“Көкте – Күнмін, көпке нұрым шашамын…”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров қазақтың біртуар перзенті, арқалы ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған “Мен жастарға сенемін!” атты челленджге қатысып, Алаш ардақтысының “Мен кім?” деген өлеңін мәнерлеп оқып берді.

“Биыл қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Алаш қайраткері, жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толады. Осыған орай, Мағжан Жұмабаев ауданының оқушысы Жасмин Қалдыбек “Мен жастарға сенемін” челленджін бастады. Бұл жақсы бастаманы еліміздің белгілі азаматтары қолдап, Мағжан атамыздың өлеңдерін оқып жатыр. Мен өз кезегімізде облыстың құрметті азаматы, Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты, “Мағжан” журналының бас редакторы Жарасбай Қабдоллаұлы Сүлейменовтен эстафетаны қабыл алып, сіздерге ақынның “Мен кім?” өлеңін оқып беремін. Бұл челленджді Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Ольга Валентиновна Перепечинаға және облыс аудандарының әкімдеріне жолдаймын”, – деп жазды Айдарбек Сейпілұлы әлеуметтік желідегі парақшасында. Өңір басшысы:

“Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?

Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?

Көкте – бұлт, жерде – желмін гулеген,

Жер еркесі – желдің жөнін кім сұрар?” – деп бастап,

“Өзім – Тәңірі, табынамын өзіме,

Сөзім – құран, бағынамынсөзіме.

Бұзушы да, түзеуші де өзіммін,

Енді, ескілік, келдің өлер кезіңе!” – деген шумақтармен аяқтады.

Аталған челленджді осыдан екі аптадай бұрын ақиық ақынның құрметіне Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар ауылының 12 жастағы оқушысы Жасмин Қалдыбек бастап, эстафетаны жалғастыруды “Amanat” партиясының төрағасы Ерлан Қошановқа ұсынған еді. “Жастарымыздың, балаларымыздың ұлт тарихы мен руханиятына деген құштарлығы бізді ерекше қуантады”, деп ыстық лебізін білдірген Ерлан Жақанұлы ұсынысты қабыл алып, эстафетаны әрі қарай елге танымал азаматтарға жолдаған-ды.

Солтүстік Қазақстан облысында “2023 жыл – “Мағжан жылы” ретінде жарияланып отыр. Ақынның мерейтойына орай өңірде әдеби, мәдени, рухани, танымдық іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp