«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сүйікті ұстазыңды есіңе алып ойлағанда ет-жүрегің елжіреп, әлдеқайдан жаныңа бір жылы шуақ құйылып, көл-көсір мейірімге бөленетін кез болады. Сірә, бұл шәкірттің ұстазына деген құрметі, ризашылығы шығар. Шәкірт жүрегіне енген ұстаз – ең аяулы, ең қадірлі ұстаз. Өз басым өмірде ұстаздан жолы болған адаммын. Қолыма қалам ұстаған жылдары көпке танылып, қандай да бір жетістікке жетіп жатсам, ол менің ардақты ұстаздарымның арқасы.

… Ол кезде, кеңес заманында шағын ауылдарда сегіз жылдық мектеп болатын. Орта мектепті аяқ-тау үшін түлектер маңайдағы мектеп-интернатқа барып, білім алатын. Ал мен Жамбыл ауданындағы Үлгі сегіз жылдық мектебін бітіріп, әрі қарай білімімді жалғастыруға Қызылжар қаласындағы №2 Әбу Досмұхаметов атындағы қазақ мектеп-интернатын таңдадым. Ауылда марқұм Сұлтан ағайымнан әріп танып, одан кейін Бектұрған, Қарақат ағайлардан, Гүлжан, Гүлзейнеп, Қымбат, т.б. тәтейлерімнен білім алған мен облыс орталығындағы қарашаңырақ – қазақ мектеп-интернатының табалдырығын имене аттағаным әлі күнге дейін есімде. Мещан тоғайында орналасқан үш қабатты зәулім ғимарат ауылдан енді келген бізге хан сарайындай көрінетін. Кең бөлмелер, ұзын дәліз, жасыл-желекке көмкерілген ауқымды аула, осының бәрі ауыл баласына таңсық-тын.

Қала көрмеген қарадомалақтарды мұнда жүзінен мейірім шуағы төгілген тамаша ұстаздар қарсы алды. Шіркін, сол заманның ұстаздарын-ай, шетінен тұлға, шетінен марғасқа. Осы күні ойласам, әрқайсысы жатқан бір жыр-дастан екен.

Біздің Үлгінің топырағы қасиетті еді… Перзенттері әдебиетке құмар келеді. Бастауыштан “Балдырған”, “Қазақстан пионері”, одан кейін облыстық “Ленин туы” (қазіргі “Soltüstık Qazaqstan”) газетіне шағын шығармаларым жарық көріп жүрген мен қазақ тілі мен әдебиетінен Әлия Ғалымқызы Малдыбаеваның бізге сабақ беретінін естігенде шыны керек, қатты толқыдым. Әкесі елімізге танымал журналист, атақты “Қырым қызының” авторы, белгілі қаламгер Ғалым Малдыбаевты өңірде білмейтін жан жоқ. Сондай әйгілі адамның қызынан білім алу – қандай бақыт. Ұстазымыз ажарлы, даусы күміс қоңыраудай сыңғырлап тұр екен. Ал әппақ жүзінен алтын шапақ нұр төгіліп тұр ғой… Сыныптағы отыз оқушы 45 минут тәтейімізді аузымыз аңқия тыңдаймыз. Бейне бір қисса, ертегі тыңдап отырғандаймыз.

… Содан бері отыз жылдан аса уақыт өтті. Баяғы ауылдан арман қуып келген қарагөздердің алды қазір ата-әже. Ал біздің Әлия Ғалымқызы бұрынғыша әдемі, ақ жүзіндегі оймақтай ғана қара мең артта қалған жәудір жастығының куәсіндей…

Қылышынан қан тамып тұрған кеңес заманында Қызылжардың “маңдайына” біткен жалғыз қарашаңырақта тапжылмастан табаны күректей 43 жыл жұмыс істеу, ұстаздық ету – екінің бірінің тағдыр-талайына бұйырмаған бақ. Әрі бұл қажырлы еңбек пен төгілген тердің тәтті дәмі. Мерейлі мұғалім 43 жылда жүздеген шәкірттерді өмір баспалдағына ақ батасын беріп шығарып салды. Соның ішінде Әлия Ғалымқызының 100-ге жуық шәкірті өзінің жолын қуып, жер-жерде ұстаздық етіп жүр. Енді бұдан асқан бақ бар ма? 43 жылда Ғалым Хамзин, Ғалым Кәдірәлин, Қарақан Сейітов, Жақсылық Мұқажанов сынды мектеп директорларымен, қаншама әріптеспен бірге еңбек етті. Маңдай терін төкті.

“Өмір – өзен. Албырт жастықпен адам баласы ағысқа ілесіп кете береді екен ғой. Біреу бұған мән беріп жатады, енді біреу оны елемейді. Бұл – заңдылық. Алайда жас ұлғая келе: “Бұл өмірде не бітірдім, қоғамға қандай пайда келтірдім, жалпы қалай ғұмыр кештім деген сауал көкейде тұрады екен. Сірә, өмір есебі деген осы болар”, – дейді қадірлі ұстаз бізбен әңгімесінде.

Уақыт жүйрік, бәрі кешегідей көз алдында. Әлия Ғалымқызы өткен өмір белесін былай еске алады: “С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін аяқтап, еліме жолдама алдым. Бұл 1975 жыл еді. Бірақ көңіл шіркін Алматыны қимайды. Жастық шақтың қаласын қиып кету әркімге де оңай болған жоқ. Қоштаса алмай, бір-бірімізді қия алмай ұзақ жүрдік. Әйтсе де, елге қарай жол тартуға тура келді”…

Жоғары оқу орнын бітіріп келген жас маман әкесі мен ағасы Шашубайдың ақылын тыңдап, Петропавл қаласындағы №2 қазақ мектеп-интернатына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасады. Ол кезде ұжымда бірыңғай жасы үлкен ұстаздар жұмыс істейтін. Жалпы интернаттың жұмыс жүйесімен Әлия Ғалымқызы бұрыннан таныс, өйткені мұнда алдындағы апа-ағалары Ақбаян мен Шашубай, сіңілісі Алма, інілері Алтай мен Шәкірбай оқыған. Жас мұғалімге ұжымға сіңісу мүлде қиындық туғызған жоқ. “Білім ордасында мені құшақ жая қарсы алып, бар білген-түйгенін үйреткен әріптестеріме ризамын. Бүгінде олардың дені марқұм болып кеткен, жатқан жері жарық болсын”, – дейді мерейлі ұстаз. Еңбекке енді араласқан жасқа мұғалім мәртебелі мамандық екенін ұғындырған Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі Мәриям Мырзатаева оны қанатының астына алып, зор қамқорлық танытты. Ол кісіден үйренгені өте көп. Әсіресе оқушының дәптерін тексеруге ерінбеуге, ол мұғалімнің грамматикалық сауаттылығын арттыратын тамаша әдіс екенін жете түсіндіргені Әлия Ғалымқызының осы күнге дейін есінде. Оқушыны кітап оқуға баулуға, сыныптан тыс оқу мәселесіне жете көңіл бөлуге үйреткені де жадында.

“Осылайша өмір ағысына еркін ілесіп, еңбекпен табылған нанның тәтті екенін түсіне бастадым. Өз пәніме деген құштарлық пен сүйіспеншілік күн санап арта берді. Менің жолымды қуған алғашқы шәкірттерім де шыға бастады. Бүгінгі күні М.Қозыбаев атындағы университеттің профессоры, филология ғылымының кандидаты Жанар Таласбаева, осы университет ұстазы Жанар Құлыбекова, ғылыми-зерттеуші шәкіртім Назым Өмірсейітова, белгілі журналист Гүлнәр Бекенова, озық инновациялық әдістемелерімен елімізге таныла бастаған білікті ұстаз Зухра Ауғанбаева және т.б. атап кетуіме болады”, – дейді аяулы ұстаз.

Тәуелсіздік бізге Тәңірден келген үлкен сый болды. Сол кездері бөркімізді аспанға ата қуандық. Өмірімізге жақсы өзгерістер енгені белгілі. Ұстаздың ғұмырындағы жауапты кезең де осы кез еді.

“1989 жылы мемлекеттік тілге ерекше мәртебе берілген тұста өмір бойы “Петропавл – орыстың қаласы” деген пікірге де өзгеріс ене бастады. Сол уақытқа дейін Петропавл қаласындағы №2 мектеп қазақ тілінде білім беретін жалғыз оқу орны болатын. Одан кейінгі қарашаңырақ облыстық “Ленин туы” газетітін. Қаланың көбі – орыстілді қазақтар. Олардың балалары орыс мектебінде оқыды. Оның ішінде өзіміз ұстаздық еткен мектеп мұғалімдерінің балалары да орыс мектебінде білім алды. Облыс аумағында қазақ тілі мұғалімдері де тапшы сол кезде. Қазақ мектептері аз, қазақ тілі сабақтарына сағаттың аз бөлінетін кезі. 1989-1990 оқу жылында облыстық білім басқармасы мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру жайында ерекше бастама көтеріп, №2 қазақ мектеп-интернатының сол кездегі директоры Қарахан Сейітұлы Сейітовке өңірге тіл мамандарын даярлау үшін осы мектептен қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын арнайы сыныптар ашу мәселесін өткір қояды. Арнайы бұйрық шығарылады. Жауапты жұмыс маған жүктелді. Әрине, алғашқыда мен келіспедім. Қандай да бір түсінік хат, не оқулық, не бағдарламасы жоқ бұл сыныптарға сабақ беру жеңіл болмайтынын түсіндім. Бағдарлама 9-11 сыныптарға арналуы керек. Әйтсе де қарап отыратын уақыт жоқ, сонымен істі бастауға тура келді. Бағдарламаны өзім жасауға бел будым. Ғалымдардың еңбегіне сүйеніп, күн-түн отырып жаздым, сөйтіп, бағдарлама да дайын болды-ау”, – деп еске алады қадірменді ұстаз.

