Қазақтың ұмытылып кеткен немесе санадан енді өше бастаған ұлттық ойындары көп. Ғасырлар жылғасында қалыптасқан әрбір ойынның мән-мағынасы терең екендігі сөзсіз. Оларды қайта жаңғыртып, қолданысқа енгізу өте маңызды. Осындай игі бастаманы облыс орталығындағы “Айгөлек” балабақшасы қолға алды. “Бестемше” ойынын жаңғыртуды жөн көрген олардың алғашқы жетістігі көпшілікті қуантып отыр.
“Бестемше” – қазақ халқының байырғы заманнан келе жатқан ұлттық ойыны. “Айгөлек” балабақшасының әдіскері Ғалия Сәрсекеева баланың дамуына пайдасы зор екендігін айтады. Бұл ойын қазақ балаларына ғана емес, басқа ұлт өкілдерінің бүлдіршіндеріне де ұнап қалған. Жүйелі ойлауға, ойын дұрыс жеткізе сөйлеуге, қол моторикасын дамытуға септігі бар.
Бұл ұлттық ойынды астаналықтар 2020 жылы қолданысқа енгізген. Қазақтың тоғызқұмалағына ұқсас ойынның ережесі балаларға арналған амал-тәсілдермен жетілдірілген. Бес таспен ойналады. Әдіскерлер ұлттық ойынның негізін сақтай отырып, одан әрі дамытуды жөн көрген екен. Бүгінде “Алаңдағы бестемше”, “Магниттік бестемше” деген түрлері пайда болған.
Астанадағы “Шолпан” балабақшасы қызылжарлық балғындарды “Ынтымақты отбасы” сайысына шақырып, біздікілер қарсыластарымен сайысқа түсті. “Айгөлек” балабақшасының тәрбиеленушісі Арнұр Сәкен осы ойын арқылы санауды үйренгенін айтады.
Ойынды тәрбие бағдарламасына енгізген “Айгөлек” балабақшасының әкімшілігі басқа оқу-тәрбие мекемелеріне де ұсыныс жасап отыр. Ойынды үйрету үшін қалалық семинар да өткізген. Алдағы мақсаттары – “Бестемше” ұлттық ойынын солтүстікте кеңінен насихаттау.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.