«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Спартак РАМАЗАНОВ: “ТЕАТР – ҒАЖАЙЫП ӘЛЕМ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл Петропавлдағы Н.Погодин атындағы орыс драма театры 136-шы маусымын өткізуде. Бұл ұжым өнер сүйер қауымға өзінің талантты актерлік құрамымен де белгілі. Өмірдің сан алуан қырларын қамтитын репертуарлары да бай. Өнер ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігімен, алдағы жоспарларымен танысу үшін ұжымның басшысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Спартак Рамазановты әңгімеге тартқан едік.

– Спартак Өмірзақұлы, театр жайына көшпес бұрын сізді га­зетіміздің бүгінгі оқырмандарына кеңірек таныстырғым келеді. Жер­лестеріміз сізді ғана емес, әуле­ті­ңізді де жақсы біледі деп ойлай­мын. Дегенмен уақыт зымырап өтіп жатыр, ұрпақ алмасуда. Сіздің бұл салаға қызығушы­лығыңыз қашан басталды, театр­ға қалай келдіңіз?

– Мен Есіл ауданындағы Орта­лық деген шағын ауылда дүние есігін аштым. Бесікте жатқанда анамның әлдиі мен қоңыр домбы­раның үні бірге уатты десем, артық айтқандық болмайды. Сол кездері облыс, республикаға танылып қал­ған өнерпаз-әкем үйде де домбы­расын қолынан түсірмейтін. Өнерге, домбыраға деген құштарлығымды сол кісі оятты. Беске толған кезім-ау деймін, бірде әкем алдына алып, домбырасын қолыма ұстатты да өзі ақырын шерте бастады. Жайшы­лықта қолды-аяққа тұрмаушы едім, тырп етпей, ұйып тыңдадым. Осы­дан кейін әкем қолы боста мені қа­сына отырғызып, домбыра шертетін болды. Бірте-бірте домбыраның әуені бойыма сіңгені соншалық, “домбыра тартыңызшы” деп, енді әкемді өзім мазалайтын болдым. Ол кісі жұмыстан шаршаңқырап келсе де бетімді қайтармайтын. Осылай күндер өтіп жатты. Ол маған алғаш рет атақты Қожаберген жыраудың, ол кезде халық әні аталып кеткен “Елім-айын” үйретті. Кейін “Анашым” деген әнді домбыраға қосылып әуелетті.

Сөз реті келгенде айта кетейін, әкем ауылда Мәдениет үйінің ди­ректоры болды. Домбыра тартатын, баянда ойнайтын, Халық театрын құрды. Жалпы біздің әулетіміз – шетінен өнерпаз болды. Өнер жо­лында оны ағасы Бегайдар да қол­дады, кейін олардың қатарына ағам Амангелді қосылды. Амангелді – Шым­кенттің мәдениет институтын та­мамдаған, жоғары білімді маман. Бүгінде ол да өнер саласында еңбек етіп жүр, жас өнерпаздарды әнге, термеге баулумен айналысады.

Ердің жасы – елуге иек артқанда әкемнің денсаулығы сыр беріп, төсек тартып жатып қалды. Қайсар еді, күресті. Бірақ болмады, 1997 жылы, 50 жасында өмірден өтті. Біз бұл кезде бұрын кеңшар орталығы болған Чириковка ауылында тұрып жатқанбыз. Осы орыс ауылында 1987 жылы орта мектепті тамамда­ған­нан кейін алдымда “Кім бола­мын?”, “Қандай мамандықты таң­дай­мын?” деген сауалдар тұрды. Көп ойланған жоқпын. Өйткені әкем өмірден озарында: “Күнім, өнерің­нен қолыңды үзбе!” – деген еді. Сол сөзі әлі күнге құлағымда жаңғырып тұрады. Осы аманатқа өз арманым қосылып, Көкшетаудың Ақан сері атындағы мәдениет училищесіне оқуға түстім. Содан бері өнер сала­сында келемін. Әуелі Ленин аудан­дық мәдениет бөлімінің көркемдік жетекшісі болдым. Кейін осы қыз­метімді туған ауылым – Орталықта, Есіл, Жамбыл аудандарында жал­ғас­тырдым, халық театрларына ре­жиссер ретінде жетекшілік еттім. Есіл, Мағжан Жұмабаев ауданда­рында мәдениет, тілдерді дамыту бөлімдерін басқардым.

Мен ауылдағы “Халық театры­ның” сахнасында өскен баламын ғой, сондықтан қарашаңырақ – Н. По­годин атындағы театрға келуімді кез­дейсоқтық дей алмаймын. Оқыр­ман­дарға түсінікті болу үшін айта кетейін, алғашында мен бұл театрда ди­ректордың орынбасары болып іс­тедім. Ұжымдағы ахуал мәз емес екен, айтыс-тартыс, ырду-дырду өнерді өрлетпейтінін білетіндіктен, көп тұрақтамай қуыршақ театрына көркемдік жетекші болып ауысып кет­тім. Бірақ погодиндіктер мені, менің оларды қимайтыным анық еді. Ақы­ры не керек, 2014 жылы қайта ора­лып, директорлық қызметке кірістім.

– Бүгінде сіздің балала­ры­ңыздың да жолыңызды қуып, өнер айдынына құлаш ұрғанын білеміз. Жаңа өнерге келуіме жол ашты деп әкеңіз туралы айт­ты­ңыз, өзіңіз де перзенттеріңізге ба­ғыт-бағдар сілтеп отыратын болар­сыз?

– Балаларымның ешқайсысын міндеттеген емеспін. Үлкен қызым Зәмзәгүл – актер мамандығына оқып, бітірген. Бүгінде кітапхана қызметкері. Екінші қызым Жан – өнер колледжін тамамдап, Құрманғазы атындағы консерваторияға түсті. Ұлым Расул – өнер колледжі­нің 3-курсында оқиды. Қадамдары сәтсіз емес. Расул “дирижер бола­мын, өзімнен кейінгілерді осы ма­мандыққа баулимын, бізде осы жағы кенже қалған”, – дейді

Менің бір қуанатыным, балала­рым театрға жиі келеді. Үйде басы­мыз қосыла қалғанда, қойылым­дарды талдаймыз. Әрқайсысы өз ойын ашық айтып, нақпа-нақ жеткізе біледі. Өнерге өздері құлшынып тұр. Мен қарсы емеспін. Керісінше, өнер жолын таңдағандарына қуанамын. Өзім әнші болғандықтан әрі жастай театр өнерімен қанаттанғандықтан, олардың қолдарын қаққан жоқпын. Аталарымыздың жолын қуса, тек қолдаймын.

– Жалпы қазақ өнеріне, руха­ниятына не жетпей жатыр деп ойлайсыз?

– Менің ойымша, бәрі тәрбиеге байланысты. Адамның санасы, намысы жоғары болуы керек. Біздің еліміздің тарихы бай, ұлтымыздың бекзат құндылықтары көп. Мені соны күнделікті өмірде дұрыс пай­даланып жүрміз бе деген ойлар жиі мазалайды. Әлі күнге біреудің қаңсығын таңсық көретініміз рас қой. Өзгелерге еліктемей, ұлттық өне­рімізді дәріптеп, соны жас ұрпақтың бойына сіңіре білуіміз керек.

Жаңа жыл қарсаңында өзім туып өскен Есіл ауданында концерт бердік. Тұңғыш рет ұйымдасты­рылған “Есіл жұлдыздары” деп аталған кешке сол өңірден шыққан өнерлі қыз-жігіттерді жинап, ән мен жырдан шашу шаштық. Оған өзім ұйытқы болдым. Зал лық толды. Әр әнші бір өлең ғана орындап үлге­ретін уақыт болды. Мен өзім ба­сында жарты-ақ ән айттым. Әр өнер­паз шыққанда қай ауылдан шық­қанын, өнер жолында олжалаған табыстарын айтып, жұртшылыққа таныстырып отырдық. Сөйтсек, бір сахнада жүрген әртістердің арасын­да өздерінің бір ауданнан екенін білмейтіндер де бар екен. Халық танысын, ауыздарында жүрсін, жас ұрпақты мәдениетке баулиық деген ниетпен барған едік. Өзімізге де, жиналған халыққа да ұнаған сияқты. Алдағы уақытта да осындай шара­лар жалғасын табады деп ойлай­мын.

– Сіз басқарып отырған ұжым республикадағы ең байырғы өнер ордаларының бірінен сана­лады ғой, қазіргі ахуалға, театрға көрермен тарту мәселесіне тоқ­тала кетсеңіз.

– Біздің театрдың да тек өзіне ғана тән ұзақ жылдар бойы қалып­тасқан дәстүрлері бар. Мәселен, спектакльдердің тұсаукесерлері, маусымның ашылу, жабылу салта­наттары ерекше өтеді. Халықаралық театр күнінде де зал көрерменге лық толады.

Театрдың 130 жылдығына орай өнер ордасының тарихы жайлы энциклопедия шығардық. Театр та­рихы жайлы кітап жинап басу ар­маным болған. 1887 жылдан бүгінге дейінгі басшылары, труппа құрамы, қойылымдар, тағы да басқа көптеген мағлұматтар қамтылды. Бара-бара тағы да толықтыруға болады деп ой­лаймын. Тек “Жомарттың қолын жоқшылық байлайды” дегендей, көп мәселе қаражатқа келіп тіреледі. Соған қарамай театр ішінен музей аштық. Оның жұмысына бір кездері театр директоры болған Людмила Лашакова жетекшілік етеді. Көпті көрген кісі. Театр тарихын біз жақсы білеміз десек те, жастар көп жай­лардан хабарсыз ғой. Өзіміздің көр­ген-білгенімізді өскелең ұрпаққа қал­дырсақ дейміз.

Театрымыз көптен жөндеу көр­мей жүдеңкіреп тұр еді. Осыдан екі жыл бұрын қыруар қаржы бөлініп, күрделі жөндеуден өтті. Үстіміздегі жылы тағы 100 млн. теңгедей қара­жат бөлінбек. Өткен жолы тек сыр­тын, келбетін жөнге келтірген едік. Енді электр сымдары, жылыту құ­рылғылары, жалпы ішкі жұмыста­рын қолға аламыз.

Ал театрға көрермен тарту мә­селесіне келсек, бұл жұмыспен тікелей айналысатын орынбасарым бар. Одан бөлек, менеджерлер мен администраторлар ұйымдарға шы­ғып, көрермендермен кездесіп тұ­рады. Театрдың өз кассасы бар. Бұдан он жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда, осы кассадан билет алатын көрермендердің саны артқаны байқалады. Жай күндері залдың 70-80 пайызы толады. Әркімнің сүйікті актерлері бар. Келушілер қолдарына гүл алып, соларға құрмет көрсетіп жатады.

– Байқаймыз, соңғы кездері сіздің ұжым қазақ қойылымда­рына да ден қоя бастаған сияқ­ты…

– Мен үнемі айтып отырамын: “Біз орыс театры болсақ та, Қазақ­станның орыс театрымыз. Сондық­тан ең алдымен өзіміздің төл өнерімізді, қазақ драматургтарының туын­дыларын қоюымыз керек”. Жыл сайын мерейтойлар болады. Ке­зінде Виктор Шалаев “Суд Маг­жа­на” деген спектакль қойған. Биыл ақынның туғанына 130 жыл толады. Осыған орай Мағжан Жұмабаев туралы жаңа қойылымды сахнаға шығарсақ деген ойымыз бар.

Жасырмаймын, қаракөз бауыр­ларға әркез жүрегім бұрып тұрады. 2000 жылдардың басында орыстілді қазақтарды жұмысқа ала бас­тадық. Өнер колледжін тамамдаған Сәуле Жамина мен Жұман Мұқанов есімді екі актер келді. Сәуле әлі күнге дейін театр қабырғасында еңбек етіп келеді. Өткен жылы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының талантты актер­лерінің бірі Айбол Қасымды ұжымға қабылдадық. Ол – 135 жылда актер ретінде театр табалдырығынан аттаған үшінші қазақ. Жуырда ат­тестация болды. “Жоғары катего­риялы актер” дәрежесін бердік. Екі тілде де еркін сөйлейді, кез келген рөлді сомдай алады, облыс көле­мінде өтіп жатқан мәдени шара­лардың да бел ортасында жүреді. Осын­дай аянбай еңбек ететін дарын иелерін әрқашан қолдаймын. Өкі­нішке қарай, бізде ұжым мүшелерін баспанамен қамтамасыз ету күрмеуі қиын мәселеге айналып отыр. Қо­лымыздан келетіні – пәтер жалдау. Жастарды жұмысқа тартайық десек, осы бір мәселе алдымызда кесе көлденең тұрады. Оларды әкелген­мен, жалақыларын заңды түрде барынша көтергенмен, баспана жағдайы жоқ. Қазір театрдың ма­ңында алты бөлмеден тұратын екі қабатты ғимарат бар. Мұнда бас­шылық қызметке келгенімде, қыз­меткерлерге уақытша тұратын жер болсын деген ниетпен оны жөн­деуден өткізген едік. Бүгінде онда 12 адам тұрып жатыр.

– Жылына көрермендерге қан­ша жаңа қойылым ұсынып жүр­сіздер?

– Бұл ретте әлеуетіміз мол. Солтүстікқазақстандықтарды 8 жаңа қойылыммен қуантқан жылдар да болған. Тек мемлекеттік сатып алу конкурсы қолды бөгейді. Бөлінген қаражат жетіспейді. Базарда 100 теңге тұратын жіп мемлекеттік сатып алу арқылы бізге 1000 теңгеге түседі. Бәрі отандық өнім болсын деген талап тағы бар. Алайда қайдан алуға болатынын ешкім айта алмайды. Қандай затты қайдан алуға болатынын айтса, тізімін берсе алар едік. Жоғары жақтағы шенеуніксымақтар өздері шетелдік киіммен сықиып жүріп, бізге осын­дай талап қояды. Ал мәселенің шешілу жолы ешкімді толғандыр­майды. Билік басында осы саланы жетік меңгерген, еңбек жолын төменнен бастап, шыңға шыққан адам отырса, біздің жанайқайы­мызды түсінер ме еді, кім білсін?! Шындығында, бөлінетін қаражатқа жылына 1-2 спектакль ғана қоюға болады. Осы түйіткілдерді көтергіміз келеді. Өткен жолы біздің өңірге Мәдениет министрі Д.Абаев келді, бізбен де кездесті. Бірақ жергілікті жердегілер ауызымызды буып тастап, оған да ештеңе айтқызбады. Негізі жоғарыдан басшылар келгенде бізге бір пайдасы тиюі керек қой. Оған мұңымызды жеткізіп, өзімізді қинап, толғандырып жүрген мәселе­лерді көтеріп, солардың шешілу жолдарын қарастырмасақ, ондай кездесулерден не пайда?!

– Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз.

– Сәтін салса, үстіміздегі жылы жазғытұрым театр фестивалі өтеді деп отырмыз. Міндетті түрде қа­тысып, бағымызды сынаймыз, ба­бы­мызды байқаймыз. Жоғарыда айтып өткен жөндеу жұмыстары басталған кезде театрда қойылым көрсету мүмкін емес қой. Сол уақытта қаражат мәселесі шешілсе, гастрольдік сапарлар ұйымдас­тырмақ ойымыз бар. Шымкент, Көкшетау, Астана, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, мүмкін, Омбы, Қорған, Түменге барып қалармыз. Үстіміздегі жылы 7 премьера қоямыз. Онда комедия, мистикалық детектив, драма, ертегі жанрлары қамтылған. Алдағы уақытта таныс­тыратын боламыз. Олардан бөлек, түрлі мерекелерге орай көрсетілетін қойылымдар бар.

– Енді түйін сөзге келсек, өзіңіздің соңыңызда келе жатқан ұрпаққа не айтасыз?

– Жақында бір үлкен шарада жастарға қарата үміт, сенім, тәуекел деген сөздер айтылды. Маған ұна­ды. Кімнің де болсын жүрек төріне үміт ұяласа, оның оты сөнбейді. Ал сенім – үлкен қуат, жеңістерге жетелейтін күш! Осы екеуі болған жерде тәуекелге де орын бар. Тәуекелге бел буу деген сөз – көзсіз батырлық емес, батылдық, ойға алған істі жеріне дейін жеткізуге ұм­тылыс. Жастарымыздың бойында осындай ізгі қасиеттер болса деймін.

– Сұхбатыңызға рақмет, аға!

Әңгімелескен

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp