“Ұл-қыздарымызды спортқа беруіміз керек. Ол – ұрпақтың саулығы үшін керек. Спорт – елін, жерін сүйетін нағыз азаматтарды тәрбиелеудің тиімді жолы”. Өңірімізге белгілі бапкер Қонысбек Түкенов екеуара сұхбатты адамның жігерін жанып, намысын қайрайтын осындай сөздермен бастады.
Мақаламыздың кейіпкері Қонысбек Түкенов – грек-рим күресінен спорт шебері, жастар арасында Қазақстанның екі дүркін чемпионы, осы спорт түрі бойынша облыстың аға бапкері. 2022 жылы “Дене шынықтыру мен спортты дамытудағы еңбегі үшін” төсбелгісімен марапатталған. 2017 жылдан бері бастапқыда еліміздің кадеттер, кейін жастар құрамасының аға бапкері болып қызмет етіп келеді. Яғни, ел бойынша дарынды жастарды іріктейді, топтастырады, баптайды, әрі қарай таңдаулыларын халықаралық деңгейдегі додаларға шығарады. Айтуынша, он екі айдың көбін іссапарда өткізеді. Шетелдерге де шығып, оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырып, тәжірибе алмасып және шәкірттерін үлкен спорттық додаларға қатыстырып тұрады.
Қонысбек Кәрімұлы – жаттықтырушылық істе кәсіби біліктіліктен бөлек, психологиялық дайындықты басты орынға қоятын тәлімгер. Оның ойымен сабақтасақ, тәрбиеленушінің ішкі жан-дүниесін түсіну, өзіңе сырлас көру, қиын сәттерде қол ұшын созу аса маңызды. Бір сөзбен айтсақ, бапкер мен тәрбиленуші арасында тығыз байланыс орнаса ғана жеңіске жетудің даңғыл жолы ашылады.
– Шәкірттеріме әрі әке, әрі аға болып кететін кездер аз емес. Жас спортшыны сыртқа алып шыққан соң оның арқа сүйері де, сенері де – сенсің. Оның өміріне де жауаптысың. Шәкірт – тәлімгердің көлеңкесі болуы керек. Ол жаттықтырушының тәртібіне, талабына бағынуға тиіс. Өйткені тәртіп болмаған жерде жеңіске жету мүмкін емес. Сондықтан ата-аналар балаларын спортқа берген кезде жаттықтырушыны сыйлауға, тыңдауға үйретуі маңызды. Еркелікті үйлерінде қалдырғандары дұрыс. Мен де еркелетемін, бірақ оның жөні бөлек, – дейді бапкер.
Қонысбек Түкенов жаттықтырушылыққа он тоғыз жасында келген екен. Еңбек жолын 2001 жылы спортқа дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттан бастаған. Бапкердің маңдай терін ақтаған шәкірттері көп. Олардың қатарында Жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері (Сингапур, 2010 ж.), жастар арасында Азияның екі дүркін жүлдегері (2012-2013 ж.) Ақан Баймағанбетовті, Азия ойындарының чемпионы (Түркіменстан, 2017 ж.). Данияр Кәленовті, курсанттар арасындағы Дүниежүзілік гимназия чемпионы (Франция, 2022 ж.) Ислам Евлоевты ерекше атауға болады. Бір шәкірті – халықаралық дәрежедегі спорт шебері болса, 12-сі – Қазақстан Республикасының спорт шебері.
Биылғы жылға жоспарланып отырған республикалық, халықаралық додалар көп. Қазір балуандарды сол жарыстарға тыңғылықты дайындап жүр. Биылғы әлем біріншілігіне үш шәкіртін – Аманғали Бекболатов, Бауыржан Мусин және Данияр Кәленовті қатыстырмақ ойы бар екенін айтады. Жеңіске жетеді деген үміт бар. Кішкентай кезінен баптап келе жатқандықтан, әрқайсысының қабілетін жақсы біледі.
– Мен дүниеге келген 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында Жақсылық Үшкемпіров грек-рим күресінен чемпион атанып еді. Өкінішке қарай, содан бергі 43 жылда біз ондай дәрежеге көтеріле алмадық. Менің басты арманым – шәкірттерімнің арасынан Олимпиада чемпионын шығару. Оған біздің мүмкіндігіміз жетеді. Қазақстанның Туын биіктен желбіретемін деген спортшыға мемлекеттің қолдауы да жақсы. Тек жеңіске деген жігер мен темірдей төзім және еңбекқорлық керек, – деп бапкер ағынан жарылды.
Осы жылдың наурыз айында Талдықорған қаласында Қазақстанның түкпір-түкпірінен спортшылар жиналып, іріктеу басталады. Сол жерде үлкен жарыс ұйымдастырылмақ. Жеңімпаздар әлем біріншілігіне жолдама алады. Қазақстан құрамасының үлкен додаға дайындығы бір ай бойы Әзірбайжан мемлекетінде, одан кейін Хорватия елінде өтеді. Балуандар тәжірибе алмасып, жаңа айла-тәсілдерді меңгереді, физикалық дайындықтарын шыңдайды. Жалпы грек-рим күресі бойынша әлемдік аренада Иран, Әзірбайжан елдерінің спортшылары соңғы уақытта жақсы өнер көрсетіп жүр. Сондықтан біздің балуандардың болашақ қарсыластарынан үйренері мол екені сөзсіз.
Бапкер әңгімесінде ұлтжандылық, намыс деген сөздерді көп айтатынын аңғару қиын емес. Ол шәкірттерін қазақтың батырларын үлгі етіп, сол арқылы жігерлендіріп, дайындау керек деген ойын білдірді. Елі мен жері үшін жауға қарсы шапқан қазақ батырларының рухын бүгінгі спортшылардың бойына сіңірсе, жеңіске деген жігер үстемелене түсетініне сенімді.
– Қазақ – жауға бас имеген халық. Ұрпағын аттың бауырында өсірген. Содан болар, балалары шымыр да ширақ болған. Бүгінде ауыл балаларынан сондай болмысты көремін. Қарасай, Ағынтай, Қожаберген бабаларының есімдерін атойлап айтып, боз кілемге беттегенде кез келген қарсыластың жүрегі шайлығары анық, – дейді бапкер.
Грек-рим күресі барлық күрестің атасы саналады. Аяқтан ұстауға, шалуға болмайды, яғни нағыз білектің күші сыналады. Сондықтан да болар, бүгінде барлық спорт түрінде ерлермен бірге күш сынасып жүрген қыздар грек-рим күресіне келуге жүрексінуде. Белден қапсыра құшақтап, көтеріп алып лақтыратын тәсілдер көп, сондықтан да нәзік жандарға қауіпті саналады. Қонысбек Кәрімұлы баланы күреске сегіз-тоғыз жаста беруді құптайды. Осы жаста ойын баласының аздап ақылы толыса бастайтынын байқаған. Яғни бапкерлердің айтқан айла-тәсілдерін тез үйренеді екен. Бапкер үлкен жеңістерге жету үшін ата-ана көмегінің де маңызы зор екендігін айтады. Балаға ақыл-кеңес беріп, қолдаудан ешқашан қажымау қажет.
– Жас балалар кейде шаршап, спорттан қол үзгісі келеді. Әсіресе 16-17 жасқа келгенде көбі кетіп қалады. Осы сәтте ата-аналар балаларын қолдап, дұрыс ақыл-кеңес бергендері жөн, – дейді ол.
Нағыз ер жігітке тән қасиеттің бірі – туған жерге, өскен ортаңа деген адалдық. Қонысбек Түкеновті өздеріне шақырып жатқан өңірлер аз емес. Бірақ күресте алғашқы қадамдарын жасаған Қызылжарға адал, қызмет етіп келе жатқанына ширек ғасыр болыпты. Кеткісі жоқ, керісінше, Ақмола облысында тұратын ата-анасын қасына көшіп келуге көндірген. Бапкердің тағы бір қыры – қарапайымдылығы. Осы қасиетті шәкірттерінің бойына да сіңіргісі келеді. Үлкен жеңіске жетіп, жоғары атақ алып жатса да, адам қарапайым қалпында қалуы керек. Қонысбек Кәрімұлы шәкірттерін алдымен осы ұстанымға тәрбиелеуде.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.