле қалыпты. Кім екенін әлі танымай тұрмын. Қасына келдім.
– Танымай қалдың ба? Мен ғой Маржан, Жанарыстың қызы, – деп күле қарады.
Енді таныдым. Өзгерген. Дәлірек айтқанда, қартайған. Киім киісі қартайтып тұрған сияқты. Бет-әлпетіне түсе бастаған әжім жас кезіндегі сұлулығын жасырып тұрғандай. Таныдым. Ауылдың сылқым қыздарының бірі болған Маржан. Үнсіздігім ұзаққа созылып кетті ғой деймін.
– Бір-бірімізді көрмегелі қай заман. Ұмытсаң, ұмытатындай уақыт өтті, – деп сөзді өзі жалғастырып кетті.
– Иә, зымыраған уақыт. Шын айтайын, топтың ішінен көрсем, танымас едім.
– Ал сен өзгермепсің, – деп маған тесіле қарады.
– Қартайдық қой. Сендердің өкшелеріңді басып келе жатырмыз.
– Иә, ол рас. Сен Алматыда емес пе едің? Қызылжарға келгеніңе көп болды ма?
– Жоқ, екі ай шамасы. Осында жұмысқа орналасып, тұрып жатырмын, – дедім.
– Отбасың бар ма?
– Екі балам бар, – күйеуімді есепке қоспадым, қасымызда болмаған соң.
– Үлкен бе?
– Мектеп жасында. Тұрмысқа кеш шықтым ғой…
– Мен тұрмысқа ерте шықсам да сәби сүйе алмадым, – деп басын салбыратып, жер шұқып қалды.
Желтоқсанның ызғары сезілетін. Бір орында тұрып қалғандықтан, денем тоңазып барады. Етігімді бір-біріне соғып, қимылдап қоямын. Маржанның тоңбай отырғанына таңғалдым. Тіпті қолғабы да жоқ. Өмір бойы солтүстікте тұрғанының белгісі шығар. Жылыға үйреніп алған мен сияқты емес.
– Тоңып қалдың ба? Жарайды бөгемейін, осында болсаң, кездесерміз әлі, – деді.
Мен де осы сөзді тосып тұрғандай, қош айтысып, кете бардым. Осындай диалогпен отыз жылдан кейін бір-бірімізбен қауышқан едік. Тіпті “қауыштық” деген сөздің өзі артық болар. Көрдік, сәлемдестік, қоштастық. Ешқандай жақындық байқалмады. Қала кішкентай болған соң, кездесіп қалған кезде бір-бірімізге бас шұлғып, бір-екі ауыз сөз ғана қағыстырып жүрдік.
Арада үш-төрт ай өткенде, таңмен таласа телефоным безілдеп қоя берді. Маржан екен. Сенбі болатын. Телефонымды ортақ таныстардың бірінен алған болуы керек. Созылып сөйлейтін әдетімен аман-саулық сұрады. Мені әңгімеге тартудың амалына салып, ауылдың бір-екі жаңалығын айтты. “Менде қандай шаруасы бар екен?” деген оймен үнсіз тыңдап тұрмын.
Соңғы апта мен үшін аса қиын болған еді. Бүгінде есіме алғым келмейтін проблеманың шырмауында басым қатып, жүргенді. Маржанның айтып жатқан әңгімесінен ұғып жатқаным шамалы. Бір кезде телефонның арғы жағы үнсіз қалды. Бір-екі рет “аллоға” басып қойдым. “Иә” деген дауыс берді.
– Гүлім, сенде қарызға ақша бар ма? – деді.
Мен бірден жауап бере алмай қалдым. “Бар” әлде “жоқ” деген сөздің қайсысы орынды екенін ұға алмай тұрмын. Қарызға ақша алу деген ұғым – жақсы таныстардың арасында жүретін әрекет. Маржанмен алыс-берісім шамалы. “Жоқ” деп өтірік айту менің мінезіме жат.
– Бар, – дедім.
– Қарыз бере аласың ба? – деді жұлып алғандай.
Ауызыма түскен сөз “Қанша?” болды.
– Екі мың доллар!
Әңгіменің сарыны, тіпті түсініксіз болып кетті. Менен доллармен ақша сұрағанына таңданып, бір сәт үнсіз қалдым. “Қолыма доллармен ақша түскенін ол қайдан біледі?” деген ой санамды тесіп барады. Ақшалы болғаным жақында, бесінші күн ғана. Оны менен басқа ешкім білмейді. Ол қайдан біліп отыр? Сайтан ба дерсің?!
– Гүлім, бар ма, жоқ па?, – деген дауысы қатты шықты. “Бере ме, бермей ме?” тез шешейін дегені болар.
– Жақсы, берейін, – дегенді қалай айтып қойғанымды өзім білмей қалдым.
– Ой, жақсы болды. Сен мені қиындықтан құтқардың. Адресіңді айт, қазір келіп, алып кетейін, – деп жылпылдаған кезде бұрынғы мен білетін кербез Маржан көзден бұл-бұл ұшты.
– Ақша банкте. Кешке берермін, – дедім.
Телефонды бір сәт үнсіздік жайлады.
– Жоқ, кешке дейін күте алмаймын. Бүгін банк түске дейін ғана істейді. Мен қазір сені таксимен келіп, алып кетейін. Жұмысымызды тез бітірейікші, – деді қиылып.
Неге екенін білмеймін, оның ұсынысын тез қабылдадым. Жоспарлы үй тірлігімді жинап қойып, соңынан кетуге дайынмын. Ұйықтап жатқан қызымды тұрғызып алып, “тез тамағыңды іш, кетем” деп дікілдедім. Ол түк түсінбей, көздерін уқалай ашып, дұрыс тамақ та ішпеді. “Қарны ашса, жер” деп май-қантты үстелдің үстінде қалдырдым.
Маржан тез жетті. Телефон соғып, таксидің ішінде күтіп отырғанын айтты.
Банкке де тез жеттік. Талон алып, менеджердің шақыртуын жарты сағаттай күттік. Маржан қасымнан шықпайды. Менеджерге де бірге барды. “Тыста күте тұр” деп айтуға менің жігерім жетпейді. Менеджермен әңгімені мұқият тыңдап отырған Маржан құлағыма сыбырлап:
– Алты мың доллар бере аласың ба? Мен екі мыңмен шаруамды толық бітіре алмаймын, – деді.
Мен көзіне тіке қарап, не айтарымды білмей тұрып қалған едім:
– Қазір осы жерден шығып, нотариуске барып, заңды түрде рәсімдейміз. Үстінен процентін көресің, – деді.
Бұл – менің көнгіштігімді біліп алған адамның әрекеті еді.
Менің артық ауыз сөз шығармай, сенімімді жүрегіме орнықтырып, алты мың долларды қалтасына басты. Айтқанындай, заңды түрде рәсімделген қолхатты қолыма ұстатты.
Бүгінде ойлап отырсам, Маржан өзінің өмір салтын, іс-әрекетін білмейтін адамды оп-оңай өз ыңғайына көндіре алатын қабілетті жан екен. Көзіңе тіке қарап, әр сөзін салмақты жеткізіп, күмәнді ойың болса, саған ыңғайлы әрекетпен әп-сәтте сейілту қабілеті де ерекше. Мен сияқты “сенгіш” адамды көндіру оған еш қиындық тудырмады.
Бұл әрекетіме разы болмаған құрбым Мақпал еді. Жаңалықты естіген кезде ашуға булықты.
– Сен үй алатын ақшаңды неге қарызға бересің? Басыңда “сақинаң” бар ма? – деп ашуланды. Ашуының астарындағы маған деген жанашырлығын сезіп тұрмын.
– Адамның күні адаммен дегендей. Қиналап сұраған шығар? Қайтарар, – деп күмілжідім.
– Маржан ертең қарызыңнан ақау шығармай толық әрі уақытында қайтарса, мен саған ауыр айтқан тілімді кесіп берейін, – деп одан бетер қызбаланды.
Мақпал да Маржанды таниды. Ауылда бір көшеде тұрған. Маржанның алдап-арбайтын қылығын ұзынқұлақтан естігені болмаса, нақты білмейді.
Сізге өтірік, маған шын, сондағы берген алты мың қарыз уақтылы қайтарылмақ түгілі үсті-үстіне қосылып, жарты жылда он алты мыңға жетті. Үй аламын деген бар ақшамды өз қолыммен “бөтенге” беріп, екі баланы құшақтап, жалдамалы пәтерде жүрдім. Қайта-қайта мазалап, ақшаны сұрай бергендіктен бе, әлде уақытты “тынышқұлақпен” созғысы келді ме, бір күні өзінің үш бөлмелі үйін босатып берді. Өзі анасымен бірге тұратынын, одан қалды Астанада жұмыс істейтін күйеуіне жиі баратынын айтып, маған “жақсылық” жасамақ болды. Күндердің күнінде сол үйді қарыздың үстіне ипотекамен маған рәсімдеп, қарызынан құтылатынын уәде етіп, бөсті. Иә “бөсті”, айтқанының бәрі бос сөз. Адамды сендіру жағынан алдына жан салмайды. Көзіңе тіке қарап, салиқалы адамдай сөз саптап, әр ойын шегелеп айтқан кезде, сенбеу мүмкін емес еді.
Осы Маржанмен арадағы болған жайттан кейін өзімді “ақылсыздар” қатарына қостым. Жұрттың “кішіпейілсің”, “жанашырсың”, “арамдығың жоқ” “жұрттың бәрін өзіңдей көресің”, “қулығың жоқ” деген мінездемесін осы жайттан кейін “өз тіршілігіңді білмейтін, ақымақсың!” деген тұжырымға ауыстырдым. Бала-шаға алдындағы жауапкершілікті сырып қойып, айдаладағы біреудің қамын ойлау ақылды адамның санасына түйілмес еді. Алаяқтың құрығына мен сияқтылар оңай түседі екен.
“Ипотекаға берем” деген пәтерін банк борышы үшін тартып алды. Банкке берешегі өз алдына, кейін естимін, қаншама тамыр-танысының, туған-туысының көз жасына қалған.
Қарызды Маржан емес, күйеуі қайтарды. Екі-үш бөліп, әрең дегенде құтылды. Шикі сары түрі ұсқынсыз адамның ашуға булыққаны жаман екен. Оның үстіне дүниеқоңыздығы да басым. Берген сайын қолы қалтырап, түрі бозарып, көзі аларып, адамды түгімен жейтіндей кейіппен береді. Өзі алмаған, желге ұшқан қарызды қайтару оңай ма? Қойынында жатқан әйелінің алаяқтығын біліп, тіпті күйінсе керек. Менің қолымда заңды түрде рәсімделген “қолхат” болмаса, күйеуінің де маған “жанашырлық” танытып, есептеспесі анық еді. “Қолхаттың” ізімен сот жүйесі жұмыс істесе, әйелінің сотталып кетуінен қорықты. “Қарыздың үстемеақысын Маржанның өзінен аларсың”, – деп долданды. Үстемақы туралы қолхат қолмен жазылғандықтан, одан ешқандай “қорқыныштың” жоқ екендігі оған белгілі еді.
Бүгінде Маржанды көшеде көрсем, айналып кетемін. Амандығын да сұрағым келмейді. Қасына жолап кетсем, сайқал мінезінің қасіреті тағы жұғып кетеді ме деп қорқамын. Ауру қалса да, әдет қалмайды ғой, әлі де біреулердің обалына қалып жүрген шығар…
Гүлім ҚҰРМАН.
Петропавл қаласының тұрғыны.