Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауында болашаққа бағытталған байыпты бағдарлар мен міндеттерді саралай келе денсаулық сақтау саласына да айрықша назар аудару қажеттігін баса айтты. “Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған. Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады. Сонымен қатар, телемедицина бағытын дамытамыз. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді”, – деп атап көрсетті Президент.
Мемлекет үшін ең басты құндылық – адам және оның саулығы. Ұлт саулығы жоғары тұрса ғана қоғам орнықты дамиды. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен оның бәрі ойдағыдай нәтиже берді деп айта алмаймын. Оны өз Жолдауында Президентіміз де ескертті. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Қаржының жеткілікті бөлінбеуі көп іске кедергі. Соның кесірінен жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр. Біздің ауруханаға дерттеріне шипа іздеп келген науқастардың дені осы мәселені көтереді. Бұл түйткіл аудандық немесе облыстық деңгейде шешілмейтіні анық. Сондықтан ел деңгейінде қабылданар шешімдер мен оң өзгерістерді барлық тұрғындармен қатар, ақ халаттты абзал жандар да күтіп жүр десем, артық айтқандығым болмас.
Жолдауда Президент: “Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен”, – дей келе медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесіне өзгерістер енгізу қажеттігін тапсырды. Бүгінде сақтандырылмаған адамдар саны әлі де көп. Осы жайт емдеу мекемелеріне кедергі болып отырғаны жасырын емес. Халық арасында барынша ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізіліп, түсіндіріліп жатқанымен, қиындықтар әлі де бар. Алдағы уақытта осының бәрі реттеліп бір жүйеге келсе, сала қызметкерлерінің жұмысы да алға басып, халық денсаулығын арттыру бағытындағы ісімізге жаңаша серпін берер еді. Жалпы денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру саласын қаржыландыру жүйесі қайта қаралатынын естіп, қуанып қалдық.
Биыл Президент тапсырмасына орай елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған ұлттық жоба қолға алынды. Оның аясында үстіміздегі жылы ауданымызда жаңа емхананың құрылысы бастау алады. Оған бюджеттен қаражат та бөлініп қойған. Емхана стандартқа сай барлық заманауи құрал-жабдықтармен қамтасыз етілетін болады. Бұл жоба алдағы екі жылда аяқталуы тиіс.
Кішкентай кезімде адамдарға пайдам тиетін жұмыс істесем деп армандаушы едім. Сондықтан ата-анаммен ақылдаса отырып, дәрігер боламын деп шештім. Сөйтіп, педиатрия мамандығын таңдадым. 2009 жылы Қарағанды медициналық академиясын бітіріп, еңбек жолымды Петропавлдағы балалар емханасының учаскелік педиатр дәрігері болып бастадым. Кейін балалар невропатологы, 2011 жылы бас дәрігердің ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары болдым. Балалар емханасы таратылғаннан кейін қызметімді №2 емханада статистикалық бөлімшенің меңгерушісі болып жалғастырдым. 2017 жылдан бастап орталық жүйке жүйесі бұзылған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға білім беретін және медициналық көмек көрсететін “Балалар үйінің” бас дәрігері болдым. Уәлиханов ауданына 2022 жылы ақпан айында келдім.
Аудан облыс орталығынан шалғайда жатыр, Ресей Федерациясымен шекарада орналасқан. Денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштер бойынша ең “қиын” аудан болып есептелетіні жасырын емес. Жекелеген проблемалары да баршылық. Бір жағынан осы жайттарды түзегім келді, екіншіден, елді мекенде тәжірибемді шыңдауды ұйғардым. Орталық аудандық аурухананың ғимараты ескі. 1969 жылы қабырғасы қаланған. Соған қарамастан мұнда емханалық және стационарлық қызмет түрлері көрсетіледі. Сонымен қатар бізде хирургиялық оталар жасалады.
Материалдық-техникалық база жыл сайын жаңартылып тұрады. Былтыр ауруханаға балалардың есту қабілетін тексеруге арналған аудиометр алынды. Ол бүлдіршіндерді туа сала тексеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар стоматологиялық орындық, 1 ЭКГ аппараты, 1 санитарлық автокөлік алдық. Шыны керек, аудандық ауруханаға, елді мекендердегі медициналық бекеттерге көптеген аппараттар әлі жетіспейді.
Медицина саласындағы өзекті мәселелердің бірі – кадр тапшылығы. Бұл проблема бізді де айналып өткен жоқ. Ауруханаға мамандар, дәрігерлер керек. Акушер-гинеколог, кардиолог дәрігерлер жоқтың қасы. Осы жылы венеролог маман келеді деп күтілуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауылдық жерде денсаулық сақтауды дамытуға ерекше мән берді. Ол үшін, ең алдымен, елді мекендерге мамандарды тарту мәселесін шешу маңызды.
Мен мұнда қызмет істеп жүрген аз уақыт ішінде қатарымызға 5 дәрігер қосылды. Олар – анестезиолог-реаниматолог, окулист, психиатр, нарколог мамандар. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қулыкөл дәрігерлік амбулаториясына жалпы тәжірибелік дәрігер қабылданды. Қыстың күні ол жаққа жету мүмкін емес. Сондықтан өз дәрігерлері болғаны жақсы.
Бүгінде ауруханада 262 қызметкер жұмыс істейді. Мамандарды түрлі семинарларға, біліктілікті арттыру курстарына жіберіп тұрамыз. Жедел медициналық қызмет, перинаталдық орталық, психикалық денсаулық орталығында тәжірибе жинайды. Жоспарлы түрде дәрігерлеріміздің де, медбикелердің де біліктілігін арттырамыз.
Жұмыс тәжірибесі бар жақсы дәрігерлерді табу оңай емес. Әрі шалғай орналасқан ауданға келуге барлығы келісе бермейді. Сондықтан оқуды жаңа аяқтаған түлектерге бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп тұрамыз. Жас мамандарды жұмысқа тарту үшін еліміздегі медицина университеттерін аралаймыз. Үстіміздегі жылдан бастап жас мамандарға берілетін көмек 3,5 млн теңгеге дейін өсті. Бұл – еліміздің өңірлеріндегі ең жоғары біржолғы өтемақы. Өткен жылы ол 2,5 млн. теңгені құраған болатын. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша аудан тарапынан 396 мың теңге қаржылай көмек көрсетіліп, баспанамен қамтасыз етіледі. Олардың отбасы мүшелерін де мамандықтары бойынша жұмыспен қамтамасыз етуге тырысамыз. Жастарды жұмысқа тарту, оларды қабылдау өз алдына, осында тұрақтап қалуы да маңызды.
Білім, біліктілік, мейірім, еңбек, адалдық. Бұл – дәрігердің бойында болатын қасиеттер. Бірақ мұның бәрінен де биік тұратын қасиет – шыдамдылық. Әсіресе жас мамандарға шыдам мен сабыр бастапқы уақытта өте қажет. Себебі көбінің бұл салаға келуінен кетуі тез. Басшы ретінде тек емдеу мекемесінің ғана емес, қызметкерлердің де жағдайын қадағалау – менің міндетім. Жасыратыны жоқ, медицина маманының жұмысы қиын. Бірақ таңдаған ісің ұнаса, жақсы көрсең, қиындығына қарамау керексің.
Лилия МҰРАТЖАНҚЫЗЫ,
Уәлиханов аудандық ауруханасының бас дәрігері.