«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Шәкірттерін баласындай баулыған

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Ұл-қыздарымызды спортқа бе­руі­міз керек. Ол – ұрпақтың саулығы үшін керек. Спорт – елін, жерін сү­йетін нағыз азаматтарды тәрбиелеу­дің тиімді жолы”. Өңірімізге белгілі бапкер Қонысбек Түкенов екеуара сұх­батты адамның жігерін жанып, на­мысын қайрайтын осындай сөз­дер­мен бастады.

Мақаламыздың кейіпкері Қонысбек Түкенов – грек-рим күресінен спорт шебері, жастар арасында Қа­зақстанның екі дүркін чемпионы, осы спорт түрі бойынша облыстың аға бап­кері. 2022 жылы “Дене шынық­тыру мен спортты дамытудағы еңбегі үшін” төсбелгісімен марапатталған. 2017 жылдан бері бастапқыда елі­міз­дің кадеттер, кейін жастар құра­масы­ның аға бапкері болып қызмет етіп келеді. Яғни, ел бойынша дарын­ды жас­тарды іріктейді, топтастыра­ды, бап­тайды, әрі қарай таңдаулыларын ха­лықаралық деңгейдегі до­даларға шы­ғарады. Айтуынша, он екі айдың кө­бін іссапарда өткізеді. Шет­елдерге де шығып, оқу-жаттығу жиын­дарын ұйымдастырып, тәжірибе алмасып және шәкірттерін үлкен спорт­тық додаларға қатыстырып тұрады.

Қонысбек Кәрімұлы – жаттықты­ру­шылық істе кәсіби біліктіліктен бө­лек, психологиялық дайындықты бас­ты орынға қоятын тәлімгер. Оның ойымен сабақтасақ, тәрбиеле­нуші­нің ішкі жан-дүниесін түсіну, өзіңе сыр­лас көру, қиын сәттерде қол ұшын созу аса маңызды. Бір сөзбен айтсақ, бап­кер мен тәрбиленуші арасында ты­ғыз байланыс орнаса ғана жеңіске же­т­удің даңғыл жолы ашылады.

– Шәкірттеріме әрі әке, әрі аға бо­лып кететін кездер аз емес. Жас спорт­шыны сыртқа алып шыққан соң оның арқа сүйері де, сенері де – сен­сің. Оның өміріне де жауаптысың. Шә­кірт – тәлімгердің көлеңкесі болуы ке­рек. Ол жаттықтырушының тәрті­біне, талабына бағынуға тиіс. Өйтке­ні тәр­тіп болмаған жерде жеңіске жету мүм­кін емес. Сондықтан ата-аналар ба­ла­ларын спортқа берген кезде жат­тық­тырушыны сыйлауға, тыңдауға үй­ретуі маңызды. Еркелікті үйлерінде қалдырғандары дұрыс. Мен де ерке­летемін, бірақ оның жөні бөлек, – дейді бапкер.

Қонысбек Түкенов жаттықтыру­шы­­лыққа он тоғыз жасында келген екен. Еңбек жолын 2001 жылы спорт­қа дарынды балаларға арнал­ған облыстық мектеп-интернаттан бас­таған. Бапкердің маңдай терін ақ­таған шәкірттері көп. Олардың қа­та­рында Жасөспірімдер Олимпиада­сы­ның қо­ла жүлдегері (Сингапур, 2010 ж.), жас­тар арасында Азияның екі дүркін жүл­дегері (2012-2013 ж.) Ақан Баймаған­бетовті, Азия ойын­дарының чемпио­ны (Түркіменстан, 2017 ж.). Да­нияр Кәленовті, курсант­тар ара­сын­дағы Дүниежүзілік гимна­зия чем­пионы (Франция, 2022 ж.) Ислам Евлоевты ерекше атауға бо­лады. Бір шә­кірті – халықаралық дә­режедегі спорт ше­бері болса, 12-сі – Қазақстан Респуб­ликасының спорт шебері.

Биылғы жылға жоспарланып отыр­ған республикалық, халықара­лық додалар көп. Қазір балуандарды сол жарыстарға тыңғылықты дайын­дап жүр. Биылғы әлем біріншілігіне үш шәкіртін – Аманғали Бекболатов, Бауыржан Мусин және Данияр Кә­леновті қатыстырмақ ойы бар екенін айтады. Жеңіске жетеді деген үміт бар. Кішкентай кезінен баптап келе жатқандықтан, әрқайсысының қабі­ле­тін жақсы біледі.

– Мен дүниеге келген 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында Жақсылық Үшкемпіров грек-рим күресінен чем­пион атанып еді. Өкінішке қарай, со­дан бергі 43 жылда біз ондай дәре­жеге көтеріле алмадық. Менің басты арманым – шәкірттерімнің арасынан Олимпиада чемпионын шығару. Оған біздің мүмкіндігіміз жетеді. Қазақстан­ның Туын биіктен желбірете­мін деген спортшыға мемлекеттің қол­дауы да жақсы. Тек жеңіске деген жігер мен те­мірдей төзім және ең­бекқорлық ке­рек, – деп бапкер ағы­нан жарылды.

Осы жылдың наурыз айында Тал­дықорған қаласында Қазақстанның түк­пір-түкпірінен спортшылар жина­лып, іріктеу басталады. Сол жерде үлкен жарыс ұйымдастырылмақ. Жеңімпаздар әлем біріншілігіне жол­дама алады. Қазақстан құрамасы­ның үлкен додаға дайындығы бір ай бойы Әзірбайжан мемлекетінде, одан ке­йін Хорватия елінде өтеді. Балуан­дар тәжірибе алмасып, жаңа айла-тәсіл­дерді меңгереді, физика­лық дайын­дықтарын шыңдайды. Жалпы грек-рим күресі бойынша әлемдік аренада Иран, Әзірбайжан елдерінің спорт­шы­лары соңғы уа­қыт­та жақсы өнер көрсетіп жүр. Сон­дықтан біздің бал­уандардың бола­шақ қарсыластары­нан үйренері мол екені сөзсіз.

Бапкер әңгімесінде ұлтжан­ды­лық, намыс деген сөздерді көп айта­тынын аңғару қиын емес. Ол шәкірт­терін қазақтың батырларын үлгі етіп, сол арқылы жігерлендіріп, дайындау керек деген ойын білдірді. Елі мен же­рі үшін жауға қарсы шапқан қазақ ба­тырларының рухын бүгінгі спорт­шылардың бойына сіңірсе, жеңіске де­ген жігер үстемелене түсетініне сенімді.

– Қазақ – жауға бас имеген халық. Ұрпағын аттың бауырында өсірген. Содан болар, балалары шымыр да ширақ болған. Бүгінде ауыл балала­рынан сондай болмысты көремін. Қарасай, Ағынтай, Қожаберген баба­ларының есімдерін атойлап айтып, боз кілемге беттегенде кез келген қарсыластың жүрегі шайлығары анық, – дейді бапкер.

Грек-рим күресі барлық күрес­тің атасы саналады. Аяқтан ұстауға, ша­луға болмайды, яғни нағыз білек­тің күші сыналады. Сондықтан да болар, бүгінде барлық спорт түрінде ерлер­мен бірге күш сынасып жүрген қыз­дар грек-рим күресіне келуге жү­рек­сінуде. Белден қапсыра құшақ­тап, кө­теріп алып лақтыратын тәсіл­дер көп, сон­дық­тан да нәзік жандар­ға қауіпті са­налады. Қонысбек Кәрім­ұлы бала­ны күреске сегіз-тоғыз жаста беруді құп­тайды. Осы жаста ойын баласы­ның аздап ақылы толыса бас­тайты­нын бай­­­қаған. Яғни бапкер­лер­дің айтқан ай­ла-тәсілдерін тез үйре­неді екен. Бап­­­кер үлкен жеңістерге жету үшін ата-ана көмегінің де маңызы зор екен­ді­­гін айтады. Балаға ақыл-кеңес бе­ріп, қол­даудан ешқа­шан қажымау қажет.

– Жас балалар кейде шаршап, спорттан қол үзгісі келеді. Әсіресе 16-17 жасқа келгенде көбі кетіп қа­лады. Осы сәтте ата-аналар балаларын қолдап, дұрыс ақыл-кеңес бергендері жөн, – дейді ол.

Нағыз ер жігітке тән қасиеттің бірі – туған жерге, өскен ортаңа деген адалдық. Қонысбек Түкеновті өзде­рі­не шақырып жатқан өңірлер аз емес. Бірақ күресте алғашқы қадам­дарын жасаған Қызылжарға адал, қызмет етіп келе жатқанына ширек ғасыр болыпты. Кеткісі жоқ, керісін­ше, Ақмола облысында тұратын ата-анасын қасына көшіп келуге көндір­ген. Бапкердің тағы бір қыры – қара­пайымдылығы. Осы қасиетті шәкірт­терінің бойына да сіңіргісі келеді. Үл­кен жеңіске жетіп, жоғары атақ алып жатса да, адам қарапайым қалпында қалуы керек. Қонысбек Кәрімұлы шәкірттерін алдымен осы ұстанымға тәрбиелеуде.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp