«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ МЕДИЦИНАСЫНЫҢ САПАСЫ АРТПАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ар­наған соңғы Жолдауында болашақ­қа бағытталған байыпты бағдарлар мен міндеттерді саралай келе ден­саулық сақтау саласына да айрық­ша назар аудару қажеттігін баса айтты. “Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Меди­циналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған. Ұлттық жоба аясында 32 аудандық ауруха­на заманға сай жаңарып, ауданара­лық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықта­ры, хирургия, жансақтау және оңал­ту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсе­тілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады. Сонымен қа­тар, телемедицина бағытын дамы­та­мыз. Сол арқылы шалғайда тұра­тын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді”, – деп атап көрсетті Пре­зидент.

Мемлекет үшін ең басты құнды­лық – адам және оның саулығы. Ұлт саулығы жоғары тұрса ғана қоғам орнықты дамиды. Тәуелсіздік жыл­дарында еліміздің денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргі­зілді. Дегенмен оның бәрі ойдағы­дай нәтиже берді деп айта алмай­мын. Оны өз Жолдауында Прези­дентіміз де ескертті. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Қаржының жеткілікті бөлінбеуі көп іске кедергі. Соның кесірінен жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлем­де көрсетілмей отыр. Біздің ауруха­наға дерттеріне шипа іздеп келген науқастардың дені осы мәселені көтереді. Бұл түйткіл аудандық не­месе облыстық деңгейде шешіл­мей­­тіні анық. Сондықтан ел дең­гейінде қабылданар шешімдер мен оң өзге­рістерді барлық тұрғындар­мен қатар, ақ халаттты абзал жан­дар да күтіп жүр десем, артық айт­қандығым болмас.

Жолдауда Президент: “Бүгінде медициналық көмек мемлекет ке­піл­дік берген және сақтандыру па­кеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен”, – дей келе медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесіне өзгерістер енгізу қажеттігін тапсырды. Бүгінде сақтандырылмаған адамдар саны әлі де көп. Осы жайт емдеу мекемелеріне кедергі болып отырғаны жасырын емес. Халық арасында барынша ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізіліп, түсіндіріліп жатқанымен, қиындықтар әлі де бар. Алдағы уақытта осының бәрі реттеліп бір жүйеге келсе, сала қызметкерлерінің жұ­мысы да алға басып, халық денсаулығын арттыру бағытындағы ісі­мізге жаңаша серпін берер еді. Жалпы денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру саласын қаржыландыру жүйесі қайта қаралатынын естіп, қуанып қалдық.

Биыл Президент тапсырмасына орай елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған ұлттық жоба қолға алынды. Оның аясында үстіміздегі жылы ауданымызда жаңа емхананың құрылысы бастау алады. Оған бюджеттен қаражат та бөлініп қойған. Емхана стандартқа сай барлық заманауи құрал-жаб­дықтармен қамтасыз етілетін бола­ды. Бұл жоба алдағы екі жылда аяқталуы тиіс.

Кішкентай кезімде адамдарға пайдам тиетін жұмыс істесем деп армандаушы едім. Сондықтан ата-анаммен ақылдаса отырып, дәрігер боламын деп шештім. Сөйтіп, пе­диатрия мамандығын таңдадым. 2009 жылы Қарағанды медицина­лық академиясын бітіріп, еңбек жолымды Петропавлдағы балалар емханасының учаскелік педиатр дәрігері болып бастадым. Кейін ба­лалар невропатологы, 2011 жылы бас дәрігердің ұйымдастыру-әдіс­темелік жұмыс жөніндегі орын­басары болдым. Балалар емханасы таратылғаннан кейін қызметімді №2 емханада статистикалық бөлім­шенің меңгерушісі болып жалғас­тырдым. 2017 жылдан бастап ор­талық жүйке жүйесі бұзылған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға білім беретін және медициналық көмек көрсететін “Балалар үйінің” бас дә­рігері болдым. Уәлиханов ауданына 2022 жылы ақпан айында келдім.

Аудан облыс орталығынан шал­ғайда жатыр, Ресей Федерация­сымен шекарада орналасқан. Ден­саулық сақтау саласындағы көрсет­кіштер бойынша ең “қиын” аудан болып есептелетіні жасырын емес. Жекелеген проблемалары да бар­шы­лық. Бір жағынан осы жайттарды түзегім келді, екіншіден, елді ме­кенде тәжірибемді шыңдауды ұй­ғардым. Орталық аудандық ауру­хананың ғимараты ескі. 1969 жылы қабырғасы қаланған. Соған қара­мастан мұнда емханалық және стационарлық қызмет түрлері көр­сетіледі. Сонымен қатар бізде хирургиялық оталар жасалады.

Материалдық-техникалық база жыл сайын жаңартылып тұрады. Бы­лтыр ауруханаға балалардың есту қабілетін тексеруге арналған аудиометр алынды. Ол бүлдіршін­дерді туа сала тексеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар стома­то­логиялық орындық, 1 ЭКГ аппараты, 1 санитарлық автокөлік алдық. Шыны керек, аудандық ауруханаға, елді мекендердегі медициналық бекеттерге көптеген аппараттар әлі жетіспейді.

Медицина саласындағы өзекті мәселелердің бірі – кадр тапшылы­ғы. Бұл проблема бізді де айналып өткен жоқ. Ауруханаға мамандар, дәрігерлер керек. Акушер-гинеко­лог, кардиолог дәрігерлер жоқтың қасы. Осы жылы венеролог маман келеді деп күтілуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолда­уында ауылдық жерде денсаулық сақтауды дамытуға ерекше мән берді. Ол үшін, ең алдымен, елді мекендерге мамандарды тарту мәселесін шешу маңызды.

Мен мұнда қызмет істеп жүрген аз уақыт ішінде қатарымызға 5 дә­рігер қосылды. Олар – анестезио­лог-реаниматолог, окулист, психиатр, нарколог мамандар. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қулыкөл дәрігерлік амбула­то­рия­сына жалпы тәжірибелік дәрігер қабылданды. Қыстың күні ол жаққа жету мүмкін емес. Сондықтан өз дәрігерлері болғаны жақсы.

Бүгінде ауруханада 262 қызметкер жұмыс істейді. Мамандарды түрлі семинарларға, біліктілікті арттыру курстарына жіберіп тұра­мыз. Жедел медициналық қызмет, перинаталдық орталық, психикалық денсаулық орталығында тәжірибе жинайды. Жоспарлы түрде дәрігер­леріміздің де, медбикелердің де біліктілігін арттырамыз.

Жұмыс тәжірибесі бар жақсы дәрігерлерді табу оңай емес. Әрі шалғай орналасқан ауданға келуге барлығы келісе бермейді. Сондықтан оқуды жаңа аяқтаған түлектерге бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп тұрамыз. Жас мамандарды жұмысқа тарту үшін еліміздегі медицина университеттерін аралай­мыз. Үстіміздегі жылдан бастап жас мамандарға берілетін көмек 3,5 млн теңгеге дейін өсті. Бұл – еліміздің өңірлеріндегі ең жоғары біржолғы өтемақы. Өткен жылы ол 2,5 млн. теңгені құраған болатын. “Дип­ломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша аудан тарапынан 396 мың теңге қаржылай көмек көрсетіліп, баспанамен қамтасыз етіледі. Олар­дың отбасы мүшелерін де мамандықтары бойынша жұмыспен қамтамасыз етуге тырысамыз. Жастарды жұмысқа тарту, оларды қабылдау өз алдына, осында тұрақтап қалуы да маңызды.

Білім, біліктілік, мейірім, еңбек, адалдық. Бұл – дәрігердің бойында болатын қасиеттер. Бірақ мұның бәрінен де биік тұратын қасиет – шыдамдылық. Әсіресе жас маман­дарға шыдам мен сабыр бастапқы уақытта өте қажет. Себебі көбінің бұл салаға келуінен кетуі тез. Бас­шы ретінде тек емдеу мекемесінің ғана емес, қызметкерлердің де жағ­дайын қадағалау – менің міндетім. Жасыратыны жоқ, медицина мама­нының жұмысы қиын. Бірақ таң­даған ісің ұнаса, жақсы көрсең, қиындығына қарамау керексің.

Лилия МҰРАТЖАНҚЫЗЫ,

Уәлиханов аудандық ауруханасының бас дәрігері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp