Өңірімізде “Күлпәш” тарихи көркем фильмі түсірілді. Туынды алаштың ардақты перзенттерінің бірі Бейімбет Майлиннің шығармасына негізделіп таспаланған. Қазақ ұлттық Өнер университетінің 3-курс студенті Ернат Сәбитов аталған қысқаметражды фильмді Қызылжар ауданындағы Архангельское ауылында түсірген. Бұл – оның алғашқы фильмі.
Жазушы Бейімбет Майлиннің “Күлпәш” шығармасы – қолдан жасалған алапат аштықтың ащы шындығын суреттеген әңгіме. Майлиннің ашаршылық тақырыбындағы осы әңгімесінің негізгі идеясы – құндылық атаулының тоқ адамға керектігі. Күлпәш – өмір үшін күрескен мықты әйел, қаламгердің мінсіз шеберлігімен сомдалған классикалық бейне. Ернат Сәбитов қаламгердің осы шығармасы арқылы ұлттың басына төнген зауалды көрсеткісі келген.
– Әңгіменің басты тақырыбына айналған оқиға еліміздің солтүстік өңірінде, нақтырақ айтсақ, Қостанай облысында орын алған. Сондықтан, таңдауым теріскейге түсті. Елді мекенде 100 жылдан астам тарихы бар үйлер аз емес. Бізге суық ауа райы аздап кедергі келтірді. Ал кинокартинада бой көрсеткен 18 адам – менің жоғары оқу орнында бірге оқыған достарым. Кастингке келгендердің саны 100-ден асты. Солардың ішінен ең дарынды өнерпаздарды таңдап алдық, – дейді жас режиссер.
Жас талапкер бұл фильмді жарыққа шығару үшін үш ай бойы дайындалған, түсірілім 10 күнге созылыпты. Ернат Сәбитов бұл жоба арқылы қазіргі жастарға ата-бабаларымыз қан мен терін төгіп қалаған тарихымызды насихаттауды көздеген.
– Менің аталарым – ашаршылықты көрген кісілер. Зұлмат жылдарды ұмытуға болмайды. Жас өрендер өз ұлтының тарихына терең бойлауы керек. Аталған туындыны өз қаражатыма түсірдім. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мамандары көлік мәселесін шешіп берді. Түсірілімнің сәтті ұйымдастырылуына атсалысқан Архангельское ауылының тұрғындарына алғысымды білдіремін, – дейді Ернат Сәбитов.
Жас режиссер осы туындысымен “Томирис”, “Байқоңыр”, “Қорқыт” халықаралық фестивальдарына қатысуды жоспарлап отыр. Олардың қорытындысы 2 айдан соң белгілі болады.