Өткен күндер де тарих шежіресіне айналды. Осы оқиғаның өзі ерлікпен пара-пар еді. Сол тұстағы мектеп директоры, жалпы ұжым Әлия Ғалымқызына ерекше сенім артты, ал біздің ұлағатты ұстазымыз сол үдеден шыға білді.

1992 жылы тереңдетілген сыныптың алғашқы қарлығаштары (22 оқушы) Петропавл, Көкшетау, Алматы, т.б. жоғары оқу орындарының филология факультеттеріне түсе бастады. Әсіресе Петропавл мен Көкшетауға түлектер басым барды. Осылайша тереңдетілген сыныпты 3-сыныптың оқушылары бітіріп шықты. Әр сыныпқа 27 оқушы қабылданған еді. 1990 жылдардың басында М.Қозыбаев атындағы университетте де қазақ бөлімдері ашыла бастады. Соның бірі қазақ филологиясы кафедрасытын. Әлия Ғалымқызының шәкірттері кафедраның табалдырығын аттап, маман бола бастады. Олар облыс аумағындағы мектептерге жұмысқа орналасты. Сол жылдары қазіргі Қожаберген жырау атындағы №6 мектеп, Сафуан Шаймерденов атындағы қазақ классикалық гимназиясы, әл-Фараби мектеп-лицейі, Ж.Тәшенев атындағы №20 мектептердің шаңырағы жарқырай көтерілді.

Ал Әлия Малдыбаева тәтейіміз қызмет істейтін №2 қазақ мектеп-интернатының мәртебесі өзгеріп, Қазақ реалды гимназиясы, кейін дарынды балаларға мамандандырылған Кеңес Одағының Батыры Әбу Досмұхамедов атындағы мектеп-гимназиясына айналды. Дарынды балаларға білім беру мәселесі күрделене түсті. Арнаулы курстар ашуға тура келді. Осы кезде де тығырықтан Әлия Ғалымқызының зерттеушілік қыры алып шықты. Өңірдің оқулықтарға енбей қалған ақын-жазушыларының шығармашылығына арнап “Есіл өңірінің әдебиеті”, “Мағжантану” сияқты бағдарламалар жасады. Олардың ішінде Шал ақын, Әлібай Игібаев, Зейнел-Ғаби Иманбаев, Ахметжан Нұртазин, Ғалым Малдыбаев, Герольд Бельгер, Есләм Зікібаевтар болды. Бұл жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын таныстыру мақсатында 10-сыныпқа негізделген оқу жоспарытын.

Сол кездері ұстаздар қауымы Астана қаласындағы “Дарын” ғылыми-практикалық орталығымен етене жұмыс істеді. Осы орталықтың қолдауымен 8-сыныпта қазақ тілін бейіндік оқыту, 5-сыныпта “лексиканы оқыту” әдістемесі, 5-6-сынып оқушыларына арналған “Әдебиет – этноэкологиялық рухани бұлақ” деп аталатын әдістемелік құралдар жарыққа шықты.

Мұғалімнің жемісті еңбегінің нәтижесі білім жарысында көрінеді. 1988 жылы Алматыда қазақ тілі мен әдебиетінен тұңғыш рет республикалық олимпиада ұйымдастырылды. Осы додада ұстазымыздың шәкірті Анар Нұрпейісова жүлделі екінші орынды иеленді. Ал 1991 жылы республикалық олимпиадада 9-сынып оқушысы Фарида Тұяқова І-дәрежелі дипломмен марапатталды. Одан кейін Жанар Рамазанова топ жарып, жүлделі екінші орынды екі мәрте жеңіп алды. Ботагөз Сәдуақасова, Ақбота Әліпова, Нұржан Сейілбеков және т.б. оқушылар білім додасында жоғары нәтижесімен ұстазымыз бен мектебіміздің абыройын асырды. Қазір осы шәкірттердің бәрі де жауапты қызмет атқарып, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүр.

Мектепте ұстаздық етіп жүрген жылдары Әлия Ғалымқызы республикалық, облыстық газет-журналдарға мазмұнды мақалалар, зерттеу еңбектері мен әдістемелік кеңестер жазды. Қарап отырсақ, олардың саны 400-ге жетіп жығылады екен. Солардың ішінде “Мағжанның ақындық-азаматтық тұлғасы”, “Абай жолы – халықтық педагогиканың қайнар көзі”, “Зейнел-Ғаби Иманбаев шығармашылығының көркемдік сипаты”, “Қырым қызының” қырмызылығы туралы” (әкесі Ғ.Малдыбаевтың шығармашылығы жайында), “Тұншыққан тілге тыныс керек”, “Ар-ұятым, асылым – тілім менің”, т.б. көкейкесті мәселелерге арналған материалдар бүгінгі күннің өзекті тақырыбын қозғады. Сол сияқты “Қазақстан мектебі”, “Қазақстан мұғалімі” басылымдарында жастарға сан қилы көмекші әдістемелік нұсқаулықтар жарық көрді.

2005 жылы тіл саясатын жетілдіруге байланысты білім департаменті Солтүстік Қазақстан облысында қазақ тілі мен әдебиеті зертханасын ашу туралы бұйрық шығарды. Сенім бұл жолы да Әлия Ғалымқызының мойнына түсті. Сөйтіп, білікті ұстаз зертхана жетекшісі болып тағайындалды. Зертхана Әлия Ғалымқызы қызмет ететін №2 мектептің базасында ашылды. Оған 17 мұғалім мүше болды. Әрине, оның көбі жастар еді. Мақсат – ұлттық мектептерде қазақ тілін инновациялық тұрғыдан тиімді оқыту. Зертхана жұмысы аясында түрлі ашық сабақ үлгісі, тақырыптық семинарлар, өнерлі оқушылардың шығармашылығын дамыту сияқты іс-тәжірибелер көрсетілді. Мәселен, Сергеевка қаласындағы №2 қазақ мектебінде, Аралағаш орта мектебі мен Бескөл қазақ мектебінде көшпелі зертхана отырыстары ұйымдастырылды. Кейін білім жетілдіру институтының көмегі арқылы “Пайдалы нұсқаулық” деген атаумен жинақ жарыққа шығып, өңірге таратылды. Бұл да өңірдегі жас мамандарға көрсетілген үлкен қолдау еді.

2011 жылы аяулы ұстазымыз Әлия Малдыбаева заңды түрде зейнеткерлікке шықты. Мектеп директоры, марқұм Гүлжан Жұмашқызы босатқысы келмей, 2018 жылға дейін жұмыс істеуге мүмкіншілік берді. Әлия тәтейіміз аз сағат алып, мектеп мұражайының қызметін ретке келтірді. Ұстаздар мен оқушылардың мәліметтерін кеңейтіп жетілдірді. Бұл мектептің сонау 1935 жылы ашылғанын біреу біледі, біреу білмейді. Міне, осындай игі істерді үлкен ыждаһаттылықпен атқарған Әлия Ғалымқызы қазір өмірлік қосағы Серік ағай екеуі немерелерінің ортасында шат-шадыман ғұмыр кешуде. Интернат пен үйдің ортасында шауып жүріп екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Алмаз – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде басқарма басшысы. Екінші ұлы Ерназ “ҚазМұнайГаз” компаниясында қызмет етеді. Қызы Гүлсая жұбайы Асхаттың қызметіне байланысты Бельгияда тұрады. Әлия Ғалымқызы – бүгінде сегіз немересін бағып-қағып отырған бақытты әже.

Мағжан ақыннан: “Алты Алаштың баласы жиылса төрдегі орын – ұстаздікі” дейтін бір тамаша тәмсіл қалған. Адамзат қай кезеңде де ұстазға ерекше құрмет көрсетіп, пір тұтқан. Ал маған мына жарық дүние аяулы ұстаздардың арқасында гүлденіп, құлпырып, шуақ шашып тұрғандай болады.

Таяуда қадірменді ұстазымыз, білім беру ісінің құрметті қызметкері Әлия Малдыбаева мерейлі 70 жасқа толады. Аман жүріңіз, асыл ұстаз. Ұзақ жасаңыз. Қуанышыңыз көп болсын!

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ,

журналист, мемлекеттік “Дарын” жастар сыйлығының иегері.