«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Миллион Назарға бұйырды

Нұргүл Оқашева

 nurgul.okasheva@mail.ru

Қасиетті Қызылжар өңірінде дү­ниеге келіп, қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан ақын­дардың қатарында Шал ақынның есімі ерекше аталады. Шал ақын (шын есімі Тілеуке) – XVIII ғасыр­дағы әдебиетіміздің ірі өкілдерінің бірі. Биыл туғанына 275 жыл то­латын тұлғаның шығармашылы­ғын жастар арасында кеңінен наси­хаттау мақсатында Ғабит Мүсі­репов атындағы балалар мен жас­өспірімдер кітапханасында “Мил­лион кімге бұйырады?” деген атау­мен зияткерлік ойын ұйымдасты­рылды. Бұл шарада Абай атында­ғы қазақ мектеп-гимназиясы мен Ж.Тәшенев атындағы №20 орта мектептің оқушылары екі топқа бөлініп, өзара сайысты.

Шал ақын – Абылай ханның замандасы. Ал оның анасы – үйсін тайпасынан шыққан атақты Төле бидiң қызы. Оның кiшкентайынан үлкендерше сөйлеуiне, төрде оты­рып, төрелiк айтқанына қарап жұрт Шал атап кетедi. Зерттеушi­лердiң айтуы бойынша, Шал ақынның тұңғыш өлеңi – “Өлеңге тоқта­майды Шал дегенiң”. Шал ақын өлеңдерінде өзгеше әуез, жазба поэзияның құнарлы өрнек­тері жиі кездеседі. Өлеңдерінің әр қатары терең ойға, ғибратты мәнге құ­ры­лады. Ақынның сөз саптауы да, өлең ырғағы да өзіне дейінгі қазақ ақындарына ұқсай бермей­ді. Ауыз әдебиетін қанып іш­кен оның жырлаған тақырыбы мен дүниені тану шеңбері кең. Аума­лы-төкпелі кезеңдерде ұлт руха­ниятын күзетіп, шөлдеген рух­қа бал татырған жігерлі де жар­қын жыр иесінің біршама мұрасын ке­зінде Мұхтар Мағауин арнайы зерт­теп, халық арасынан жинап хатқа түсірген.

Зияткерлік ойын барысында осы және өзге мәліметтер кеңінен қамтылды. Топ басшылары үлкен экран арқылы көрсетілген сауал­дарға жауап беріп, ұпай жинап отырды. Олар сұрақтардың қиын­дығына байланысты “Мұғалімге қоңырау шалу”, “елу де елу”, “Зал­дың қолдауы” сынды үш көмекті ала алды. Шал ақынның өлеңде­рінің жалғасын мүдірмей тапқан, оның өміріне терең бойлай білген Ж.Тәшенев атындағы №20 мек­тептің оқушысы Назар Нұранов бас бәйгеге ие болды. Оған бағалы сыйлық табыс етілді.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp